Құқықтық мүдде қорғалуда
Жұмада Қызылордада Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада "Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік" күніне арналған "Кәсіподақ – азаматтық қоғамның маңызды бөлігі" тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Оған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мұрындық болды.
Алқалы басқосуда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Есқалиева төрағалық етті. Ол ең әуелі барлық қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің ордалы 30 жылдығымен құттықтады. Кәсіподақ төрағасының мәлімдеуінше, бұл күн әлемде 2009 жылдан бастап аталып келеді. Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясы мерекені 2007 жылы бекіткен. Жалпы мүше мемлекеттер айтулы датаны ұлттық деңгейде әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуге арнайды. Мақсат – кедейшілікті жою, еңбекпен толық қамтамасыз ету, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыру негізін қолдайды.
– Біздің жұмыстың да, басты бағыты – сала бойынша өңірдегі білім қызметкерлерінің құқықтық мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз ету. Пандемия кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Жарлығы жарияланды. Қиындақ туындағанда жедел жоспар құрып, аймақта алғашқы болып "Біз біргеміз!" республикалық қайырымдылық акциясын жүзеге асыруды қолға алдық. Осындай ауыр шақта бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және жастар кеңесі мүшелері еріктілер қатарында күні-түні дамылдамастан қызмет етті, – деді Гүлнар Бабабекызы.
Бұдан соң талдамалы жұмыс барысын Еңбек бақылау департаментінің бөлім басшысы Болат Досымов жалғастырды. Болат Бекайдарұлы кәсіподақтың әділеттілік жолында көптеген жұмыс атқарылғандығын және алдағы уақытта назар аудару керек тұстарына тоқталды.
Сонымен қатар төрайым орынбасары Нұргүл Өтегенова кәсіподақ комитетінің 2020 жылға атқарылған құқықтық жұмыстар нәтижесін таныстырды. Оның айтуынша, әрбір сала қызметкерлерінің құқықтық мүддесінің қорғалауы кәсіподақ назарында. Игілікті іс ақпараттық насихатты қажет етеді. Бүгінге дейін білім кәсіподағының арнайы парақшасы арқылы және газет беттерінде барша сала қызметкерлеріне жедел ақпарат жеткізуге ерекше мән берілген.
Білім беру ұйымдарында ҚР Еңбек кодексінің 155-баб бойынша еңбек заңнамасының бұзылуын анықтаған. Онда құқық бұзушылықтың алдын алу және оған жол бермеу үшін жүргізілген 103 тексеру нәтижесінен 144 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды. Облыс көлемінде балабақшалардың ұжымдық шарттарына бос тұрып қалу уақытында жалақыларының сақталуы үшін қосымша өзгерістер енгізілді. Білім қызметкерлерінің көптеген мәселелері шешілді. Жаңа оқу жылының басталуы алдында кестеге сәйкес аудандарда қоғамдық қабылдау жүргізілді.
Қазалы ауданындағы орта білім беру ұйымдарының магистрларына қосымша ақы төленбегені анықталды. “Педагог мәртебесі туралы” ҚР Заңының 8 бабының 5-тармағына сәйкес 39 магистрантқа қаңтар, ақпан және наурыз айларына – 1 033 890 теңге өндірілді.
Жиын барысында Сыр өңірінің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кәсіподақ жұмысын насихаттаудағы бірлескен жұмысы үшін комитеттің Алғыс хаты табысталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА