Мемлекет берген мүмкіндік мол

– Қарыздар микробизнесті ашу немесе кеңейтуге беріледі. Шағын несиенің мерзімі – 7 жылға дейін. Сыйақы үстемесі – жылдық 6 проценттен аспайды. Негізгі борыш пен пайызды өтеу бойынша жеңілдетілген мерзім – шағын несие мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін. Шағын несиені алу үшін міндетті түрде кәсіпкерлік негіздерін оқудан өту, бизнесті кеңейтетін жағдайда жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу керек. Бағдарлама бойынша қаржыландырылған жобаны «Бизнес бастау» курстарынан өткен қатысушылар жүзеге асырады, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бас маманы Қанат Сүйеубаев.
Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қолдауды түсініп, әрекет еткен жандар Қазалыда жетерлік. Солардың қатарында ауданға қарасты Тасарық ауылының тұрғыны Ғанибек Елепбергенұлы да бар. Ол туған жерде мал санын көбейтіп, дала көркін жандандыруды көздеп отыр. Еңбекқор жас аталған қордан 2 миллион теңге несие алып, 38 бас қой алды. Оның мақсаты – осы түліктің санын көбейту, одан әрі кәсібін кеңейтіп, ауқымды шаруашылық ашу.
– Қой төрт түлік малдың ішіндегі қазақтың ең сүйіктісі. О бастан "Қойдың сүті қорғасын, қойды құртқан оңбасын" дейтін аталардың ұрпағымыз. Сондықтан оны өсірудегі ынта-ықылас жоғары. Себебі сүйегі майда, өсімтал, тез ет алып, қонақасыға жарап отырады. Сосын сүті майлы әрі жұғымды болғандықтан бұрынғылар бұл түлікті ерекше қастерлеген. Ал қазір оның құны тіптен көтеріліп тұр. Қойларды ауламдағы қорамда ұстаймын. Күнде таңда ауылдағы арнайы бөлінген жайылымдық жерге өріске жіберемін. Шөп, жем-суын қамтамасыз еттім. Енді шабындықтағы шөпті орып, қысқа дайындалу қамын ойлап жүрмін, – дейді Ғанибек Исатаев.
Ғанибектің айтуынша, мемлекет берген көмектің жұмыссыздар мен кәсібін енді ашқандар үшін берері көп. Мұндайға қол жеткізген әрбір отбасы өзгеге сену мен масылдықтан арылады. Өз еңбегімен табыс табуға бейімделеді. Соның салдарынан келешегіне сенімді тұлға болып қалыптасады, әрі ол кез келген қиындыққа төзе білетін болады.
Мүмкіндігі мол бағдарлама бойынша талапшыл азамат «Бизнес бастау» оқу курсының тегін сабағына қатысып, көптеген мәліметті пайдасына асырды. Сонымен қатар ашқан ісін қалай жүргізу тәсілдерін үйренді. Бизнесті үлкейту мақсатындағы заманауи идеялардың мысалдарымен танысты. Қажетті құжаттарды сауатты жинақтау жолдарына қанықты. Осындай мүмкіндіктерді ұсынған мамандарға алғысы шексіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА