Қыстағы қызықтар
Жақын досыңызды кезіктіре қалсаңыз ара-тұра балалық шақтан сыр шертіп, естеліктерді еске алып баяндай жөнелетіндер қатарында сіз де барсыз. Балаң көңілмен ойға оралған ойынның ережесін өздері құрастырып, асыр салатын олардың қылықтары һәм күнделікті күйбеңнің өзі көркем көрініс. Кіршіксіз көңіл, аңғал сезім, жалаңаяқ жер кезген балалықтың иісі бүгінде кез келген ес жиған жанның санасына сағынышпен оралады. Құрметті оқырман, жалпы «балалық шақ» дегенде көз алдыңызға не елестейді? Есіңізде ерекше қалғаны қайсысы?
Шыны керек, бұл сұрақ қойылғанда әуелі жымиып, артынша күрсініп, қайта келмес кезеңді ойлап, кеудені өткеннің сағынышы кернейді. Әрине, ойын баласының таңғы шықтай пәк сезіміне көз жүгіртіп, тізе берсек тоқтау жоқ. Дей тұрғанмен соның ішінде қыстың көзі қырауда жаурағанына қарамастан асыр салған сіз бен біздің бастан өткен балалық шаққа саяхат жасап көрелік.
Қыс келіп, жер беті ақ түске боялғанда қарды көріп, көңіліміз алабұртатын. Күні бойғы ойынды ойлап, төбеміз көкке бір елі жетпейтіндей еді. Ал далада отын бұтап жатқан әкеміз таңнан қораның қуысында шаң басып қалған шананы шығарып, астыңғы жүзін күміс түске бояп, қар үстінде сырғи жөнелетіндей етіп қоятын. Оны көріп, ұйқыдан тұрған күйі нәр татпастан ойнауға асығасың. Қытырлаған қардың дауысына мәз болып, шананы сүйрей жөнелесің. Сол сәтте көрші үйдегі балалар шаналарын тартып, көше бойындағы төбенің басына жиналатын. Бірінен соң бірі жаңа шаналарымен мақтанып, түзін көрсетіп, біршама қашықтыққа жететін айтып, бақ сынасатын. Білесіз бе, сол кезде шанасы жоқ бүлдіршіндер бір шананы ауыстырып ойнап, ешбір сөзге келместен асыр салатын.
Шіркін, ол уақыттағы шаналардың көбісі әкеміздің қолынан шыққан еді ғой! Бірінің бетінде ағашы болмай, бір жанына қарай ығысып отыра кетесің. Сірә болмады дегенде астына көрпеше төсеп, сырғи жөнелесің. Ал басына байланған жіптің өзі екіге бөлінеді. Бірі қорадағы сиырдың мойынында байлауда тұрғаны болса, екіншісі сол малға беретін шөпті байлайтын сым.
Айтпақшы, аулада аққала тұрғызатын едік. Үйдің есігінен шыға бере екі алақаныңды жерге қойып, алыстан тартып, қар жинап аласың. Сосын алма кезек қолды екі жаққа қаратып қарды доңғалақтап, жерге қойып домалата жөнелесің. Сөйтіп алып аққаланың астыңғы бөлігін құрастырып, келесісін бастайсың. Әлсін-әлсін екі қолды бос күйі қысып, ауызға тақап, үрлеп-үрлеп аласың да ойнай кетесің. Қолғап малмандай су. Әйтеуір сөйтіп жүргенде аққала аяққа тұрады. Міне, қызықтың бәрі осы кезде басталады. Оның басына үйге көмір таситын шелекті кигізіп, көзіне кішкентай көмір жапсырасың. Сосын көкжәшіктен көргендей мұрнына салатын сәбізді алу үшін асханаға ұрлана кіріп, ана айқайының астында қаласың. Сыртқа жүгіре шығып, қолдағы сары сопақты аққаланың мұрнына қадай салып, аузын сынған жыңғылдан жасайсың. Ал сол қолына сыпыртқы қыстырып, оң қолына қара қалақты ұстатасың. Қандай керемет, ә? Енді аулада қар ерігенге дейін жымиып тұратын аққала бар. Мұны айналаңдағыларға мақтана айтып жүресің.
Жоғарыда сөз еткен көше бойындағы асыр салған балаларға оралайық. Жаурағанын сезбей жүрген жүгірмектер төбешіктің үстінен алма кезек домалап, шанамен ойнау жөніне қалады. Осыдан соң бүлдіршіндер құйрығының астына ауыл балалары «баклашка» атап кеткен затты қойып алып, сырғанауға кетеді. Ара-тұра қармен атысып, ер балалар бір күресіп алады. Осылайша кештің қалай біткенін аңғармай, шанаңды сүйреп үйге ораласаң. Шарбақта төбе-төбе болған қар. Әкеміз айырдың екі ортасына қорада қалған жұқа «тақтайды» қыстырып, тазалап жүр. Жапалақтап жауған қар әкеміздің күреп ашқан жолдарын ақырындап жауып барады. Тек көмір сарай, қора мен әжетқанаға баратын жолдарға аяқ киімнің ізі түскен. Міне, мұның барлығы ойға оралғанда балалық шақты сағына еске алып, бір күрсініп қоя бересің. Мойындаңызшы, өте әсерлі көрініс емес пе?!
Осыдан соң қыстың көркін одан әрі келтіре түсетін Жаңа жыл мерекесі келіп жетеді. Бұл айтулы мереке жақындады дегеннен басты кейіпкері Аяз атаны асыға күтіп, тақпақ дайындайтынбыз. Ал анамыз үйдің ішін мерекеге сай безендіріп, әкеміз төр бөлменің бір бұрышына ойыншықтармен өрнектеп шырша орнататын. Оның үстіне «Аяз атадан қандай сыйлықтар күтесіңдер?» деп, бізді мәз қылып қоятын. Осылайша аздаған уақыттан кейін көптен күткен үлкен мереке де келіп жетеді.
Әдеттегіше, 31 желтоқсан күні таңертең ерте тұрып, кеш қарайғанға дейін тыным таппай қонақтардың әкелген сыйлықтарына қарқ болатынбыз. Содан соң күн ұясына батып, сағат 00:00-де Елбасы көк жәшіктен бой көрсетіп, барша қазақ еліне жылы лебізін білдіріп, мерекемен құттықтайды. Осы сәтте біз, қалың ұйқыға кетіп, жаңа жылдың қалай өткенін сезбей қалатынбыз. Әйтеуір ертесіне ата-анаңнан «кеше Аяз ата келді ме?» деп сұрасаң, «келіп еді, сенің ұйықтап жатқаныңды көріп, кетіп қалды» деп ойымызды сан-саққа жүгіртіп қоятын. Ал сыйлық жөніне қалады. Өкінішті, енді жаңа жылды тағы 1 жыл күтуге тура келеді. 364 күн асыға күткен мерекені оймен сезініп рақат алатын қайран балалық шақ десеңізші?!
Жасыратыны жоқ, бала күндегі қызықтың көбісі мектеп қабырғасында жүргенде орын алады. Соның ішінде жаңа жыл кешіне қатысу. Ондағы жағдай былай өрбиді.
Мереке мектеп бекіткен уақытпен сағат таңғы 9:00-де басталып кетеді. Ал біз бір күн бұрын әсем киімімізді дайындап, ертерек ұйықтауға тырысатынбыз. Сондағы ойымыз ертеңгі кеште Аяз ата алдында тақпақ айтып, сыйлығын алу.
Әдеттегідей таң атты. Сағат 9-ға 10 минут қалды. Қызықтың көкесі сол кезде басталады. «Мен жаңа жылдан қалып қойдым» деп үйді «басымызға көтеріп», талай рет анамыздың жаңа жылдық шапалағынан дәм таттық. Негізінде бірден бастала қоятын шырша жоқ. Бала болған соң ба, тәртіпке бағынып, айтылған уақытта баруды ойлап тұрамыз. Бастысы Аяз атаны көре алмай қаламын деген қорқыныш. Әйтеуір асығыс-үсігіс үйден шығып, білім ордасына жетіп жығыласың. Есіктен кірісімен барлығы киім ауыстыратын бөлмеге қарай ығысып, сыныптастар қандай кейіпкерге айналып жатқанын қадағалап тұрасың. Білесіз бе, сол кездегі ер балалардың ерекше сәнді киімінің бірі – қара костюм шалбардың жиегіне «дождик» (біз осылай атайтынбыз) тігіп, желбіретіп қою еді. Мұның өзі бізді өзгелерден ерекшелеп тұратын.
Аз уақыттан кейін көптен күткен мереке басталады. Әсем шыршаны балалар қол ұстаса айналып, алғашқы жаңа жылдың ұсқынсыз кейіпкері Мыстан кемпірді күтеді. Ал оны сомдайтын мектептің тазалықшы апайы болады. Артынша бар дауыспен Аяз атаны шақырып, қарсы алады. Осыдан соң кезекпе кезек Аяз атаның алдында қанша күннен бері жаттаған тақпақты айтып жарысамыз. Бұл сәтте кешке бірге келген анаң сенің тақпақты ойдағыдай орындағаныңды күтіп, уайымдап, бірге қайталап тұрады. Ал сен ұмытқан жеріңде анаңа бұрыласың. Сондағы алатын сыйлық «Фея перизат» шоколады. Оны алудың өзі бөлек көңіл, ыстық сезім. Осымен көптен күткен кеш өз мәресін жетеді. Барлығымыз жанталаса 500 теңгеден жинаған сыйлықты еншілейміз. Сосын үйге жеткенше асығып, әкемізге «Аяз атадан алған сыйлық» деп мақтана көрсетіп, барлығына теңдей бөліп беруін өтінесің.
Жоғарыда аталған балалық шақтағы естеліктер қыс мезгіліндегі ең ерекшесі, әрі қазір ыстық сезілетіні. Құрметті оқырман, бұлардың барлығы сіздің бала кезіңізде басыңыздан өтті ме?
Абзал ЖОЛТЕРЕК