Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық кино келбеті

Отандық кино келбеті

Рас, қазір ел ішінде қазақ киносы көп талқыға түсіп жүр. Бірі оның тарих тереңіне көз тастап, ертедегінің бағыты бөлек, ұлтқа тиер пайдасын сөз етсе, екіншісі бұрынғы мен бүгінгісін ­салыстырып, сынға алып әлек. Әрине Қазақстанның ­киноиндустриясы құрдымға кетті деуден аулақпыз. Дей тұрғанмен кей тұсындағы көзге шыққан сүйелдей болып тұрғанын айтпай кетуге болмас. Сондықтан «Қазалы» газетінің қалың оқырманы үшін осы тақырыпта әңгіме өрбітіп көрелік.
Ең әуелі ғасырға жуық мерзімді артқа тастасақ, қазақ киносының кино әлеміне әупірімдеп аяқ басқан тоқсанына табан тірейміз. Әлбетте, кино әлеміне нық қадам жасап, сол тұста таңба қалдыру осы саладағылар үшін оңай бола қойған жоқ.
Бірі білсе, бірі білмес, өйткені өнердің алтын сандығы іспеттес қазақтың кино өнері өз жеңісін Қазан төңкерісінен кейін бастады. Алғашқы киношежіре 1925 жылы түсірілді. 1928 жылы РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан акционерлік «Востокфильм» кино қоғамы құрылды.
1929 жылы Алматыда оның өндірістік бөлімі ашылды да, ол Қазақстанның өмір-тұрмысы туралы «Соңғы хабар» атты киножурнал шығарып тұрды. Режиссер В.А. Турин ел өміріндегі тарихи оқиғалардың біріне саналатын Түркістан – Сібір темір жолы құрылысы жайлы «Түрксіб» атты деректі фильмін қойды.
1934 жылы Алматыда «Кеңестік Қазақстан» киножурналын үзбей шығарып тұратын республикалық киношежіре студиясы құрылды. Осыдан кейін қазақ киносы жаңа өркендеу жолына түсті. «Ленфильм» студиясының ұжымы қазақтың алғашқы кино қайраткерлерінің қатысуымен «Амангелді» көркем фильмін жасады. Қазақ көркем фильмдерінің тарихы осы туындыдан басталады.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы қазақ киносының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, Біріккен орталық киностудия деген атпен өзінің қызметін бастады.
1941 жылы Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, ол Алматының көркем және деректі-шежірелік фильмдер студиясы деп аталды. Бұл орда кейіннен, 1960 жылдан бастап «Қазақфильм» болды. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем, 500-дей деректі фильм шығарып үлгерді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында халық батырлығы туралы, заманауи тақырыпқа арналған картиналар жарыққа шықты. Олар: «Абай әні», «Махаббат дастаны», «Шоқан Уәлиханов», «Қыз Жібек», «Ботагөз», «Атаманның ақыры», «Орман балладасы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Менің атым Қожа», т.б. Осы ерекше сәтте қазақ киносын дамытуға Ш.Айманов, М.Бегалин, О.Әбішев, С.Қожамқұловтар белсенді ат салысса, актерлерден Қ.Қуанышбаев, Н.Жантөрин, Ә.Өмірзақова сынды тұлғалар ерен еңбек сіңірді. Бұдан кейін де, қазақ кино қоржыны еншісін көрермен көзайымына айналған талай кинотуындылармен толтырып келеді.
Бодандықтан босап, ел өз тәуелсіздік туын желбіреткеннен кейін елдегі киностудиялардың саны да едәуір өсті. Егемендік ептеп аяққа тұрып жатқанда, өнердің бұл саласы бірде шеткері, бірде ілгері жүріп жатты. Сол кездегі туындылардың жарыққа шығуына ең үлкен кедергі киностудиялардың шығынға ұшырауы еді. Жекеменшік киностудиялар өздерін қаражатпен қамтамасыз ете алмаған соң, мемлекет те аянып қалмады. Соның арқасында авторлық фильмдерді ұсынып жүрген киностудиялар, түрлі жанрдағы фильмдерді де түсіруге қол жеткізді. Осыдан кейін мемлекет пен киностудиялар арнайы келісімшарт жасасып, кино өндірісінің дамуына айтарлықтай қолдау көрсетті.
Несін жасырамыз, соңғы жылдар бедерінде «қазақ киносы» деген анықтама ортақ белгіні бере алмайтыны анық болды. Отандық киноөнімдер бірнеше лагерьге бөлінді. Ол, ең бірінші, көрерменге алдымен жетіп жатқан, көбіне ұсақ студияларда әуесқой режиссерлер түсіретін, кейде «Қазақфильм» қаржыландыратын, коммерциялық не бұқаралық кино. Сәттік көңіл аулауды мақсат қылған олардың көбінің жаңалығы аз, көркемдік құндылығы төмен болатыны түсінікті. Екіншісі – мемлекеттік тапсырыспен, аға буын, не атын қалыптастырып үлгерген орта буын режиссерлер түсіретін, тарихи кино. Бұл санаттағы фильмдердің негізгі мақсаты – елжандылықты насихаттау, өткеніміздің қандай қиын болғанын, бүгініміздің қандай жарық екенін шегелеу.
Үшіншісі – коммерцияның да, идеологияның да қамытына симайтын, суреткерлік ұстанымдарына ғана адал режиссерлер тобы түсіретін авторлық, фестивальдік кино.
Келісесіз бе, соңғы жылдары елдегі көп режиссерлер тек комедия жанры бойынша туындыларын жарыққа шығарып жүр. Ал басқа жанрдағы фильмдер бірен-сараң. Неге? Өйткені қазір Қазақстандағы киносүйер көрерменнің көңілінен шығып, касса толтырып отырған комедия жанрындағы туындылар. Бәлкім, режиссерлер кеткен қаражаттың орнын толтыру үшін осы жанрды таңдайтын болар?!
PS: Мұнан бөлек қазір Қазақстанда жеке студиялар саны жетерлік. Бірінен соң бірі түрлі бағытта туындылар түсіріп, қысқаметражды киноларды жарыққа шығаруда. Оның басым көпшілігі комедия жанры. Осындай көрермен көргісі келетін киноны деңгейлі түсірілуін камера ұстаған ағайын да ұмытпаса игі еді. «Түсірмесін» деген ойдан аулақпыз. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді бір жақты көзқарас емес, екі бағытта осы саланы жандандырса екен деген тілек біздікі.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

30 қаңтар 2021 ж. 3 209 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930