Қызылордада жалған ақша жасаған жігіт сотталды
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің өндірісіндегі жалған ақшаға қатысты қылмыстық істің ақырғы кесімін Қызылорда қалалық №2 сотының онлайн отырысы шығарды.
Қызылорда қаласының 35 жастағы тұрғыны, бұған дейін алаяқтық әрекеті үшін сотты болған азамат 2019 жылдың қазан айы мен 2020 жылдың ақпан айы аралығында жалған ақшаны сауда орындарында өткізумен айналысқан. Қауын базарында, әр түрлі азық-түлік дүкендерінде бірнеше мәрте 5000 және 10000 теңгелік жалған банкноттармен сауда жасаған және әрекеттерінің бәрін кешкі, түнгі уақытта жүргізген.
Заңсыз әрекет 2020 жылдың ақпан айында сатушының полиция басқармасына шағымынан соң, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
Жәбірленуші-сатушылардың жалған ақша өткізген азаматты тану хаттамалары, сот-техникалық сараптама нәтижесінде алынған ақшалардың ҚР Ұлттық банк үлгілерімен сәйкес келмеуі – қылмыстық істің дәлелдемелері болып танылды.
Сот үкімімен азамат Т. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабының 2-бөлігінің 2) тармағымен (жалған ақшаны сақтау және бірнеше рет өткізу) кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланды.
Азаматтық талап қойған барлық сатушылардың ақшасы қылмыспен келтірілген мүліктік залал ретінде сотталушыдан өндірілетін болды.Жалпы өткен 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментімен жалған ақша айналымы деректері бойынша 4 қылмыстық іс тіркелген. Айналымнан жалған 51 купюра алынған.