Қазалыда 50 шақырым жол жөнделеді
Kyzylorda-news.kz. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айталық, биыл бөлінген қаржыға аудандық маңызы бар 50 шақырым жол мен елді мекенішілік 33 көше жөнделеді.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Биылдың өзінде кентте 2 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, көптеген көшелерге асфальт пен қиыршық тас төселді. Бұл әрине барлық проблемалық мәселе шешілді деген сөз емес. Әлі де асфальт төселіп, гравий тас қажет ететін көшелер саны аз емес.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентін аралап, шеткі көшелердің жай-күйімен танысты. Аудан орталығындағы Т.Бөріқұлақов пен Ә.Молдағұлова, Қарасақал Ерімбет тұйығы, Н.Бекежанов көшесі мен тұйығы, Жастар көшесінде болып, мәселелердің мән-жайын көзбен көрді.
Әйтеке би кентін аралау кезінде Н.Бекежанов көшесінің тұрғыны Серік Қожақов өзінің бірқатар өтініш-тілектерін аудан басшысының назарына ұсынды.
Көше тұрғынының айтуынша, жаңбыр жауған уақытта көшемен жүру мектепке баратын балаларға қиындық туғызады.
Сондай-ақ, көше бойындағы көне электр бағандарын алып, ондағы электр желісі мен жарықшамдарды жаңа бағандарға көшіру жөнінде ұсынысын жеткізді.Аудан басшысы көшеге жақын күндері қиыршық тас төселетінін жеткізді. Ал, көне бағандарды тұрғындар рұқсат берсе КРЭК мекемесі алып, жарықшамдарды жаңа бағандарға көшіретінін айтты.
Жастар көшесінің тұрғындары жарықшам мәселесін қозғап, мүмкіндік болса көмек көрсетуді сұрады. Басқа мәселелердің барлығы шешімін тапқанын айтты.
Одан бөлек, Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров тұрғындар тарапынан Қ.Сәтбаев тұйығынан спорт алаңын салу жөнінде ұсыныс түскенін айтып, спорт алаңы салынатын орынды аудан басшысына көрсетті.