Азған алаң, тозған доп, Жазым болып қалған көп

Бүгінде ауданда кіші және үлкен футболдан турнир ұйымдастыру жолға қойылған. Әуесқой ойыншылар жазда жасыл газонда бақ сынасса, қыста футзалдан тартысты дода өтеді. Тіпті облыс деңгейіндегі «LLF» кубогының биылғы маусымы Қазалыда жалғасып жатқанын сүйіншілеуге болады. Алайда бұдан да жоғары тартысты додаларға талантты жастар даярлау үшін спорт алаңдарының сапасы сын көтеруі тиіс.
– Спорт – денсаулық кепілі екенін жақсы білеміз. Достарыммен аптасына бір-екі рет жасыл алаңдарға барып, доп тебемін. Бұл біріншіден салауатты өмір салтын ұстанудағы таңдауымыз десек, екіншіден жаңа достар тауып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету деп білемін. Бүгінде кент ішінде жасыл алаң жетерлік. Еш қиындықсыз көңіл қалағанына барып, тер шығарып қайтамыз. Алайда күн өткен сайын алаңдар жайлылығынан алшақтап барамыз. Газондар жыртығын айтпағанның өзінде, астына төселген топырақ тегіс емес. Соның салдарынан ойыншылар аяғын ауыртып, жарақат алғанын талай көз көрді. Бұдан бөлек қоршау мен қақпа бағанасы жөнді емес. Өзіміз қолдан келгенше сыммен байлап, іске асырып қойғандай боламыз. Бірақ бұл да ұзаққа бармайды. Әсіресе Жеңіс паркіндегі алаңның күйі сын көтермейді. Бар дүниені ұқсатып қойса, жастар алғысын жаудырар еді, – дейді кент тұрғыны Нұрлан Тастыбай.

– Газетте, әлеуметтік желіде жасыл алаңдарды жарықтандыру мәселесі жыл сайын көтеріліп жүргенін білемін. Мұны қос қолдап қолдаушылардың бірі мен. Өйткені жаздыгүні күндіз ауа-райының қолайсыздығынан спортпен айналысу қиын. Оның үстіне жұмыс бар дегендей. Кешкілік ой сергітіп, доп тепкіміз келеді. Өкінішке орай, газонның көбі сол аумақтың жастарынан босамайды. Ал жарық орнатылған алаң саусақпен санарлық. Жауаптылар бұған бейжай қарамаса екен, – деген тілегін білдірді.
Дәл осы мәселемен кент әкімдігінің шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Батырхан Матиевке хабарласқан едік. Ол тиісті әкімдіктің балансындағы 5 жасыл алаңның үшеуін қалыпқа келтіру жұмыстары биыл жүргізілетінін жеткізді. Тек сметалық құжатын дайындау жұмыстары жүргізілуі тиіс. 5 квартал аумағындағы екі газонның жағдайы талапқа сай екенін айтты. Хош. Кент аумағындағы басқа да ойын алаңдарының қашан жөнделетінін аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне жақында ғана тағайындалған Орысбек Жәмшиітовтен сұрадық. Ол Қазалыда 34 жасыл алаң бар екенін, бірақ оның бесеуі бөлімге қарасты екенін айтты.
– Бірер күн бұрын осы мәселеге байланысты жиын өтті. Жауапты жігіттерге ауылдық округтердегі, кенттегі жасыл алаңдардың жай-күйін бақылап, аудандық бюджетке өтінім дайындауды тапсырдым. Ал бізге қарасты 4 мелиратор, Жеңіс паркі мен 5 кварталдағы ойын алаңы 2018 жылы ағымдағы жөндеу көрді. Қазір мұндай футбол ойнауға жарағанымен жаңартуды талап ететінін жасырмаймын. Алдағы уақытта алаңның барлығын кезең-кезеңімен жөндеуге, жарықшамдар орнатуға күш саламыз. Сол сияқты ауылдық округтердегі газондарды бақылап, тиісті ұсыныс беру де бөлім құзіретінен жататындықтан зерттеп, зерделейміз. Бірақ аталған бес жасыл алаң биыл қалыпқа келтіріледі деп уәде бере алмаймын, – деп жауап берді Орысбек Қаниұлы.
Жергілікті әуесқой спортшылар жазғы маусымның ендігі екі-үш айында барға қанағат етуіне тура келетінін түсінген боларсыз. Қыстыгүні де құрылысшылар қолы тиуі екіталай. Жасыл алаңның қалыпқа келтірілуі үшін келесі жылды күтуге тура келеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ