Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Клуб ақсаса, келешек күтпе

Клуб ақсаса, келешек күтпе

Бейсенбі күні жылдағы дәстүрмен Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында мәдениет саласының алқасы өтті. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен жиында көптен көкейде жүрген мәселелер ашық айтылды. Оған округ әкімдері, қала, кент, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушілері қатысты.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биыл өткізілетін мерейлі мерекелерге тоқталды.
– 2022 жылы даңқты жерлесіміз Роза Бағланованың туғанына 100 жыл. Осыған байланысты кешенді іс-жоспар дайындадық. «Іңкәрім-ай» атты облыстық ән байқауы өтеді. Қорқыт мұраларын насихаттауға «Қорқыт – қобыз» қобызшылар фестивалін, Кеңес Дүйсекеевтің 75 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел!» атты аудандық сазгерлер байқауы жоспарланды. Сартай батырдың 310, Насыр Баекеевтің 75 жылдығына мәдени шаралар өтеді деп күтілуде. Мұнымен қоса облыстық ақындар мүшәйрасы мен жас айтыскерлер, әншілер байқауы бар.
Барлық ауылдық мәдениет үйлеріне биылғы іс-шара жоспары жіберілді. Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын абыроймен өткізу міндеті алдымызда тұр. Барлығымыз бірлесе соны атқарамыз деген сенімдемін, – деді бөлім басшысы.
Мұнымен қоса Б.Әбенұлы «Ауыл күнін» өткізуге, егін жинау науқанына мәдениет қызметкерелерінің белсене араласуы қажеттігін жеткізді. Жергілікті жердегі ономаситкаға байланысты да біршама мәселені тілге тиек етті. Сондай-ақ мерекелерде тақырыптардың, өткізілу барысының біркелкі болатынын, түрлі бағыттарға қарай ойысуын баса айтты.

Сахнада сілтенген «сойыл»
Келесі кезек баяндамашыларға берілді. Олар аудандағы мәдениет саласы бойынша көркемөнерпаздар үйірмелеріне жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталды.
Әрине жетістік жетерлік. Әйтсе де ауылдық клубтардың замана көшінен қалыс қалғаны әрі материалдық-техникалық жағдайларының сын көтермейтіні жасырын емес.
Тістің кетігіндей көзге көрініп тұратын кемшіліктер жайлы Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Айгүл Маратова нақпа-нақ атап, дәйекті түрде айтты.
– Клуб кәсіпорындарының негізгі құқықтық актісі болып табылатын бұйрықтары өз дәрежесінде шығарылмаған, қателер мен кемшіліктер орын алған. Бұйрықтарына әкімдіктер тарапынан ешқандай бақылау жасалмайды.
Кейбір ауылдағы мәдениет үйі мен клубтардың құжаттарына жауапты әдіскер мен есепшілері жұмыс орында болмаған.
Мысалы, Қ.Пірімов, Бозкөл, Ғ.Мұратбаев ауылының әдіскері ақысыз күнде, ауырып жатыр, сұранып кеткен. Сонымен бірге, кәсіпорында есепшілердің бірде-бір құжатры жоқ, көре алмадық.
Кәукей, Майдакөл, Ғ.Мұратбаев, Бекарыстан би, Жалаңтөс батыр, Басықара ауылдарынан басқа округ клубтарының есепшілері қаладан ауылға бармай жұмыс істейді. Мекеме құжаттарын өздерімен бірге алып жүреді, – деді баяндамашы.
Айта кететін бір мәселе – ауылдық округ қызметкерлерінің қаладан қатынап жұмыс жасауы көптен белгілі.
Ал бұған қатысты аудан басшысы:
– Біз бұрын әкімдер мен мектеп директорларының қаладан қатынайтынын білетінбіз. Оны бірте-бірте тыйдық. Мәдениет үйі меңгерушілері мен бухгалтерлердің қатынайтыны келеңсіз жайт. Бұл мәселені де жақын арада шешу керек. Жалпы ауылдың өзінде есепшінің табылмауы мүмкін емес. Жергілікті жердің кадрларын дайындауға баса мән беруге тиіспіз, – деді.
Жиын барысында білгеніміз, жергілікті жерде іс-қағаздарды жүргізу жағы да ақсап жатқан сыңайлы.
– Мәдениет үйлері мен клубтардың іс-қағаздарына зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде көптеген кемшілік таптық. Ғ.Мұратбаев, Басықара, Әйтеке би кенттік клубы, Шәкен, Абай, Қазалы қаласының құжаттары мерзімінде жасалмаған.
Ғ.Мұратбаев ауылы әдіскерінің ешқандай жұмысын көре алмадық. Әдіскер ақысыз күн алып кеткен. Не бұйрық шықпаған, не өтініш жазылмаған. Яғни себепсіз жұмыста жоқ. Жұмыс барысындағы жүйесіздікті ауыл әкімі назарға алады деген сенімдеміз, – деді баяндамашы А.Маратқызы.
Мұнымен қоса Қ.Пірімов, Бозкөл, Ғ.Мұратбаев ауылдық клубтарының паспорттары көнеріп, әріптері өшіп, жыртылған. Кәсіпорындар паспорттарының гербін жаңарту қажеттігін, “Қазақстан” жазуы латын қарпіне ауыстырылмағаны айтылды.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген тәмсіл бар. Хабарламашылар ауылдық клубтардағы тазалық мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қазіргі карантин жағдайында тіпті басты орында тұруы керектігі айтпаса да түсінікті.
Клубтардың ішінде Майдакөл мен Лақалы ауылдарындағы клуб жағдайы көңіл көншітпейтіні айтылып, слайд арқылы назарға ұсынылды.
Бұл жөнінде хабарламашы: «Әсіресе Лақалы ауылдық клубының жағдайы мүшкіл. Ақылы қызмет орындалмады емес, орындалды. Өткен наурыз айына дейін ақылы қызмет жұмысы жүргізілді. Сол қаржыдан клубтың ең болмаса көрермен залының еденін жаңартуға болатын еді. Үнемделген қаржыдан да игеруге мүмкіндік бар емес пе?» деген уәжін білдірді.
Аталмыш мәселеге қатысты клуб басшысы мен округ әкімінің де немқұрайлық танытқаны, атқарушы биліктің ауыл мәдениетіне мүлдем назар аудармайтынын айғақтағандай.
Осы жайттан кейін ауылдық жердегі клубтарда қордаланып қалған, әлде де зерттеуді қажет ететін көкейкесті мәселелердің жатқаны ойландырмай қоймайды.

Таланттың шырағын кім жағады?
«Дарындының барлығы ауылда», «Ауыл – шашасына шаң жұқпайтын мықтылардың ордасы» дегенді жиі айтамыз. Бұрын болса, болған шығар. Бір замандарда шықса, шыққан болар. Қазір кей жерлерде олай емес. Оған сол тұрғылықты жердегі мәдени ошақтардың жұмысына, әкімдік тарапының қолдауына тікелей байланысты.
Сенесіз бе, кейбір ауылдарда қарапайым домбыра жоқ. “Нағыз қазақтың” болмағанынан кейін, қобызды айту қолайсыз, баянды тілеу баянсыз. Саксофон мен фортепиано жайлы тек армандауға болатындай. Аудан басшысы осы мәселені ауыл әкімдеріне тез арада шешуді тапсырды.
“Мектеп, амбулатория облысқа қарады. Қарамақтарыңызда клуб ғана қалды. Соның бір домбырасын шешіп бере алмасаңдар не үшін жүрсіңдер? Бұл кез келген ауыл әкімінің тындыра алатын мәселесі ғой” дегенді нығырлап айтты.
Өткен жылы жалпы 265 шара өткізілген. Жыл көлемінде түрлі үйірме мүшелері 150-ге жуық байқауға 595 өнерпаз қатыстырған. Оның 83-і бас жүлде, 118-і бірінші, 45-і екінші, 41-і үшінші орын иеленген.
Көркем өнерпаздар үйірмелері жұмысының нәтижесі туралы Р.Бағланова атындағы орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Мөлдір Малдыбаева жеткізді.
– Өткен жылы басқа салаларға қарағанда мәдениетке қиынырақ болғаны рас. Барлық деңгейдегі байқау мен сайыстар, түрлі шаралар кейінге шегерілді. Кейбіреуі онлайн өтті. Осылардың ішінде Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Абай, Лақалы, Өркендеуліктер өнер додаларына жоғары дәрежеде қатысқан.
Өкінішке қарай Ғ.Мұратбаев, Майдакөл, Ақсуат, Сарыбұлақ, Шәкен ауылдық клубтары өнерпаздарға кең өріс ашуда, оларды байқау мен сайысқа қатыстыруда көрсеткіштері өте төмен, – деді.
Осы ретте біздің көкейде “Үйірме жанданбаса, ауыл өнерпаздары онлайн сайысқа қатыспаса, сонда олар не жұмыс жасайды?” деген сауал туындады.
Үйірме демекші, жалпы жиналыста бір аңғарғанымыз, ауданда мәдениет саласында кадр тапшылығы қиындық тудырады. Ол жайында Жанкент ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Болатбек Рсалиев аудан әкіміне жеткізді.
– Клубтарда сүймелдеуші, әдіскерлер болғанымен олар басқа саладан келгендер. Тіпті басым бөлігі аспаптарда ойнай алмайды. Оларды білмегесін қалай «үйірме жүргіз» деп талап етеміз.
Рас, кей қызметкерлер ауылдың іші болған соң тұрмыстық жағдайына ­байланысты қызметке алынған. Бірақ олар компьютер игеріп, қобыз-домбыра тарта алмағаннан кейін үйірме жұмысын жүргізуі өте қиын, – дегенді айтады.
Аңғарғанымыздай, бұл тек Жанкенттегі емес, барлық ауылдық окургке тән жайт екен. Әрине мұнан соң “ауылдан таланттар неге түлемей жатыр?” деп сұраудың өзі орынсыз.
Осы ретте «клуб басшысы осылай айтып тұрса, мәдениет қызметкерін жұмысқа қабылдауда сыртқы әсердің болып тұрғаны ма?!» деген ой қылаң беретіні рас.
«Жаңа жыл жарылқа» дегенді жиі айтамыз. Есіктен енген 2021 жылдан бастап жаңадан 21 үйірме ашылыпты.
Оның ішінде классикалық вокал – 1, жас ақындар – 4, қобыз – 3, домбыра – 5, дәстүрлі ән – 1, «Ару аналар» ансамблі – 1, тағы басқа үйірмелер іске қосылған.
Мұнан соң хабарламашы әр ауылдық округтегі үйірмелер жұмысына жеке-жеке тоқталды.
Иә, биылғы алқа бұрынғысына қарағанда өзгеше өтті. Сын мен мін айтылды, Кемеңгер Өтепов, Орақ Баубеков сынды мәдениет саласы мамандары ұсыныс-пікірін ортаға салды. Аудан басшысы күн тәртібіндегі жұмыстардың тез арада шешім табуын, қордаланған мәселелерге қатысты ұсыныс беруін жаңа орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен бөлім басшысы Болат Жолтаевқа тапсырды.
Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы жиын соңында:
– Бүгін “Халық театрларына” қатысты ештеңе айтылмай қалды. Театр – мәдениет бастауы. Кейде спектакль көруге келгенде сахналық киімдердің жұтаң екенін, декорациялардың сапасыздығын аңғарамын. Осы мәселеге қатысты әртістердің киімдері мен сахналық заттар алу жөнінде ұсыныс беріңіздер. Шешілу жағын қарастырайық, – дегенді жеткізді.

Есет ТАБЫНБАЕВ

20 ақпан 2021 ж. 2 654 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031