Саңлақтар салған сара жол
Көпшіліктің ойына Мұстафа Өзтүрікті оралтатын таэквондо спортының аудандағы ахуалы көңіл қуантады. 2000 жылы жұмысын бастаған мектептің шығыс жекпе-жек өнеріне баулитын бөлімінде бүгінде 100-ге жуық жас бар. 5-16 жас аралығындағы қабылдайтын ұжымдағы өрендердің аяқ алысы жаман емес. Қандай додаларда болмасын қоржындары құр қайтпайды. Бүгінде облыстағы үздік үштіктер қатарынан түспей келеді. Бөлімнің жаттықтырушысы Дәулет Қадіров 2014 жылдан бері ауданда таэквандоның одан әрі жандануына өз үлесін қосып жүр. Ол таэквандодан қара белбеу, 1 дан иегері. Оның айтуынша, мұнда асығатын жастардың қарасы қалың. Олардың басым бөлігі нәзік жандылар.
– Мен 2000 жылы ауданда осы спорт түрімен шұғылданғанмын. Шығыс жекпе-жегіне деген қызығуышылығым сол сәтте оянды. Түрлі сайыстарға барып, жақсы нәтиже көрсете білдім. Кейін оқуға кетіп, 2014 жылы осында жұмысқа орналастым.
Шыны керек, мектеп жасындағы оқушыларды салауатты өмір сүруге тәрбиелеу қазіргі заманның басты талабы. Табиғатта жан мен тән үйлесім таппай денсаулықтың да болмайтыны әрбір жас ұғынуы, түйсінуі қажет деп есептеймін. Шығыс күрестеріне жататын ұрыстық спорттың бұл түріне қыз балалар көптеп асығады. Олар жақсы жетістікке жетіп, аз уақыт ішінде үйреніп кетеді. Менің басты мақсатым – Қазалы ауданынан елге, әлемге әйгілі, байрақты бәсекелерде топ жаратын жастарды дайындап шығару, – дейді бапкер.
Расында мұндағы жасөспірімдердің жетістігі қуантады. Оған маусым айының 2-7 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен балалар арасындағы Қазақстан чемпионатындағы көрсеткіш дәлел. Жаттықтырушы мұнда шетінен сен тұр мен атайын деген 10 спортшыны сайлап барған. Ақырында оның 8 жүлделі орын еншілеген.
Бір аптаға созылған додада Айзере Бақытбек пен Кәусар Серікбай үшінші орыннан көрінсе, Мадина Серікбай, Нармин Тоғай, Айару Темірбек пен Жарылқасын Бөлекбайлар 2 орынды қанағат қылған. Ал Інкәр Сабырбек пен Әсел Сайын ақтық мәреде қарсыласын ойсырата ұтып, бірінші орынды еншілеген.
Қазір Дәулет Қадіровтың шәкірттері сапында Республика көлемінде аудан абыройын асқақтатып жүрген қос ару бар. Олар Әсел Қуандыққызы мен Ақбота Бессалы. Екеуі де Қазақстан таэквандошылар құрамасында. Апалы-сіңлідей болып кеткен қыздар талай бәсекеде топ жарып жүр.
Айтпақшы, өткен мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында таэквондодан 2004-2006 жылғылардан құралған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының V жастар ойыны өтті. Онда елдің түкпір-түкпірінен келген 18 спортшы бақ сынасты. 4 жылда бір өткізілетін додада өзгелерден дараланған Әсел Қуандыққызы 46 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, қола жүлдені қанжығасына байлады.
– Спорттың бұл түрі адамның ішкі мәдениетін, мінез-құлқын, тәртібін, ерік-жігерін тәрбиелейді, жауапкершілік сезімін дамытады. Таэквондо сабағының үстінде оқушылар жылдамдықты, ойлау қабілетін, интуицияны, өзінің денесімен өз көңіл-күйін басқара білуге машықтанады. Тіпті физикалық жағынан әлсіз адамға өзіне сенімді болуға, және өзгелерді қорғауға мүмкіндік береді. Сәтін салса әлі талай биіктерден көрінемін, – дейді спортшы ару.
Бүгінде Әсел Қуандыққызы Қазақстан чемпионатынан жүлдегер, спорт шеберіне кандидат, Ашық Азия ойындарының қатысушысы.
Көздерінен от көрінген жастардың дайындық алаңындағы шеберліктерінде сөз жоқ. Барлығы елдің еңсесін көтеруге, рухын өрлетіп, намыс туын желбіретуге, сананы буғаулаған темір шынжырды кесер алдаспан қылыштай жарқырап тұр. Ондағы жастардың келешек ел атын шығарып, биіктен көрінетініне сенім білдірдік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК