Қызылордада биыл 11 сорғы станциясы қайта жаңғыртылады
Қызылорда қаласында 62 сорғы станциясы бар. Оның 23-і өткен жылы қайта жаңғыртылды. Ал биыл 11-і жөнделеді. Жалпы, шаһарда әр түрлі қысымдағы 426 шақырым кәріз жүйесі бар.
«Жөндеуден өткен сорғы станцияларға швециялық «Флюгт» маркалы насос қондырғысы орнатылады. Ерекшелігі, автоматтық жүйе диспетчер арқылы басқарылады. Заманауи вентиляция жүйесі қарастырылған. Судың көлеміне сәйкес және КНС-тегі газдың мөлшері нормадан асқан жағдайда автоматты түрде қосылып, ажыратылады», – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы БіржанДалабаев.
Бүгінде кәріз жүйесіне байланысты қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалды. Тиісті қаражаты бөлінсе жұмысты басталмақ.
«Алайда бәрін бір жылда шешу мүмкін емес. Қалатұрғындарының да шағымына тиісінше жауап беріп, орын алған апаттық жағдай қалпына келтірілуде. Сондай-ақ, кәріз жүйелерін тексеру барысында жер асты суына тұрмыстық қалдықтарын, шүберек, бөтелке, полиэтилен пакеттерін тастағаны анықталды. Осы орайда шаһар тұрғындарынан кәрізжүйелеріне тұрмыстық қалдықтарын тастамауын сұраймыз», – деді «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Марат Жамиев.