Қазақтың аты мен тегін жазуда неге бірізділік жоқ?
Фамилиядағы "-швили", "-дзе" қосымшаларынан грузинді танимыз, "-яннан" армян екенін аңғарамыз. Ал қазақты тегіне қарап тану мүмкін бе?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылдың 2 сәуірінде "Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді бекіту тәртібі туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Арада 25 жыл өтті. Алайда әлі бірізділік жоқ, мәселе шаш етектен. Фамилиядағы орысша "-ов", "-ев" қосымшаларынан арылуды жаппай насихаттап жүргенде тек жазудың түрлі нұсқасы пайда болды. Жақсы үрдіс-ақ, алайда ортақ стандарттың болмауы жаңа қиындықтар туындатып отыр.
Аты кім, тегі қайсы?
Мәселен, Азамат Ғалымжан... немесе Әлия Хамит. Тегіміз бүгінде осылайша жұрнақсыз жазылып, атамыздың атымен аталатын болды. Бұл нұсқаны алғаш ұсынған көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаболатын. Бұл нұсқа ресми бекітілмеген. Бірақ, кеңінен қолданыста. Текті бұлай жазу қолайлы, айтуға ыңғайлы болғанымен, қарапайым ерлердің аты мен тегі қайсы екенін бірден айыру қиын. Оған қоса, ұлға да, қызға да қойылатын Бақыт, Шапағат сынды есімдер жағдайында жынысты айыру да қиынға соғады.
Қазақстанда аса бір ресми құжаттар болмаса, әдетте адамның аты, әкесінің аты, тегін жазу кезінде реттілік үнемі сақтала бермейді. Мысалы, белгілі әншіміз Сейфуллин Жолбарыстың аты-жөнін шатастырып алатындарды жиі байқаймыз. Ұжымдарда, мекемелерде немесе басқа қажеттілікке байланысты азаматтардың тізімі жасалған жағдайда аты, әкесінің аты толық көрсетілмесе, ерлер мен әйелдерді ажырату да мүмкін емес.
Тағы бір нұсқа. Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы сынды ұлт зиялыларының үлгісімен "ұлы" және "қызы" сөздерін қосып жазу арқылы аты-жөнін ресми рәсімдеп жүргендер де қоғамда аз емес. Дегенмен, көпшілік үшін бұл нұсқаның да осал тұсы бар. Мәселен, әйелі күйеуінің тегін өткісі келсе, шатысуы мүмкін.
Айталық, фамилиясы Берікұлы деген жігіт бар деп есептейік. Ол Серікова Әсем деген қызға үйленді делік. Егер Әсем күйеуінің фамилиясын алғысы келсе, Берікұлы Әсем Серікқызы бола ма? Бұл жерде қызға ұлы деген қосымшаны қолдана алмаймыз, Әсем қалай Берікұлы болады? Тіпті Берікқызы деуге де келмейді, Ол Беріктің емес, Серіктің қызы ғой.
"Келіні", "әулеті", "немересі", "ұрпағы"
Сондай-ақ, текке "-тегі" не "-келіні" деп қосып жазуды қолдайтындар бар. Мәселен, Айжан Айтбайкеліні, Хамит Жағалтегі. Болмаса "әулет" сөзін жалғау (Аманғазы Саттымұрат әулеті, Сайран Бәкен әулеті), одан қалды "немересі", "ұрпағы" сөздерін қосу дау сәнге айналған (Айдос Жанарбек немересі, Бекен Назар ұрпағы).
Осының бәрі қазақтың ата тегін жазудыңің бірізділігі қалыптаспағанын байқатады.
Халықаралық стандарт қандай?
Рресми төлқұжаттарда, кейбір іс қағаздарында, мысалы, келісімшарттарда адамның тегі міндетті түрде есімнің алдында жазылады, ал қалған жағдайда алдымен есімі, бар болған жағдайда әкесінің аты, соңынан тегі жазылады.
Бұлай жазу негізінен КСРО халықтарына ортақ үлгі ретінде қалыптасқан, тек балтық елдері ғана батыстық үлгімен есім бірінші, тегі екінші орында жазылады екен. Ал КСРО бұл үлгіні қайдан алды десек, жалпы шығыс елдерінде, әсіресе, Қытай, Жапония т.б. мемлекеттерінде бірінші тегі, екінші орында есімі жазылады екен. Мәселен, Ли Чженьфань, Ши Жиң Пин, Кобо Абэ, Китано Такеши т.б. аты-жөндерінде бірінші орында тегі жазылған.
Еуропалық, батыстық үлгі бойынша есімі тегінің алдында жазылатындығы белгілі. Мұндай нұсқа халықаралық үлгі ретінде қарастырылады. Мысалы, Иоган ван Бетховен, Виктор Гюго, Маргарет Тэтчер, Дэвид Бэкхем.
Халықаралық стандарт бойынша тегі есімнен кейін жазылады, соған қарап қайсысы есім, қайсысы тегі екендігін қиындықсыз ажыратуға болады. Сондықтан батыс баспасөз беттерінде еуропалық, не азиялық болсын, кісі есімі бірінші орында жазылады.
Бүгінде көптеген ұлттардың өзіндік тектерінің жұрнақтары бар. түріктер "-оғлы" жалғауын жалғаса, корей халқы Пак, Ли, Цой, Юн деген қысқаша тегін жазады. Біздің таңдау қайсы болмақ? Бізге де бірізділік керек-ақ...