15 шілдеден бастап міндетті вакцинация тексеріле ме – министрлік жауап берді
Мемлекеттік органдар президент тапсырмасы бойынша міндетті вакцинациялау мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып жатыр
15 шілдеден бастап кәсіпорын қызметкерлері мен жұмыс берушілердің коронавирусқа қарсы вакцина алып-алмағаны тексерелетіні хабарланған еді. Енді бұл мерзім ұзартылатын болды. Ол туралы денсаулық министрлігі санитарлық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев хабарлады.
"19 шілдеден кейін қызмет көрсету саласында бұл мерзімді ұзартуға қатысты жаңа алгоритм белгілі болады. Кеше ведомствоаралық комиссия міндетті вакцинация мерзімін созу мәселесін қайта қарауды шешті. Мемлекеттік органдар мәселені қарастырып, қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне байланысты ұсыныстар жасайды. 15 шілдеден кейін вакцинациялауды тексеру басталмайды", - деді Ержан Байтанаев.
Міндетті вакцинация
2 шілдеде бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов жаңа қаулы шығарған болатын. Оған сәйкес, халыққа қызмет көрсететін сала қызметкерлері вакцина салдыруға міндеттелді. Ал екпеден бас тартқандар апта сайын ПТР-тест тапсыруға тиіс екені айтылды.
Тізімге ХҚКО, банк, сақтандыру компаниялары, сұлулық салондары, СПА, фитнес, фотоателье, тігін ательесі, сауда ойын-сауық орталықтары, шағын маркет, супермаркет, базар, қойма, музей, кітапхана, театр, кино, галерея, қонақүй, хостел, жатақхана т.б. сала қызметкерлері енді.
Әділет министрлігі не деді
Әділет министрлігі ақпаратынша, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін Денсаулық туралы кодексте профилактикалық екпелер егу шарасы көзделген.
Кодекстің 85-бабы 4 және 8-тармақтарына сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті. Олардың қатарына коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе де жатады. Бұл үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысында айтылған.