Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу ордасы оқытушылары – Қазалыда

Оқу ордасы оқытушылары – Қазалыда

№266 мектеп-лицейде аудан мектептерінің 11 сынып оқушылары Алматы қаласындағы қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен келген профессор-оқытушылармен кездесті. 90 жылдық тарихы бар бұл киелі шаңырақ алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін білікті мамандар даярлауда елдегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.
Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті 1928 жылы ашылып, 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты деп аталды. Оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді. Қазақ халқының аяулы перзенттері, ұлт мақтаныштары О.Жандосов, С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов, І.Қабылов, Б.Алманов, Т.Жүргенов институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысқан. Алғаш жоғары оқу орнын ашуға, қалыптастыруға зор еңбек сіңірген тұңғыш ректор Санжар Асфендияров есімін ерекше ілтипатпен атаған жөн.
Кездесуде университтің тарих және құқық институтының ғылыми сала жөніндегі орынбасары Мұхтар Мұратқазин, Сорбонна-Қазақстан институты, халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Ғани Меңлібаев, филология және көптілді білім беру институты, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, топ жетекшісі Ерсайын Молдасанов, педагогика және психология институтының кәсіби бағдар беру жұмысына жауапты, педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Бауыржан Жанкушков мамандықтар мен білім бағдарламалары жайында мағлұмат берді. Университет тарихына қатысты деректер мен мәліметтерді презентация арқылы таныстырды.
Қазір университет құрамында 7 институт жұмыс істейді. Педагогика және психология; Математика, физика және информатика; Филология және көптілді білім беру; Өнер, мәдениет және спорт; ғылым және география; тарих және құқық; Сорбонна-Қазақстан институты. Шетелдіктерге арналған жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті де бар. Университет өміріндегі маңызды оқиға – Сорбонна институтының ашылуы, Сорбонна – Париж университетінің 800 жылдан астам тарихы бар филиалы.
Оқу орнының материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай жаңа ақпараттық құралдармен, компьютерлермен, интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Озат оқитын және қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын студенттерге арнайы Президенттік және ректордың шәкіртақысы тағайындалады. Сондай-ақ әр сессияның қорытындысы бойынша ақылы бөлімнің жақсы оқитын студенттері мемлекеттік гранттан босаған орындарға жарияланған конкурсқа қатысуға мүмкіндік алып, үздік студенттер мемлекеттік гранттың иегері бола алады, жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Кездесуден соң университет мамандары шәкірттерге оқу орнының мәліметтері туралы жазылған материалдар таратты. Қатысушылар университет пен оның мамандықтары туралы толық ақпаратпен танысып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Ләйла ДӘСТЕНОВА
22 ақпан 2020 ж. 1 206 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 70

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930