Әркімнің өз орны бар
Отбасы – көшпенділер, оның ішінде дала өркениетін барынша бойына дарытып, танымына сіңіріген қазақ халқы үшін орны бөлек әлеуметтік институт. Қоғамдағы өзгерістер мен хал-ахуалды реттейтін салалар бастауын алмаған ықылым заманның өзінде некелік қатынастар, тұрмыс-салт, түрлі әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайларда өзіндік ұстаным, ережелері, тәртібі, бағалы құндылықтары арқылы екшілеп отыратын құрылым қазіргі күндегі дамыған ғылымның өзін тәнті етуде. Ғалымдар отбасын әлеуметтік институт ретінде зерттегенде, осындай мәселелерге ден қояды.
Қазақ отбасында ата-ана, әже-ата, аға-апа, жеңге, жезденің әрбірінің өз рөлдері қалыптасқан. Үлкен тізбекте жас келіннің ата-енемен бірге тұруы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына ықпалдасады. Мәселен, жас қыз тәрбиесіне ата-ана, туған-туыс, жеңге, бүкіл ауыл жауапты болған. «Қызды қырық үйден тыю, қала берді қырық құлдан тию» деген мақал бар. Ұрпақ өндіруші, болашаққа жауапкер қыздың ары мен абыройын бір рулы елдің, барша ұлттың абыройы санаған. Қазіргідей бастары тек той-томалақта қосылатын, «Үйі басқаның күйі басқа» деп жақынына жаттай қарайтын сыңаржақ пікір, ұстымсыз ұстаным қалыптасқан тұста бізді ұлт ретінде ұйыстырмай, ақсатқан мәселе осы жерден туып отыр. Ал жаңа босаға аттаған жас келінді ене, абысын, көрші-қолаңның тәрбиелеуі оның үлкен өмірге ерте сіңісуіне мүмкіндік тудырған. Тіпті балалы болған шақта да кішкентайларды ата-әжесінің бауырына басуы, жас жұбайлардың өзара татуласып, бірігуіне жол ашқан. Бұл орайда психолог Айгүл Жұматқызы: «Отбасы институты қоғамда үлкен маңызға ие. Оның атқаратын қызметі әруақытта тіршілік ету тәсілінің көрінісі ретінде бағаланадыі. Осы ретте қоғамның отбасына жасайтын қызметін, алотбасының тұлғаға, тұлғаның отбасына жасайтын қызметін бөліп қарауға болады.
Мәселен, жас балаға балабақша, тәрбиеші, гаджет, велоципед, ойыншықтар қажеттігін бүгінде барлық ата-ана білдеді. Соған лайық болуға ұмтылады. Ал гаджеттер әженің, тәрбиеші ананың, кітап, кинолар үлгі көрсететін әке,ағаның орнын баса ала ма? Осы әрбірімізді ойландыруы керек», – дейді. Жантанушының пікірі қазақтың «толыққанды отбасы» деген тіркесін санаға үйіртеді. Яки отбасы болған жерде, оның құрамы түгел, құрылымы бірізді болуы керек. Бұл орайда тағы бір мәселе туындайды. Ұрпағымызды қажеттілікпен қамтамасыз етеміз деп, олардың тәрбиесінен тысқары қалып жататынымыз бар. Мәселе мәні әлеуметтік жайға барып тіреледі. Мардымсыз жалақы, қымбатшылық бір ғана әкенің табысымен үй-жанды асырау мүмкін еместігін уақыт көрсеткендіктен, аналар да оған қолқабыс болу үшін қосымша табыс табуға ұмтылады. Өткен ғасырда туылған буынның ұстамды, тәрбиелі болуына осы жағдай да өз әсер еткенін т айтпауға болмайды. Елдегі аналардың бала күтіміне орай төленетін қаржы сол жүйемен төленітін болса, кішкентайлар тәрбиесімен айналысып, отының түтінін түзу ұшыратын қыз-келіншектер көбейе түсер еді. Аталмыш жағдай елдегі жұмыссыздық жайының шешімін табуына да үлкен сеп болары анық. Салдарынан көше, көрші, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқан ұрпақтан ұят пен саналылық күтудің өзі күмәнді. Үлкендер жастарды бөлек шығаруға, жастар ата-анадан, жақындардан оңаша болуға ұмтылатын уақытта ұлылықты ұялату, тектен келе жатқан танымдықты бойға сіңіру мүмкін емес. Мөңке би айтқан ежірейетін ұл, бедірейетін қыз, кекірейетін келіннің пайда болуы осыдан қалыптасады. Ертеде бабаларымыз ұрпағының қамын ойлап, жақсы жермен құда болып, тектімен тамырласатынын естіп, біліп келеміз. Бұқар жыраудың: «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да — тартпай қоймас негізге» дейтіні ұйқас үшін айтылған қатар емес, этнопедагогиканың жылдар бойғы жемісінен туған түйін.
Тарихқа үңілсек, Құнанбайдың Абайға Ділдәні алып беретіні, тектіліктің берік тұғырын танытады. Осы дәстүрді теріске балап, «өзім білемге» салынып жатқан сан жұптың отбасы ойрандалып, қоғамға қандай кедергі келтіргенін айтудың өзі артық. Мамандар бала, ата-ана, отбасы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруді қажеттілігі туындағанын алға тартады. Деректер бойынша, әлем елдерінің
ішінде ажырасу көрсеткіші жағынан Қазақстан алдыңғылар сапында. Сандарды сөйлетсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдықта елімізде 70 мыңға жуық неке тіркелсе, ажырасқан отбасылар 45,5 процентті көрсеткен.
Салаға қатысты зерттеулерге ден қойсақ, генетикалық түзіліс ұрпақтар бойынан бір-біріне жағасады. Мәселен, ұстаның баласы ұста болмаса да, тігінші, ісмер, немесе мықты кондитер маманы болып шығатын көрінеді. Бірде ауданда тұратын Айымкүл Қасымқызының айтқан сөзі осы орайда ойыма орала кетті.
«Біз Кеңестік жүйемен тәрбиелендік. Ондағы идеология барлық адамның мықты еңбеккер болып, отанға үлес қосуы екенін жақсы білесіз. Менің үлкен атам яки бабам көрік басқан темір ұстасы болыпты. Өз атам жоғары білімді, парасатты кісі еді. Әкем мен оның бауырларының барлығы жоғары білім алып, әр саланың мақтаулы маманы атанды. Бірақ бабамыз ұстаған ұсталыққа ешбірінің қатысы жоқ болатын. Бір жылдары бауырларымның көбіне қиындық туды. Сауда-саттықпен айналасатындардың ісі тұралады, отбасылық мәселелер туындады, денсаулықтарына залал келді. Дертіне дәру іздеп барған туыстарыма емші, құмалақшылардың барлығы аталарының жолын ұстағанда бұл ауырлық артта қалатынын айтыпты», – деді. Арада бірнеше жыл өткенде ағайындылардың бірінің баласы уақытша жұмыс табылғанша жөндеу жұмыстарымен айналыспақ болады. Сол кезден бастап бұл отбасындағылар ісі өрге өрлеп, жұмыстары жүреді. Бір қызығы, әлгі жөндеу жұмыстарымен айналысқан жас жігіт оған дейін мүлде шеге қағып көрмеген болып шығады. Қысқаша мысал ойға көп түйінді топшылатады.
Елде бұл бағытта біршама шаруалар қолға алынуда. Алайда санаулы орталықтар тұтас ұлттың тентегін түзеп, тектісін таныту ісімен айналыса алмасы анық. Қоғамда әркімнің өз орны бар. Ал, осы біртұстатықта ыдыраған құрылым өзінің осалдығын танытпай қоймайды. Бүгінге немқұралылық, ертеңімізге енжарлық таныту өз болашағымыздың дамуын тежеу, тамырына балта шабуға апаратыны анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА