Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Соңғы қоңырау" қандай қоңырау?

"Соңғы қоңырау" қандай қоңырау?

– Анашым, мектепте сабақ оқып, шаршап қалмаймын ба?
– Шаршамайсың, онда әр сабақ сайын қоңырау соғылады. Сонда дем алып аласыңдар, – деген жауабымды естісімен, баламның түрі өзгеріп сала берді.
– Қорқамын... онда бармай-ақ қояйын мектепке. Теледидардан соғылғанын көргенмін. Қоңырауды білемін, түрі қорқынышты, даусы да жағымсыз.
Бес жастан енді ғана асқан кішкентайымның қоңырау туралы түсінігі ойға батырды. Шынында қоңырау қандай құрал? Оны неге мектепте қолданамыз? Қоңырау туралы халқымыздың түсінігі нені меңзейді? Даламызға қашан келген? Перзентімнің бір ауыз сөзі тақырып туралы ізденіске ұмтылдырды.

Қоңыраулы найза қолға алып
«Қоңырау» сөзі бізге ертеден ұғынықты. Оны Қазақстанның түрлі өңіріне жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған тарихи жәдігерлер айғақтайды. Бұл заттың қай кезде, қашан жасалғаны, қалай пайда болғаны жөнінде түрлі деректер бар. Бізге танысы, шаман дініндегі ғұрыптар жасалатын аспап түрі. Түркілік таным тылсым күшке ие, магиялық құрал ретінде қолданыста бар. Қоңыраудың әр түрлі үлгілері діни жораларда, салт-дәстүр рәсімдерінде қолданылғаны жөнінде көптеген деректе кездеседі.
Бертіндегі жыраулар поэзиясына жүгінсек, Ақтанбердінің: «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екенбіз?! Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екенбіз?!» – деп жырлайтыны бар. Бұл жерде де қоңырау ер қаруына саналатын бес қарудағы бір белгі.
Саз аспабы
Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазбалар мәліметтеріне зер салсақ, аспапты қоңыраулар еліміздің әр өңірінен табылған. Олар тот баспайтын сапалы жез, мелхиор сынды түрлі металдан жасалған. Кейде сыртына жұқалап алтын, күміс жалатылады. Қоңырауды арнайы жеңіл таяқшамен соғып ойнайды. Оның ең кішкене үлгісін ел ішіндегі өнерпаздар домбыра, қылқобыз, нарқобыз секілді аспаптардың басына, шанақ ішіне таққан. Абай әнші Әлмағамбетке арнап қоңыраулы домбыра жасатқанын көпшілік біледі. Белгілі коллекционер, өнертанушы Б.Сарыбаевтың жеке коллекциясында сирек кездесетін “Қоңыраулы асатаяқ” аталатын көне аспап сақталған. Ал шаңқобыз аспабында ойнайтын қыз-келіншектер шағын қоңырауды саусаққа іліп ойнайтын болған.
Қазақтың халық музыка аспаптары мұражайында қоңыраудың 7 дыбыстық жүйеге лайықталған нұсқалары кездеседі. Қоңырауды “Сазген”, “Отырар сазы” сынды өнер ұжымдары пайдаланып жүр.

Шіркеу шақырушысы
Қоңыраудың негізгі қызметі шіркеулерде жүзеге асады. Дәстүрлі түрде қалыптасқан азан-қазан дыбыс жындарды қуып, арам рухтардан тазартады деп есептеледі. Олар шіркеуге сыйынушыларды қауымға шақыру үшін қолданылады. Қоңыраудар соғылғанда дұға оқылады, уақыт көрсетіледі, үйлену немесе жерлеу қызметтері жүзеге асады.
Еуропалық дәстүрлі шіркеу қоңырауы бүкіл әлемдегі христиандық шіркеулерде қолданылатын тостаған тәрізді металл резонатордан тұрады. Заманауи коммуникациялар қолданысқа енгенге дейін шіркеу қоңырауы қоғамды қасиетті де, зайырлы да мақсатқа шақырудың кең тараған тәсілі болып табылған.
Мектептегі мазмұн
Бүгін мектеп бітірушілердің ұшқан ұясымен қоштасар күні. Оқу жылын аяқтап, түлектерді ақ жолға аяқ басарда салтанатты кеш өткізу дәстүрге айналған. Білім нәрін сепкен бас ұстаз Ыбырайды «дала қоңырауы» деген қазақ, бұл шараны «соңғы қоңырау» деп атайды. Ұғынғанға, «соңғы қоңырау» шіркеулерде адам ақтық сапарға аттанарда арнап соғылмайтын ба еді?.. Ал қуанышты кезге бұл рәсімнің кірігуі қайдан шыққан? Кез келген қазақстандықтан сұрасақ, оны жатсынбайды да, жатырқамайды. Біз білетін дерекке жүгінсек, қоңырау қағып, мектепке барғандар буыны бірнешені құрады. Биыл мектепте нешінші жылы соғылып жатқанын ешкім дәл айта алмайды. Жазба деректері Жәңгір хан тұсында жүзеге асқанын айғақтайды.
Қазақтағы бұл сөздің этимологиясына зер салсақ, олардың ешбірі біз айтып отырған «колоколға» келмейді, балама деуге де болмайды. Ұлттық ұғымдағы «күміс қоңыраудай» тіркесі колоколдың дыбысына ұқсамайды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ пен қырғыз халқының әкімшілік-аумақтық және саяси тұрғыдан толығымен Ресейге тәуелдікке түсуіне орай, шоқындыру саясаты жүзеге асқаны тарихтан белгілі. Бұл кезеңдегі қолға алынған миссионерлік мақсат ашық жүргізіле бастады. Өздерін «өркениет жаршысы» деп жариялап, астыртын саясатты жүзеге асыруға бағытталған маман миссионерлер Ильминский, Остроумов, Алекторов, Васильев қазақ балаларына білім беруде қолданған шіркеу колоколы әлі санамыздан ажырған жоқ. Тағы бір мысал, тіліміздегі «қоңыраулы адам» деген тіркес «жаман ісі», «әңгімесі бар» дегенді білдіреді. Бұл орыстандыру саясаты жүзеге асқаннан кейін пайда болса керек-ті.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері үзіліске Құрманғазының «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйлерімен шығады. Шаршаған сананы сілкіндіріп, аз уақыт болса да, ерекше сезімге бөлейтін әуеннің әсерін оқу орны студенттері айтады. Осындай бастама еліміздегі барлық білім шаңырақтарында қолға алынса, құба-құп болар еді. Талай жыл еуропалықтардың қызметшілері киетін ақ жаға, жең, алжапқышын киінген ел шәкірттеріне егемендігін алып, төл құндылықтар ұлықталып, терең тінге бойлап жатқан тұста, мектеппен бірге айтылатын қоңыраулатудан ажырайтын кез келген сияқты.
А.ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
26 мамыр 2021 ж. 1 171 0

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 36

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 37

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 38

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 71

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 118

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031