Елде аптасына 50 мыңнан астам адам індет жұқтырып жатыр
Елде тамыз айынан бастап коронавирус инфекциясының таралу индексі 14 пайызға төмендеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Министр атап өткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша дельта штамы әлемнің 142 елінде таралған. ДДҰ алты өңірінің төртеуінде шілденің екінші жартысында сырқаттанушылықтың өсуі байқалғанын мәлімдеген. Ал Қазақстанда 20 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 індетінің оң нәтижесімен 723 064 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 67 141 жағдай тіркелген. КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 83 пайызы, яғни оның ішінде КВИ-дің оң нәтижесімен 597 850 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 57 455 науқас сауығып шықты. «Елдегі эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан және елдің 16 өңірі қызыл аймақта орналасқан. Жасыл аймақта тек Түркістан облысы ғана тұр. Соңғы үш апта ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталғаны байқалады. Бір аптаның ішінде орташа есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркелуде, осы аптаның өткен 4 күнінде КВИ-дің оң нәтижесімен 28 588 жағдай және КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 376 жағдай тіркелді», - деді Алексей Цой. Министр мәлім еткендей, 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14 пайызға төмендеген. Инфекциялық төсек-орынмен қамту 52, реанимациялық төсек-орынмен қамту 48 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орындарының жоғары қамтылуы Ақтөбе облысында 77, Қызылорда облысында 66, Алматы қаласында 63, Алматы облысында 60 пайыз екені байқалады.