Өзімізге де, өзгеге де қауіп төндірмейік
«Мұсылман адам өзіне де, өзгеге де зиянын тигізбейді. Қасиетті Құранда бір адамның өмірін құтқарған адам бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең. Ендеше, денсаулығы әлсіз адамдардың денсаулығына қауіп төндірмейік», - деді ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Әбуов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, бас имам көпшілікті жинап, ас-құдайы өткізетін заман емес. Аурудың өршуіне себепші болмауға, той тойлап, жиын жасап, аурудың өршуіне жол ашып бермеуге шақырды.
«Өңірімізге қауіпті деген үнді штамы келді. Сақтық шараларын өте қатаң сақтауымыз керек. Тәртіпке бағынып, талапты орындайық. Бүгінде барлық мешіттерде санитарлық талаптар қатаң сақталған. Жұма намаздарын мешіт ішінде оқуға тыйым салынды. Мешіт ауласында оқылатын намазға үлкен кісілер, науқас жандар, дене қызуы жоғары адамдар, әйелдер мен балалар келмегені жөн» -деді Болатбек Ұласқанұлы.
Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Әрқашан зиянды нәрседен аулақ болуға шақырады.
Айта кету керек, осы аптада Қызылорда облысында үнді штамы анықталды. Оның қауіптілігі 1 науқас бір мезетте 5-6 адамға жұқтыра алады. Клиникалық белгілері де өзгелеріне қарағанда, небәрі 3-5 күн ішінде үдей түседі. Жұғу жылдамдығы 60 пайыз. Алдын алудың басты шарасы - ол егу жұмыстары. Бүгінде дін өкілдері де егу жұмыстарын бастап та кетті.
Өңірлік коммуникациялар қызметі