Қызылордада «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу басталады
2021 жылдың 26 сәуірінен бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік жүргізу негіздеріне арналған оқытудың тегін курстары басталатын болады.
Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз адамдар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары оқыту қатысушылары болып табылады, оның ішінде:
- ауылдық елді мекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және кіші қалаларда тұратын адамдар;
- мүгедектер, егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмесе;
- зейнеткерлік жасқа жетпеген елу жастан асқан адамдар;
- сондай-ақ NEET санатындағы жастар;
- табысы аз және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері;
- ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелері;
- қоныс аударушылар және оралмандар.
Оқу мерзімі 21 күннен аспайды. Оқыту қорытындысы бойынша бағдарлама қатысушыларына сертификат беріледі.
Жоба шеңберінде оқыту үшін қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарына жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, оқудан өту туралы өтінішпен жүгінуі тиіс. Халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткердің мәртебесін жобаның нысаналы тобына сәйкестігі расталған жағдайда оқуға жолдама береді.
Өтініш беруші оқуға жолдамамен «Атамекен» ӨКП-не немесе оның аудандық және қалалық филиалдарына оқуға қабылдау үшін жүгінеді. Коронавирус ауруының қаупін азайту мақсатында оқыту «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады.
Толық ақпарат алу үшін Қызылорда облысының аудандары мен қалаларындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына хабарласу қажет.