Сенімді әріптес – кәсіподақ
Елдегі дербес немесе мемлекеттік мекемелердің өнімді жұмыс істеуі мен қызметкерлердің мақсатты іске біркісідей атсалысуына кәсіподақтың тигізер әсері ерекше. Бір саланың қарқынды дамуына үлесін қосып жүрген еңбек адамдарының мұң-мұқтажымен санасып, басшылықпен жарасымды қарым қатынаста болуын қамтамасыз ету де аталған ұйымның басты бағыты саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Кәсіподақсыз саяси өмірдің спектрі толық мән алмайды. Үкіметтің, тіпті Президенттің де ең сенімді әріптесі – кәсіподақтар», – деген сөзі ұйымның беделі мен ерен еңбегін сипаттап тұрғандай. Ал ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылдан бастап "Кәсіподақтар күнін" белгілеуі ұйым мүшелерінің жұмысына жаңаша қарқын берері сөзсіз. Осыған орай сәрсенбі күні аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы мәденит орталығында кәсіби мерекелерін атап өтті.
Салтанатты шара барысында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали білім саласындағы кәсіподақ ұйымы мен белсенділерін мерейлі мерекемен құттықтады. Ел үкіметі мен Президенттің ұйым жұмысын жандандыруға жасап отырған мүмкіндіктерін тілге тиек етіп, кәсіподақтың мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да күш салып отырғанын атап өтті. Мереке қарсаңында ұйым абыройын арттырып, қоғам дамуына үлесін қосып жүрген бірқатар азаматқа Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын иемденген Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жұмағазиева да бар. Ал Қаныш Сәтбаев атындағы №216 мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Клара Өксікбай мен №2 «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Феруза Әбеннің кеудесіне "Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі тағылды.
Бұдан соң аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілқасым Роман әріптестеріне жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз кезегінде бүгінгі күнге дейін ұйым болып атқарған келелі істерді ойға оралтып, кәсіподақтың келешекте де ілкімді істердің бастауы болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ұйымның ондаған белсенді жетекшілерін Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының, салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының, және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің "Құрмет грамотасымен" марапаттады. Бұдан бөлек «Балалар және жаз» республикалық байқауының жеңімпаздары да шара барысында құрметке бөленді. Еңбегі еленіп, абырой биігінен көрінгендер естелік суретке түсіп, мерекелік концертті тамашалады.
Айта кетейік, қазақстандық кәсіподақ қозғалысының тарихы XX ғасырдың бірінші ширегінен бастау алады. 1905 жылы Қарағанды облысы аумағындағы мыс кен орнында жеті адамнан құрылған жұмысшылар одағы елдегі алғашқы кәсіподақ ұйымы саналады.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ