Сот шешімін орындауға жіберу тәртібі
Шешiм дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, заңды күшiне енгеннен кейiн Азаматтық процестік кодексте белгiленген тәртiппен орындауға жіберіледі. Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылып беріледі. Соттың дереу орындалуға тиiстi шешiмi бойынша атқару парағы шешiм шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жазылады және орындауға жiберiледi.
Атқару парағын бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде жазып береді. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін.
Атқару құжатында шешім шығарған соттың атауы, iстiң нөмiрi және шешiм шығарылған күн, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, т.б деректер көрсетiлуге тиiс. Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Ол өндіріп алушыға беріледі не оның арызы бойынша сот аумағы бойынша тиісті әділет органына болмаса жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жібереді.
Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома, барлық жауапкерлер және олардың ортақ жауаптылығы көрсетіледі.
Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шара қабылдаса, тыйым салынған мүліктің тұрған жерi және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттың көшiрмелерi осы құжатпен қоса беріледі. Электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында беріледі.
Атқару әртүрлi орындарда жүргiзiлуге тиіс болғанда, сондай-ақ шешiм бiрнеше талап қоюшының пайдасына немесе бiрнеше жауапкерге қарсы шығарылса, сот өндiрiп алушының өтiнiшi бойынша атқару орнын, осы атқару құжаты бойынша орындалуға тиiс шешiмнiң сол бөлiгiн дәл көрсетіп, бiрнеше атқару құжатын жазып береді.
Сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не мөрмен куәландырылған үзiндi көшірмесін береді. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, сот актісінің көшірмесі немесе үзiндi көшірмесі судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында қоса беріледі.
Сот процестік құқық мирасқорлығы туралы ұйғарым шығарған жағдайда сот шешімі шығарылғаннан және ол орындауға жіберілгеннен кейін жаңа борышкер көрсетіліп, атқару құжаты жазып беріледі. Заңды күшке енген шешімді орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Гүлнұр БАЙМАХАНОВА,
Қазалы аудандық сотының бас маманы