Серікбол ел намысын қорғайды
Жақында Ресей Федерациясының Қазан қаласында белбеу күресінен өтетін әлем біріншілігіне қазалылық балуан Серікбол Сембиев жолдама алып, ел намысын қорғайды дегенді естігенде көңіліміз көкке бір елі жетпей қалғанын қалай жасырайық?! Себебі, әлемнің әр түкпірінде қарыштап дамып келе жатқан бұл спорт түрімен ауданда айналысушылар саны саусақпен санарлықтай ғана.
Осы арада белбеу күресі туралы оқырмандарға аз-кем мәлімет бере кеткен жөн шығар. Өйткені, Қазалыда кенжелеу қалған бұл балуандар бәсекесі туралы бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Белбеу күресі – белі байланған екі жауынгердің өзара жекпе-жегін көрсететін ежелгі күрес түрі. Спортшылар сайыс кезінде бір-бірін белбеуден ұстап, белдеседі және әрқайсысы өз қарсыласын жығуға және жеңуге тырысады.
Серікбол бүгінгі таңда Қазалы спорт клубында дзюдо жаттықтырушысы болып еңбек етіп, жастарды бұл спорт түрінің қыр-сырына қанықтырып жүр. Оған қоса, өзі де жаттығу жұмыстарын жүргізуді ұмытпай, белбеу күресінен өтетін жарыстарға қатысады. Жетістіктері де жаман емес. Өткен жылы Ақтөбе қаласында белбеу күресінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына алғаш рет қатысқанына қарамастан, жеңіске деген жігерлілігінің арқасында қола медальға қол жеткізді. Биыл да Астана қаласының 20 жылдығына арналған белбеу күресінен ел біріншілігіне қатысты. Бұл жолғы сайыстың орны ерекше болды. Себебі, байрақты бәсекеде Серікбол күміс медаль иегері атанып, белбеу күресінен Қазақстан Республикасының “Спорт шебері” атағын жеңіп алды. Сондай-ақ, Астана қаласында өткен жарыстың қорытындысымен Әлем чемпионатына қатысатыны белгілі болды.
– Менің жеңіске жетуіме бапкерім Нұрболат Әбиевтің үлесі зор. Жаттықтырушымның ақыл-кеңестері мен қолдау көрсетуінің нәтижесінде үлкен көрсеткіштерге қол жеткіздім. Амандық болса, Татарстанда өтетін Әлем чемпионатында Қазақ елінің көк туын желбіретіп, жеңіске жетсем деген арманым бар. Сол үшін де бапкеріммен бірге дайындық жұмыстарын бастап та кеттік, – дейді Серікбол Сембіұлы.
Сәттілік серігің болсын, Серікбол! Бұйырса, “Қазалының қайсар ұлы әлемді бағындырды” деген сүйінші хабарды оқырмандарға жеткізетін күнге жетейік.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ