Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Астың дәмін келтірер тұз киелі

Астың дәмін келтірер тұз киелі

Осы мақаланы жазуыма себепші болып, маза бермеген мына жағдай еді. Бірде сауда орталығының бірінен шығып келе жатып бір жас келіннің целофан қалтасы жыртылып ішіне салынған ас тұзы жолға шашылып қалды. Келіншек еш ойланбастан дүкенге кіріп кетті. Ізінше бір қария әже тәу ете жүріп, обал болды ғой. Малға берермін деп жинап алды. Аяқ асты болған тұзды көргенімде көлеңкелі көрініс көңіліме реніш ұялатты.
Ата-бабамыз сәбиі ақ пен қараны ажырата бастағаннан-ақ нан мен тұзды құрметтеуді үйреткен. Ыбырайым пайғамбар келген қонақтың алдына нан мен тұз қояды екен. Бірде дастарқанда тұрған тұзы төгіліпті. Пайғамбар дереу шашылған тұзды тере бастайды. Қонағы:
– Ештеңе етпейді. Несіне сонша әуре болдыңыз? – дейді.
– Жаббар Хақ жеті берекенің бірін тұзға жасырған. «Берекемді шашып аламын» деп теріп жатырмын, – дейді. Қонақ пайғамбарға риза болып тұзды бірге терісіпті.
Осыдан бастап ел арасында «Тұзды төкпе» деп тыйым салынған. Тұз төгілсе несібе азаяды. Ырыс кемиді деп сенеді. Әлі күнге дейін қазақ даласында үйде тұз таусылып қалса, көршілер бір-бірінен сұрамауға тырысады. Алғанда да сол жерде баспананың бұрышына бір түйірін шашып кетеді-мыс.
Халқымызда «Тұз да болса тегін алма», «Көршіден ақысыз тұз алсаң ащылап араларың бұзылады» деген түсінік христиандардың үрдісінен туындаған. Жетпіс жыл отаршылдықта қазақтың санасы уланып, орыстануға сәл қалған едік. Осы айтылған тыйымдар славяндарға тән, бізге жат пайым саналады. Байырғы ережеден ойды тазартуымыз керек-ақ. Тұз ас атасы нанмен пара-пар ауқаттың киелі дәмкелтіргіші. «Астың дәмін келтірер тұз киелі, елдің сәнін келтірер қыз киелі» деген тәмсілдің шығуы да осыдан.
Ежелде түркі бабаларымыз тұзды тастамай өзімен күндік, айлық, жылдық ұзақ сапарға ала жүрген. Тіптен Шыңғыс ханның сардарларының қалтасында тұз жүретіндігі аңыз болып айтылады. Ендеше тұздың қандай пайдасы, не кереметі бар?
Мамандардың пікірінше, ол адам денесіндегі сұйықтықты сақтайды. Сонымен қатар тамақтағы түрлі ­бактериялар мен микробтарды жояды. Қазақта «дәм-тұзың таусылмасын» деген бата-тілек бар. Оның мағынасын данагөйлер:
– Дәмнің таусылуы адам қуатының сарқылып, өмірден өткендігін білдіреді, – деп түсіндіреді. Жуырда ғаламтор бетіннен мынадай пікірді көзім шалды. «Қытай түрмесінде қызмет атқарған Махидолла Қиянатұлы оралман ақсақалдың айтуынша, мұнда ұдайы тәртіп бұзатын қылмыскерге тұзсыз тамақ беру жазасы қолданылған көрінеді. Кез келген азаматқа 15 күн бойы тұзсыз тамақ берсе, қуығының майы кетіп, дәретіне сүрініп қалады. Ал бір ай ұсынса, орнынан тұра алмай қалуы мүмкін». Бұл айтылғанға байланысты жоғары санаттағы дәрігер, шығыс медицинасының зерттеушісі Қайрат Айдарханұлы:
– Адам тұзды уақытымен, мөлшерімен пайдалануы керек. Тұз дегеніміз – хлорлы натрий. Егер белгілі мерзім ішінде тұзды тұтынбаса, су адам денесіндегі кальцийді шайып кетеді, – дейді.
Оның айтуынша, ас тұзы адам денесіне кальций, калий минералдарын сіңіреді. Тұзсыз тамақ ішуде аталған ­минералдар азайып, гемоглабин төмендеп, адам әлсіреп буыны құриды. Оны көп пайдаланған кезде ағза тағы да суды талап етеді де қанның көлемі артып, қысым көтеріледі. Сонымен қатар бүйрекке салмақ түсіреді. Адам денесіне тұз жиналуы ұзақ уақыт қимылдамаудан. Сондықтан жүгіріп, спортпен айналысып тер шығарып тұру керек. Тұзды лайықты тұтынған адамның денесіндегі бұлшық еттері қартайғанда салбырамай, жиналып тұрады.
Ата-баба салт дәстүрінде тұзды кеңінен қолданған. Мәселен, баланы қырқынан шыққанша ащы суға шомылдырып, денесін пысыту да қазақтарда ғана кездеседі. Ана сүтінің құрамында да тұздың бар екендігі дәлелденген. Кей адам көз тигенде отқа тұз салып ұшықтайды. Түркілерде жаңа үйленген жастарды тұзбен аластау осы күнге дейін сақталған.
Астың дәмін келтіретін ұнтақ тапшылығын көрген ел, оны қасиетті деп ауруға ем, ағзаға қуат деп бағалаған. Олай емдеуді «галотерапия» деп ­атайды. Тәжірибелі терапияның бұл түрі 1980 жылдан бастап қолданылады. Тұзды үңгірге жүйелі түрде бару тыныс жолдары ауыратындарға пайдасы зор. Жүкті әйелдердің жеріктігін жеңілдетсе, болашақ ұрпаққа мықты иммунитет қалыптастыратын көрінеді.
Тұзды біздің жыл санаумыздан 3 мың жыл бұрын пайдалана бастаған деседі. Ежелгі дәуірде оны әр ел түрлі әдіспен өндірген. Алғашқы адамдар тартылған теңіздің табанынан тазартып алып, сондай-ақ теңізге бөренені тастап, қайта судан шығарып, қақтап сыртындағы тұздың қаспағын жонып, асқа қосатын болған.
Жалпы тұз 40 жылда піседі деген де дерек бар. Әлемде жылына 264 мың тонна ас тұзы шығарылады. «Аралтұздың» 4 компаниясында 1200 адам жұмыспен қамтылған. Онда жылына 488 мың тонна ас және техникалық тұз өндіріліп, ТМД елдеріне экспортталады. Бабалар ұлағатын орындау, ас көркін келтірер тұзды қастерлеу баршаға тән. Дәм-тұздарыңыз таусылмасын, ағайын.

Кемал КӨПЖАСАРОВ
19 қаңтар 2021 ж. 3 083 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 183

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 125

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031