Әскерге шақыру – сыбайлас жемқорлықсыз
Қызылорда гарнизонында 2021 жылғы мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының басталуына орай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, басқармасы мен бөлімдерінің жеке құрамының қатысуымен әдістемелік-нұсқаулық жиын өтті.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде «Армияда қылмысқа орын жоқ»бағдарламасының жоспарына сәйкес «Әскерге шақыру – сыбайлас жемқорлықсыз» тақырыбымен өткен нұсқаулық жиында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормалар толық ескерілді.
Өңірімізде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру 2021 жылдың 5 ақпанындағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ұйымдастырылуда.
Іс-шараның басты мақсаты – мерзімді әскери қызметке шақыру барысындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу.
- Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, басқармасында және бөлімшелерінде көптеген жұмстар атқарылып жатыр. Елімізді қорғау саласында адал істер атқарсақ еліміздегі сыбайлас жемқорлықты болдырмауға өз үлесімізді қосқанымыз болады. «Қарулы Күштері – Адалдық Алаңы» жобасы аясында әрбір қызметші аянбай еңбек етуі тиіс, - деді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағынбеков.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде басшылық құжаттарға сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу жұмысының жоспары жасалды. Шақыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру және жүргізу мақсатында облыстық, аудандық (қалалық) шақыру комиссиясы жанынан құрылған медициналық комиссия мүшелерімен нұсқаулық-әдістемелік жұмыстар жүргізілді.
Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында өткен шараға Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағынбеков, Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің бастығы әділет майоры Нұрмұхаммед Сейдуалиев, Қызылорда облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі полковник Ермұхан Ерланұлы, Қызылорда облысы «Ақмешіт адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекшісі Жандос Бектайұлы және облыстық әскери-дәрігерлік комиссиясының мүшелері қатысты.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
сержант Мұхит Қонаров