Неге вакцина тегін, ал ПТР-сынама ақылы? ДСМ жауабы
Неге коронавирусқа қарсы вакцина салдыру тегін, ал ПТР-сынама тапсыру ақылы деген сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Вакцина салдырудан бас тартқан компания қызметкерлері апта сайын ПТР-сынаманы өз есебінен тапсыруға мәжбүр. Неге вакцинация мемлекет есебінен жүргізіледі, ал тұрғындар ПТР-сынама тапсыру ақысын өздері төлеуі керек? ПТР-сынама тапсыруды тегін қылу жоспарда бар ма?" - деп сұрады тілші ОКҚ брифингінде.
Есмағамбетованың айтуынша, Денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір араласу вакцинация сияқты жұқпалы аурулармен күресте мұндай әсер бермейді.
"Вакцинация Конституция бойынша адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген түріне кіреді.
ПТР-сынамасына келетін болсақ, бүгінде бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысымен ПТР-сынамасын тегін тепсыра алатын тұлғалардың 12 санаты анықталды. Бұл эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекцияның клиникалық белгілері бар адамдар. Мысалы, байланыста болған адамдар, ауруханаға жатқызылатын науқастар, ауруханаға жатқызу кезіндегі жүкті әйелдер. Басқа тұлғалар үшін ПТР-сынамасын тегін тапсыру мүмкіндігі қарастырылмаған. Әрбір қазақстандық тегін вакцина алу немесе ақылы ПТР-сынама тапсыруды өзі шешеді. ПТР-сынама мемлекет бюджетінен қаржыландырылмайды", - деп түсіндірді Есмағамбетова.
Айта кетейік, 2 шілдеден бастап барлық қызметкері вакцина алуы керек нысандардың кеңейтілген тізімі күшіне енген болатын. Тізбеге базарлар, сұлулық салондары, дәмханалар, мейрамханалар, қызмет көрсету нысандары және халық жаппай баратын басқа да орындар кіреді.