Ауылда бизнес ашу: Бір адамға қанша ақша беріледі
Биыл шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша 20 млрд теңге бөлінеді. Аталған қажыны үйлестіру міндеті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бар. Соның аясында халыққа бизнесті ашу үшін жеңілдетілген шарттармен несие беру қарастырылған. Атап айтқанда, қазіргі кезде 18 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Осы ақша бес жылға беріледі. Ал ауыл шаруашылығына берілген несиелердің мерзімі - 7 жыл. Жылдық мөлшерлеме 6 проценттен аспауы тиіс», - деді еңбек нарығын дамыту және халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Ерболат Әбілхатин Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бастапқыда ауылдық жерлерде несиеге кепілдік беру мәселесі қиын болды. Былтыр аталған мәселе шешілді. Енді, бизнесті бірінші рет бастап отырғандар үшін несиенің 80 процентіне мемлекеттің өзі кепілдік береді. Ал бизнесті ары қарай жалғастыратын кәсіпкерлер 50 проценттік кепілдікті ала алады. «Мәселен, былтыр 7 200 адам шағын несие алды. Соның ішінде 6 791-сі - ауылдың халқы, қалғаны - қала тұрғындары. Ал бизнесін жаңадан бастағандардың саны 4 127 адамды құрады», - деп атап көрсетті Е.Ебілхатин.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы шағын несиелендіруді кеңейту міндеті қойылған болатын. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы шағын несиелерге қосымша 20 млрд теңге бөлуді тапсырды. «Осылайша, шағын несиелендіру көлемі 62 миллиардқа жететін болады. Әсіресе, ауылды жерлерде. Жалпы, ауылда ғана емес, барлық жерде адамдар өз бизнесін аша алады. Соның арқасында шағын несиелендірудің көлемі 14 мың адамды қамтитын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. 14 мың адам ол аз емес. Себебі бір адамның қарамағында үш-төрт, он, бәлкім, елу адам жұмыс істейтін болады. Бұның барлығын қосқанда мықты шағын бизнес шығады. Соған қолдау жасауымыз қажет», - деді Н.Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.