Нұрғиса Жалғасбаев: «Бұл сайлау бұрынғысынан өзгерек»
Биыл ауылдық округ әкімдерін сайлайтын пилоттық жоба жүзеге асатынынан дүйім жұрт хабардар. Өйткені лауазымды тұлғаны халық өзі сайлайды. Осы күннің өзінде жексенбіде өтетін науқанға дайындық қызу жүріп жатыр. Әсіресе аудандық сайлау комитетінің жұмысы қауырт. Бүгінде учаскелер тақталып, санитарлық талаптарға сай жасақталып жатырғанын білдік. Ал әкімдікке саяси партия атынан кандидат азаматтар «Есіктен есікке» акциясы аясында ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдап, үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізіп үлгеруде. Осы және өзге де шаралар жайында жақында «Nur Otan» партиясының Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаевпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Нұрғиса Жаппарбергенұлы, биыл сайлау ісінде тарихи жағдай орын алды десек болаты шығар. Науқанның өзгешелігі туралы не айтасыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында елдегі саяси мәселелерге баса назар аударып, кеңінен тоқталғаны баршымызға белгілі. Әсіресе, ауыл әкімдерін сайлау туралы айтқаны елең етер жаңалық болып, осы уақытқа дейін талай талқыға түсті. Президенттің бастамасын ескерген Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдады.
Енді ауыл халқы өз басшысын сайлау жүйесі арқылы таңдау мүмкіндігіне ие болады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында сайлау жүйесінің қайта жаңғырғаны айтулы жаңалықтардың бірі десек болады. Заң аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері партия атынан ұсынылып, бақ сынайтын болады. Қазалы ауданында биылға 3 ауылдық округте сайлау өткізіледі. Олар Ғ.Мұратбаев, Өркендеу, Қарашеңгел ауылдық округтері екені мәлім.
– Әкім болуды мақсат тұтқандар кімдер?
Саяси партия атынан үміткерлер қатарында Рыстығұл Абай Қоңырбайұлы, Әбен Рахметолла Маратұлы, Әлмұрат Қонысбай, Үргенішбай Нәби Мәлиұлына, Әнес Талғат Қаруұлы, Рсалы Болатбек Сырашұлы сияқты азаматтар бар. Олардың көпшілігі ел арасында, басшылық қызметте болғандықтан тәжірибелері жеткілікті деп ойлаймын. Оның үстіне жас та болса бас болып жүрген Рахметолла сында жігіттер бәйгег қосылды.
Ерекше атап өту керек, қазіргі таңда халық арасынан Ғ.Мұратбаев, Өркендеу ауылдық округтерінен өз өтініштеріне сәйкес 3 кандидаттан ұсынылды. Қарашеңгел ауылдық округі бойынша өтініш түскен жоқ.
– Үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары қандай? Нендей мәселелерді шешуге қауқарлы?
– Негізінен «Nur Otan» партиясы парламенттік және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауынан кейін өз сайлауалды уәделерін орындауға шындап кіріскені мәлім. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен Жол картасы бекітілді. Партия Лидері – Елбасының алға қойған міндеттерін ескере отырып, өңірде партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасауды қамтамасыз ететін ауданда Қоғамдық кеңестер құрылды. Қазіргі таңда аталған қоғамдық кеңес мүшелері ауданымызда да қарқынды жұмыс істеуде.
Партия атынан ауыл әкімі лауазымына ұсынылған кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары партияның ұстанымдарымен толық үндеседі. Үміткерлердің бағдарламаларында тиісті ауылдың өзекті мәселелері мен олардың шешілу жолдары толық қамтылған. Мәселен қазір әкім болуға үміткерлер ауыл іші мен кіре беріс жол салу, әлеуметтік мәселелерге байланысты бағдарламаларымен таныстырып жүр.
– «Nur Otan» партиясының алдағы жоспарларымен бөлісе кетсеңіз...
– Осы сәттегі ең басты мақсат елдің мүддесі үшін лайықты әкімді тағайындау. Кейін бұл науқанның көлемі ұлғая түседі. Осы жолда жұмыла қызмет ету парызымыз деп білеміз. Елбасы Нүрсұлтан Назарбаев нұротандықтардың басты үш қағидаты – жауапкершілік, командалық рух, партия идеалдары мен құндылықтарына беріктік екенін үнемі еске салады. Сондықтан біз межеленген жоспарлар мен сайлауалды уәделеріміздің барлығын партия белсенділері мен жақтастарымен жұдырықтай жұмыла отырып, бірге жүзеге асыратын боламыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ