Солтүстік шақырады
Патша үкіметі отарлық қамытын салғанша қазақ халқы Тұран бойында тұралап қалған емес. Ұлан-ғайыр атырапта ауа-райының жайлылығына, төрт-түліктің жайылымына байланысты көшпелі өмір салты қалыптасты. Алтай мен Ертісті тәуелсіз ұрпаққа аманаттау мақсатында үш жүзге топтасып, басқа хандықтардың шекараларында шекірейіп тұрды. Көз алартқандардың алып күшін өзге аймақтағы бауырлар келгенше тежей алды да, қалың қол біріге сала жерімізден жау әскерін тырқырата қуды. Мұны неге айтып отыр дерсіз. Бүгінде қой үстінде бозторғай жұмыртқаласа да бабалар салған сара жолға түсу қажеттілігі тұр. Өйткені бейбіт күннің экономикалық қақтығысында солтүстік өңірлер еңбек «сарбаздарына» мұқтаж. Оның үстіне бүгінде онсызда үдере көшкен өзге ұлт өкілдерінің күнелткен жерін қаймана қазақтың мекеніне айналдыру міндеті тұр.
Төркінін тапқан жатжұрттық
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған тұста аласапыран басталып кетті. Жұрт қайда қаларын немесе көшерін білмей дал болды. Бұл тұста осындағы орыс ұлтын айыптау да негізсіз секілді. Өйткені шекара жабылып, оларға Қазақстан азаматтығы берілді. Әрине ерікті түрде. Бұған дейін ешкімнен құқай көрмеген жұрт «бұдан кейін де беймарал өмір сүре береміз» деп ойлаған еді. Бірақ қазақтың: «Өз еліңде сұлтан бол» деген тәмсілі түйсігінде қалған ба, тарихи отандарына оралуда. Соның есебінен солтүстікте адам қарасы азайып, зауыттар мен өндіріс орындарында жұмыс күші азайды. Тіпті кейбір көрші елге жақын ауылдар иесі жоқ тастанды мекенге айналған. Салыстыру үшін айта кетейік, қазір Қазалыда 80 мыңға жуық тұрғын болса, Павлодардың аудандарындағы халық саны он мыңнан әрең асады. Мәселен Успенка ауданында 14 мың жан тұрады.
– Біз кез келген отбасын қабылдауға дайынбыз. Көшіп келген отбасы өзі таңдап, бір ауылдан үй сатып алуы керек. Ал біздің тараптан түрлі көмек, қаражаттар бөлініп, жер бөліп береміз және жұмыспен қамтылатын болады”, – дейді Успенка ауданының әкімі Саламацкий Сергей Иванович.
Шөбі құнарлы, табиғаты жайлы мекеннен көшкендердің де уәжі бар. Олар жалақының аздығын, зейнетақының төмен төленетінін алға тартады.
– Мен 10 жылдан бері Тюменьде тұрамын, ательеде жұмыс істеймін. Петропавлдағыдан бірнеше есе көп табыс табамын. Мұнда жұмыс көп, – дейді Юлия Рудовская. – Осы жылдар ішінде мен петропавлдық достарыма және әріптестерімді Рсесейге көшуге көмектесіп келемін. Меніңше, көшетін адамдардың ағымы әзір азаймайды. Көптеген қандастарым ата-аналарын да ертіп келеді. Өйткені зейнеткерлер мұнда көптеген әлеуметтік жеңілдіктерге ие. Мысалы ақысыз саяхат, айына бір рет емханалардағы «Денсаулық күні» және ешқандай тіркеусіз ақысыз тексеруден өте аласыз, – дейді Юлия.
Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, 2018 жылы 3548 солтүстікқазақстандық ТМД елдеріне көшіп кетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10,7 процентке артық. Есесіне Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғандар үлесі 17 процентке азайған. Орташа есеппен жыл ішінде 600-дің айналысында ғана. Өңірді өзегіне тепкендердің 98 проценті Ресей Федерациясының азаматтығын алуға асығып кеткен.
Жұмыссыздықтан жалықсаң...
Үкімет бірнеше жыл қатарынан оңтүстік өңіріндегі халықты солтүстікке қоныс аударту ісімен айналысып келді. Өйткені мұнда жұмыссыз жүргендер саны аталған аймаққа қарағанда ондаған есе көп. Солтүстік қалалардағы мәселені шешу үшін бұған дейін «Серпін» бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Алайда билік тарапынан қолдау қарқынды болмағандықтан жоба миссиясын толық орындай алмай келеді. Есесіне ондағы бос жұмыс орнына маман іздеген жұмысшы топ жер-жерді аралап, үгіт-насихат жүргізуден жалықпай келеді. Бірер күн бұрын Қазалы ауданына Павлодар өңірінен келген өкілдер де мыңдаған бос жұмыс орнын ұсынған. Бұл мақсат «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жүзеге асыруда. Жобада еңбек ресурстарының құрылымын арттыру көзделетінін айта кетейік.
Расында, Қызылорда облысы бойынша азаматтарды жұмысқа орналастыру ісінде қиындық көп. Қазалы ауданында да жұмыссыздық деңгейі 5 процентті құрайды. Дегенмен мезгіл сайын уақытша жұмыстан босап қалғандар мен жұмыс көлеміне байланысты нан тауып жүрген азаматтарды ескеретін болсақ, аталған меже әлдеқайда көбейетіні сөзсіз. Салдары әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне, шаңырақтардың шайқалуына алып келіп жатқаны жасырын емес. Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімі басшысы Меруерт Бейсенбаева қазалылықтарды бұл қиындықты солтүстікке көшу арқылы шешуге шақырады.
– Қазіргі таңда жұмысшы топ Қызылорда өңірін аралап, мемлекет тағайындаған сыйақы мен жеңілдіктер туралы түсіндіріп жүр. Бұған дейін Павлодарға 9 мыңнан астам адам көшіп келді. Ал биыл 1200 адам қоныс аударып үлгерді. Жыл аяғына дейін көрсеткіш 2600 жанға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. Оған біліктілікті қажет ететін мамандар табу көзделуде. Әсіресе ұстаздар, медицина саласы қызметкерлері мен ауыл шаруашылығына қатысты мамандық иелеріне штат жеткілікті. Мамандығы жоқ азаматтарды да қуана қарсы алып, жан-жақты көмек көрсетуге әзірміз. Өйткені ондағы түсті металлургия өндіретін зауыттар мен ауыр өнеркәсіпке мамандар өте тапшы, – деді М.Сейітбекқызы.
Қанша қаржы төленеді?
Биыл квота бойынша Солтүстік Қазақстанға көшіп барғандар үшін 70 айлық есептік көрсеткіште жәрдемақы төленетіні белгілі. Яки сонда барған әр азаматқа «алғыс» ретінде 204 мың теңге қайтарымсыз қаржы беріледі. Бұдан бөлек баспана мәселесі де шешілген. Бүйіріңіз бұрған ауданға немесе қалаға барып, жыл бойы тегін баспаналы боласыз. Бұл үшін жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып тіркелесіз. Аталған жәрдемді ай сайын, пәтер ақысын төлеу үшін аласыз. Оңтүстіктегі үйін сатып, Павлодардан пәтер аламын деген ниеті бар азаматтар әлгі ай сайын жыл бойы берілетін көмекті толығымен алса болады.
– Жалғызбасты азаматтарға пәтерақасына ай сайын 58 мың теңге беріледі. Егер отбасы мүшелері төрт адам болса 72 мың теңге төленеді. Бес немесе одан да көп отбасы үшін жыл он екі ай 82 мың теңге жәрдемақы алуына болады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмекті беріп қарап отырмаймыз. Көшіп келген азаматтың сұрауына, денсаулық жағдайына байланысты табиғаты жағымды өлкемен таныстыру, орналастыру ісі бойынша жәрдем бере аламыз. Бұл тұста аты Алашқа белгілі Баянауыл ауылына келушілер саны басым екенін айта кетейік. Сонымен бірге мұнда бірнеше қазалылық отбасы өмір сүріп жатқанын естеріңізге саламын, – деді Павлодар қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Талғат Ақниязов.
Солтүстік облыстар әкімдігі жан-жақты көмек көрсетуі үшін отбасыдағы бір адамның біліктілігі болуы шарт екенін айтады. Оңтүстікте бір жыл тұрақты тұрып, қоныс аударғандарға қойылатын жалғыз талап осы. Алайда бұған да сәйкес келмейтіндер көшіп барған. Меруерт Бейсенбаева мұндай жағдайда көлік жүргізу куәлігі барын алға тартып, қол ұшын созуға болатынын айтып отыр. Ондай құжаты жоқ азаматтар да кері қайтарылмайды. Сәйкесінше, көшіп келушілерге тегін техникалық білім беріп, құжаттандыратын көрінеді.
Үй сатып алуға ақшасы жетпегендер мен кәсіп бастауға ниеттілер үшін шағын несие мен грант беру жеңілдіктері тағы бар. Қалаған жерден мал немесе егін шаруашылығы үшін жер телімі беріледі.
Аталған көмектің барлығы үшін Үкімет Солтүстік Қазақстан аумағында бес жыл тұрақты тұруды міндеттейді. Облыс ішіндегі көші-қонға рұқсат берілген. Егер оңтүстікке оралуды немесе басқа облысқа көшкісі келгендер мемлекет берген қаржылай көмекті қайтаруына тура келеді.
Қазалылықтар қалай қарайды?
Бұған дейін бірнеше жерлес Павлодар облысына қоныс аударып үлгерді. Оның ішінде Қазалы Жоғары көлік техникалық колледжінің оқытушысы болып қызмет істеген, ауданның саяси өміріне белсене араласқан Еркін Құсан есімді азаматты айтпай кетуге болмас. Өткен жылы ғана Екібастұз қаласына отбасымен бірге қоныс аударған ол қала әкімдігіндегі кәсіпкерлік бөліміне жұмысқа тұрған. Таңсық жердегі алғашқы күндері туралы әлеуметтік желіде ойымен бөлісіп, солтүстіктің сүйкімді тұстарын жариялап отырды. Алғашында қиын болғанын да жасырмайды. Бірер ай бұрын өзін жанына жақын теміржол саласында, нақтырақ «Проммашкомплект» теміржол дөңгелектерін жасау зауытында сынап көруді жөн санаған. Елден көшкеніне жылдан асқан отбасының қазір жағдайлары жақсы, табыстары тұрақты екенін білдік.
Бұдан бөлек ауданнан солтүстік өңірлерге көшіп кеткендер ондап саналады. Ниеттілер де жоқ емес. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхан Әбіловтен сұрадық.
– Павлодар облысынан келген өкілдердің ұсынысы қазалылықтар үшін өте тиімді. Тұрғын үй, жұмыс, жер, керек десеңіз кәсіп ашуға жең түре көмектесетіндерін айтып отыр. Өздеріңізге белгілі, ауданда жұмыссыздар баршылық. Кешеден бері жұмыс іздеп, орталыққа тіркелуге келген азаматтарға түсіндіріп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, көпшілігі туған жерден жыраққа кеткісі келмейді. Ата-анасының қасында болғысы келеді. Осы жерден жұмыс тауып беруімізді сұрайды. Бірақ солтүстіктің табиғатын мақтап, өмір сүруге, жұмыс істеуге қолайлы жер екенін алға тартып, сол жақтағы әріптестерімізбен байланыстыруды сұрағандар да бар.
Бүгінде Павлодарға облыс бойынша 70 адам тұрақты қоныс аударған. Оның он шақтысы қазалылық. Байланысып тұрамыз, шағымдары жоқ. Мұндағымен салыстырғанда жалақы төмен екені айтылады. Бірақ керек-жарақ соған сай арзанырақ, – дейді ол.
Қазір байқасаңыз, елгезектер үшін елде тіршілік толағай. Бір сөзінде Елбасы Н.Әбішұлы да азаматтарды қызметте жер талғамауға шақырған еді. Әрі-беріден соң жұмыссыз бауырлар үйдегі әке-шешесін тұмса табиғат қоршаған аймаққа апарып, ең бастысы жұмыс алуандығы бар өлкеде еңбек етпей ме деген сауал ойда қылаң береді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі осындайда ұтқыр пайдаланылса, экономикамыз шарықтап, сәл орыстанған солтүстік аймақтан бірінші қазақтың қара шаңырағы көзге түсер ме еді, кім білсін?!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ