Қаптама түрлерін қайта өңдейтін зауыт салмақ
ӨКМ Операторы аралас материалдардан жасалған қаптама қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салатын компанияны іріктеуге тендер жариялады. Кәсіпорынға қойылатын басты талап – зауыт қуаты кемінде 10 мың тонна аралас қаптаманы кәдеге жаратуға және құрамында целлюлоза бар материалдардан дайын өнімді шығару (кемінде 90%) керек. egemen.kz
Тендерлік ұсыныстарға жобаның сипаттамасы, егжей-тегжейлі калькуляциясы мен ұсынылатын технологияның сипаттамасы қоса көрсетілуі тиіс. Жоба құнының тең жартысын ӨКМ Операторы инвестициялайды. Өтінімдер 2021 жылдың 12 сәуіріне дейін қабылданады.
Аралас материалдардан жасалған қаптама қалдықтарын қайта өңдеу бойынша алғашқы зауыттың құрылысы Қазақстанда кәдеге жарату саласын дамыту стратегиясының бір бөлігі болып саналады. Аралас қаптама – негізін картон материал құрайтын сұйық тағамға арналған композициялық материалдан жасалған қаптама. Аталған қаптама материалының құрамында 75% картон, 20% пластик, 5% алюминий болады. Қаптаманың 75% шамасын құнды ресурс болып саналатын қайта өңдеуге келетін целлюлоза құрайды.
Жыл сайын 20 мың тоннадан астам аралас қаптамадағы қалдықтар жиналады. Осы қаптамадағы қалдықтарды жинау және қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың болмауына байланысты қазіргі уақытта қалдықтардың аталған түрінің барлық көлемі қоқыс полигондарында көміледі. Аралас қаптаманы қайта өңдеу бойынша бірінші нысанның құрылысы қазіргі жағдайды өзгертуге мүмкіндік береді. ӨКМ Операторы пластикалық қалдықтар мен түсті шыныны жинау және өңдеу бойынша инфрақұрылымды дамытуды жоспарлап отыр.
ӨКМ Операторы биыл қайта өңдеу саласын қаржыландырудың жаңа «EcoQolday» моделін іске қосты. «ЕсoQoldaý» жобасы қаптама қалдықтарын (макулатура, пластик, шыны) жинау, өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату бағытында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен осы салаға жаңадан қосылатын кәсіпкерлерді қаржылай қолдаудың тамаша мүмкіндігі. «EcoQolday» жобасы іске қосылған сәттен бастап (2021 жылғы 27 қаңтардан бастап) жүйеде 6 352,9 тонна қайталама шикізатты жинауға және қайта өңдеуге өтінімдер пысықталды. Қорытынды бойынша 4720,70 тонна қайталама шикізат кәдеге жаратылды.