Тәрбие тал бесіктен

«Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалда қаншама ой жатыр. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес. Бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қызды құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу игі дәстүрдің бірі.
«Қыз» ең қасиетті сөз. Ол келешек келін, ардақты ана, асыл әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы кезеңде ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазір бәрі өзгеше ата-аналар күнұзақ жұмыста немесе күн көрістің қамымен базарда тірлік жасап бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Мектеп жасындағы қыздар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныпта тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйретіліп, көп білуіне құштарлығы арттырылады. Бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбиенің түрлері ары қарай дамытыла түседі. Осы тұста жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе жасырмайды. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, оның келешегіне ең керекті нәзіктікті, ілтипаттылықты, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болуды, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру басты борышымыз. Тоғызыншы-он бірінші сыныпта ата-анасын, туыстарын, ұстаздарын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, нәзік ару шығары сөзсіз. Жас өскін талшыбық сияқты. Оны аялап-мәпелесең, бәйтерек болып өседі. Ұлттық салт-дәстүрді, рухани қазынаны жоғалтпай, заман ағымынан қалмау – уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекеттің тірегі жастар. Ендеше «Ұл тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» демекпін.
Н.ҚҰРМАНАЕВА,
«Жетес би» ауылдық емхана психологі