Қызылордада шыны зауыты іске қосылады
Қызылорда облысында шыны зауыты биыл іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірде биылғы жылдың 6 айында өңдеу өнеркәсібі саласында 79,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Былтыр есептік мерзімде бұл көрсеткіш 69 млрд. теңгеге тең болды. Яғни биыл салада 14,6 пайызға өсім бар. Облыстағы индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында жоспарға енгізілген жобалар баршылық.
Аймақта жалпы құны 543 млрд теңгені құрайтын 41 жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалар іске қосылғанда 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Ал индустрияландыру бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдықтары аясында өңірде құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асқан. Сол арқылы 1 мың 700 жұмыс орны ашылған еді.Соның нәтижесінде биылғы жылдың 6 айында 22,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріліп, цемент, тұз, балық, пропан-бутан, аммоний метаванадаты сынды 5 түрлі өнімді 12 елге экспортталған.
Шыны зауытының құрылысы құрылысы 85%-ға, монтаждау жұмыстары - 37%-ға орындалған. Зауытты іске қосу мерзімі 2021 жылдың II жартыжылдығына жоспарланып отыр.
«Біз өз тарапымыздан – зауыт үшін барлық инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын орындадық. Енді қалғаны – балқыту ваннасы мен күйдіру пешінің жабдығын монтаждау. Бұл жұмыстарды орындау елімізде жоқ, жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Карантиндік шараларға байланысты жабдықтау монтаждау бойынша мамандар елге келе алмады. Дегенмен, Үкіметтің арнайы комиссиясының рұқсатымен осы жылдың сәуір айынан бастап шетел мамандары зауытқа келіп, пештің өру жұмыстарын бастады.
Шыны зауытының іске қосылуымен біз кем дегенде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Инвесторлармен бірлесіп шыны зауытының айналасында 2 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Барлық ілеспе өндірістердің айналасында жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 400 жұмыс орны ашылмақ. Одан басқа жобалар да жоспарға сәйкес іске қосылатын болады», деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев