«Киіт» апару көнерді ме?
Алпамыс әжесімен бірге алыс-жақын туыстардың үйіне қонақтап барған сайын үй иесі «бір жақсылықтың қайтарымы» ретінде кемпірдің қолына дорба ұстататынын жиі байқайды. Сол қайда барса да қайталанады. Әрине, әжесі алдымен барар жерге үйдегі көк сандықтың ішінде жатқан тауардың бірін қолына іле кетеді. Соған сай үй иесі сыйды еселеп қайтарады ма, қалай?! Алпамыс қайтар жолда туысқанның дорбаға не салып бергенін сұрайды. Мұндайда әжесі: «Ертең үлкен жігіт болғаннан кейін, саған келіншек алып береміз. Сонда қыздың әке-шешесіне, ата-әжесіне «киіт» апаруымыз керек болады. Сен ер жеткенше көк сандық та толып қалар. Оған дейін аман жүрсем...», – деп түсіндіретін. Өкініштісі сол, сандық тауарға толса да, қанша жылғы жинақ Алпамыс ер жетіп, шаңырақ құрғанда кәдеге жарай қоймады.
Қазақ дос-жаран, туған-туыстың үйінде той бола қалса, бармай қалғанды ар санайтын халық. Алпамыстың та жақын достары үйленгенде қазан-ошақ тасып, қолы жетіспеген жерде картоп-сәбіз аршып кететін кездері болып тұрады. Асханаға амалсыз тығылған кезде жеңгелердің пыш-пыш әңгімесіне еріксіз еліп кетеді. Құдай біледі, той болып жатқан үйдің асханасында киіттің кем-кетігі, сыйлықтың «семіздігі» туралы пікірталас айтылмай қалмайды. Әсіресе ағайынның тойында қызметімен көп мақталатын Гүлназ жеңгей киіт таныстырылғаннан кейін, ыдыс-аяқты жуып тұрып:
– Түркиядан алдырдық деп қояды, өткен жылы Алматының барахолкасында тиынға бағаланған «дүблөнкіні», – деп мырсылдай күледі. Мұның алтын таққаннан кейінгі хош әңгімесін тыңдауға зауқы соқпай тұрған жасы кішілеу Жанар келін: «Мен де «тентек баланың» жеңгесі емеспін бе? Тоқалдан туғандай киіт бермегені несі? Ертең қызының жанын шығарамын ғой, көр де тұр», – деп жеңіл ашуға берілетін. Бұлардың әңгімесін жүре-бара тыңдап жүрген абысындардың үлкені сәл қабақ шытып: «Не әкелсе де қандай шаруашаларың бар? Одан да қайныларың бақытты болсын демейсіңдер ме? Алтын тақпасаң өміріңді тіле, біз де он жыл ошақ басында бауырсақ пісіргенде ештеңе тақпаппыз. Өлгеніміз жоқ», – дейтін. Содан кейін өз сөзінен өзі ашуланып: «Соны елейтін біреуі табылмағаны ма?» – деп зығырданы қайнайды. Оны басқаға көрсетсін бе? Табиғатынан тұйық қатын ғой. Әйтеуір құдалар үлкен ұлына былғары күртеше кигізіпті. Осыны ойлап, жұбанғандай болады. Екі ортада іле-шала «анау бөлмеге шай», «мына бөлмеге нан» деп бұйрық беріп кететін енелері де көз қиығымен осы Айманның қабағына қарап қояды. Үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргесін бе құдаларға тізім берерде есінен шығып кетіпті. Іштей: «Ай, алжыған кемпір! Бишараны осындайда ұмытпасаң қайтер еді», – деп қонақтар арасына сіңді де кетті. Өзінің де жетісіп жүргені шамалы еді.
Бірер күн бұрын құдалыққа барғанда жігіт жағы келіннің төрт жасар қызынан бастап алтынға көмкеріп келмей ме?! Сонда құдағидың құлағына гауһар тастан сырға, қолына сақина тағып кеткен. Мұны кемпір базардағы дүкеннен сатып аларда ақшасын қимай ұзақ тұрғанымен, артынша «маған да осылай қайтарады ғой, өзімнен аяймын ба?» деп сатушыға шытырлатып ақшасын санап берген. Бүгін құдағидың қайтарымға алтыннан сырға-жүзік таққанын елемегендей болғанымен, сәл көгерең тартқан жүзі қонақтарға ашықауызданып қойған. Әйтсе де: «Қыз бергеннің назы бар» деп көрегенділікке салынғандай болды.
Қонақтар қайтқан соң, жатар алдында бүгінгі шараны көз алдына келтіріп, ой елегінен өткізді. Ойланып қараса, той емес, бірін-бірі аңдығандардың, бақталастық пен санасуды жаны сүйетіндердің жиналған жиыны секілді дегенге тоқталды да, дереу басқа бағытқа бұрылып, өз ойынан өзі шошынды. Сөйтті де, ендігі ұлы талап қылып, мұның қолын ұзартамын десе киітсіз келін түсіремін деп бекінді. Орнына: «Ақшалай әкелдік, қалаған, ұнатқан заттарыңызды аларсыздар» деп қолдарына ұстатқанда, қос бетімнен шүлпілдетіп сүймесе қайтерсің?! Тіпті болмаса қос жақ сол құрғыр киітсіз-ақ жөн-жоралғыны жасауға келіссек, «құда да, құдағи да тыныш» болар еді, – деп күбірлеп жатып, қалай ұйықтап кеткенін сезбей қалды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ