Газдандырудан соң көмірдің жайы не болмақ
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев магистральды газ құбырын салудың Астананың экологиясы және көмір өндірісіне әсер етуіне қатысты өз болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің сөзінше, Астанада жыл сайын қоршаған ортаға шамамен 100 мың тонна ластаушы зат шығарылады. Оның 50%-дан астамы - автокөлік қалдық газдарының үлесінде, ал 35% - жылу-энергетикалық кешенге, яғни 192 жеке үй, 48 коммуналдық қазандық, бірнеше ЖЭО-на тиесілі. Ластаушы заттардың шамамен 10%-ы жеке секторлардан болады.
«Егер бұлардың барлығын газға ауыстырсақ, шығындылар азаяды. Осылайша, 30 мың тонна ластаушы затты қоршаған ортаға жолатпаймыз. Сонымен қатар, автокөліктерді сығымдалған табиғи газға көшіруге болады. Бұл бензин және дизель отынын айтпағанның өзінде, сұйытылған газбен салыстырғанда әлдеқайда арзан», - деді Қанат Бозымбаев «Хабар» телеарнасындағы Елбасының бес әлеуметтік бастамасына арналған «Дамудың бес қадамы» атты арнайы бағдарламада.
Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев елде өндіріліп жатқан көмірдің жағдайы туралы пікірін білдірді.
«Көмірге қатысты ахуал туралы менен көп сұрайды. Негізі, арнайы стратегия бар. Көмір химиясына, көмірді байытуға қарай көшу керек. Бұған қоса бірқатар елдер көмір жағуды жалғастырып келеді. Өткен жылы экспорт географиясы түбегейлі ұлғайды. Біз Ресеймен порттарға шығу үшін арнайы рұқсатнама арқылы жұмыс істедік. Мемлекет миллионнан астам тонна көмірді Еуропаға сатты, Финляндияға, Жапонияға экспорттауды бастадық, алайда Орталық Азия мен Ресейге шығу тұралап тұр», - деді министр.
Айта кетейік, мұның алдында Қ.Бозымбаев «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша магистральды газ құбырының құрылысы туралы баяндама жасаған еді. Белгілі болғандай, газ құбырының құрылысы үстіміздегі жылдың шілде айында басталып, 2019 жылдың соңына дейін аяқталмақ.