Мамандығын мардымды меңгергендер
“Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз” деп ұлы ғұлама, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби айтқан болатын. Осындай мамандығымен мақтанатын қаншама мұғалімдер бар. Соның бірі – логопед маманы Мөлдір Омарбекқызы.
Жалпы логопед мамандығы қарапайым жаттап алып қайталай салатын іс емес. Ол үшін өмірден алған тәжірибең, айналаңдағы адамдарға деген шынайы көзқарас, адалдық, кеңпейілділік қажет. Алдыңа келген әртүрлі диагноздағы балалар мен оның ата-анасымен тіл табыса білу керек. Бұл жерде тек бір дыбысты үйрете қоймай, кез келген образға еніп, әнші де, әртіс те боласың. Кейіпкер болып ойын ойнатып, ән айтып, сурет салып, өрнекті де кестелейсің. Ұзын сөздің қысқасы жан-жақты жанға айналасың.
Ең әуелі «логопед кім?» деген сұрақтың жауабын іздесек, ол ғажап мамандық иесі дер едім. Біріншіден, адам жанын емдеуші, өзінің тіл мүкістігі бар шарасыз жандардың көзі мен көңілінен жанын ұғынушы. Екіншіден, балаларды әрдайым назарда ұстап, жандарына қамқорлық арқылы жылу беруші. Үшіншіден, даму мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі санаттағы балалармен тіл табысып, оларға өмірдің бағытын нұсқаушы.
Міне, осындай жауапты саланы меңгерген Қазалы ауданы, Бірлік ауылының тумасы Мөлдір Сағидолла жыл басынан бері Қазалы қаласындағы Рабиға Қарымсақова басқарып отырған №1 «Ақерке» бөбекжай-балабақшасында қызмет етіп келеді.
2014 жылы Қостанай қаласындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде логопед мамандығы бойынша білім алып, 2018 жылы оқу орнын «Үздік дипломмен» тәмәмдаған. Еңбек жолын Қостанай облысы, Наурызым ауданы, Шолақсай ауылында өз мамандығымен бастаған. Артынша елге оралып, Әйтеке би кентіндегі «Рауан» инклюзивті балабақшасында да абыройлы жұмыс істеді. Алған білімін бала тәрбиесіне жұмсап, өзінің біліктілігін көрсетті.
Оның айтуынша, мамандығы бойынша айналысып жүрген бұл кесел қазірде дендеп тұр. Шыны керек бүгінде логопед кіші және үлкен топпен жұмыс жасайды. Ал менің қызым Құралай мен ұлым Абылайхан жоғарыда айтқан «Ақерке» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеленеді. Қызым бірінші сыныпта оқып жүрсе де, «с», «р», «л», «з», «ш», әріптеріне тілі дұрыс келмейді. Сондықтан балабақша басшысы Рабиға апайға өтініш айтып, логопед маманы Мөлдірдің емдеуіне бердім. Ол бір айдың ішінде жақсы нәтиже көрсетіп, Құралай қазір әріптердің дыбысталуынан болатын қиындықтарды жеңіп келеді. Байқағаным, Мөлдір тіл-жақ, көмей массаждарын пайдалана отырып, түрлі емдік-ойындар ұйымдастырады. Оның бұл ісі өз мамандығына беріліп, сүйіп жасайтынының дәлелі деп білемін.
Ұлым Абылайхан кішкентайынан алғыр, зеректігімен көзге түсіп, небәрі 4 жасқа аяқ басқан тұста осы бөбекжайдың атынан аудандық көркемсөз оқу сайысына қатысты. Жарыс нәтижесінде бірінші орынды еншіледі. Сол арқылы Ақтөбе қаласында болған ұлы Абайдың өлеңдерінен көркемсөз оқу сайысынан республикалық дәрежеде бірінші орын алып, туған жеріне олжалы қайтты. Бұл балабақшаның музыка жетекшісі Еркебұлан Нағыметтің ерен еңбегінің арқасы. Өйткені оны өзі дайындап, М.Жұмабаев, М.Мақатаев және Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқуға үйретті. Соның арқасында тек мәнерлеп оқып қана қоймай, өзін басқа қырларынан да көрсетті.
Ұлым Абылайхан үшін 2019 жыл ерекше табысты болды. Неге десеңіз, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласында өткен «Тәуелсіздікке тарту» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы сайысқа «Мен қазақпын» атты рухты әнмен өнер көрсетіп, «эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бірінші орынды қанжығасына байлады. Одан соң Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясованың ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасында «Жұлдыз болғың келсе...» атты өнер байқауында «эстрадалық вокал» номинациясы бойынша қазақ елінің рухын асқақтататын «Мен қазақпын» әнімен үшінші орынды иемденді.
Сондай-ақ кіші қызым Айша Ұлы Абайдың бірнеше өлеңдерін нақышына келтіріп, республикалық сайыстардан жүлделі бірінші, екінші орын алып келді.
Әрбір ата-ана балаларының бақытты, дені сау болғанын қалайды. Балаларыма қажыр-қайраттарын жұмсап, бойындағы талантын ашып, Құралайымның өз қатарына қосылуына үлкен еңбек еткен №1 «Ақерке» бөбекжай-балабақшасы ұжымына және басшысы Рабиға Көптілеуқызына алғаусыз алғыс айтып, еңбектеріне жеміс, толағай табыс тілеймін.
Гүлбану ЛАТИПОВА