Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарулы күшіміз қауқарлы ма?

Қарулы күшіміз қауқарлы ма?

Биылғы жыл әлем елдері үшін күтпеген қиындық пен келеңсіздіктен басталды десек қателеспейміз. Өйткені жарылыс, орман өрті, пандемия бірінен соң бірі ентелей келді. Енді тынышталдық па дегенде таулы Қарабақтағы қақтығыс бұрқ етті. Басты себеп – жер дауы.

Әзірбайжанның Таулы Қарабақ аймағында соғыс қыркүйектің 27-сі күні басталып, 43 күнге созылды. Сол аралықта қанды оқиға орын алып, әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды. Онда елшілер емес, қару сөйлеп, талай жан оққа ұшты. Бейбітшілік заманда екі ел арасындағы қақтығыстың салдарынан мемлекеттер әр тарапқа бөлініп, кімнің бұрыс, кімнің дұрыс екенін талқыға салды. Әйтеуір соңында қақтығысқа нүкте қойылды. Әзірбайжандықтар Таулы Қарабақты өздеріне қайтарып, Армения жеңілгенін мойындады. Сондай-ақ екі аралықта ені 5 шақырым болатын Лашын дәлізіне 1960 сарбаздан, 90 бронды техника, 380 автокөлік және арнайы тенхикадан құрылған Ресейдің бітімгерлік әскері кіргізілді. Олар Таулы Қарабақ пен Армения арасын байланыспен қамтамасыз етеді. Бірақ осы аралықта орналасқан Әзірбайжанның қарамағындағы Шуша қаласына тиіспейтін болды.
Мұның астарында үлкен саяси қадам жатқаны даусыз. Алайда бейбітшілік заманда аяқасты екі ел арасында қақтығыс туып кетерін кім ойлаған. Сол секілді тәуелсіз мемлекетіміз қай күні қай бүйірден соққы алары сіз бен бізге белгісіз.
Бір кездері азаматтардың әскерге баруы мен келуі де өзінше бір қуаныш болатын. Оның үстіне жыл сайын әскерге бару азаматтық міндеттен бұрын, қажеттілікке айналып бара жатқаны тағы бар. Мұны неге айтып отырмыз? Егер бүгінгі жас, отан алдындағы борышын өтеуден қашқақтайтын болса, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мықты армия құру мүмкін бе? Сайып келгенде Қазақстанның Қарулы Күштері кез келген жағдайда алдына қойылған тапсырмаларды орындауға қауқарлы ма? Сондықтан бұл ретте осы мәселенің бірінші төбе көрсететіні белгілі.
Алдымен жалпы жұртшылықтың көкейіндегі «Елдің қарулы күші жерімізді жаудан қорғап қалуға қауқарлы ма?» деген сауалдың төңірегінде ой тарқатсақ. Бұған біржақты жауап беру оңайға соқпас, дегенмен оқырман қауым назарына мына бір сапалы да сандық жайтты ұсындық.

Ел әскерінің әлеуеті қандай?
Ресми ақпараттарда Қазақстанның Қарулы Күштері 74 мың адамнан жасақталған. Мұндайда «Елді қорғауға мұншама әскер жеткілікті ме?» деген сұрақ туындайды. Халықаралық зерттеу орталықтарының мәліметінше, Орталық Азиядағы айтарлықтай тегеурiндi деп саналатын қазақ армиясындағы әскери қызметкерлер саны жалпы халықтың бiр процентін де құрамайды екен. Яғни елдегі 217 мыңға жуық тұрғынның бiреуi ғана өз тағдырын әскери қызметке арнайды деген сөз. Ал жер аумағы, тіпті халық саны жағынан болсын елімізден қалыс қалған Белоруссияның әскері – 80 мың. Байқасаңыз осы көрсеткіштің өзі-ақ біздегі әскер саны өте аз деген қорытынды шығарадды. Рас, егер олардың қару-жарағы ең соңғы үлгіде жасақталып, құрамның жартысынан көбі жоғары білімді болса алаңдауға себеп те болмайтын шығар. Бірақ осы талап бізге сай келе ме?
Еліміздің әскери әлеуетін сандармен сөйлетсек. Қазақстанның төрт түрлі әскері бар. Олар – әуе қорғаныс және әскери-теңіз күштері, құрлықтағы әскер мен Республикалық гвардия. Нақтыласақ, әскер саны 74 000, әуе күштері 19 000, құрлық әскері 47 000, әскери-теңіз 3000-ға жуықтайды. Оның ішінде танк саны 5000, тікұшақ 130-ға жуық, әскери көлік 4000, минометтер 2500-ден астам.
Жоғарыда тізбектелген көрсеткіштермен қорғаныс саласының бірқатар маманы келіспейді. Олардың айтуынша, еліміздің әскерін сапалы техникамен жабдықтау үлкен мәселеге айналып отыр. Неге? Себеп қираған империядан «мұраға» қалған техниканың басым бөлігі тозығы жетіп, көбі тіпті қолдануға жарамсыз.
Айталық, біздегі «істен шықпаған» танкі саны шамамен 900-ді құраса, оның оның 30% – Т-62, 70% – Т-72. Ал осы типтегі танкі пайдалану мерзімі өткен техникалар қатарына кіреді. Мотоатқыш бөлімдерде де осы кемшілік. Сұранысы жоғары болғанымен, БМП 1-2 маркілі атқыш техникалар қарулы күштерімізде 500-ге ғана жетеді. Бізде тіпті әскери техникаларды жөндеуден өткізетін база да жоқ. Сонымен қатар, жойғыш МИГ-25, шабуылдаушы СУ-25, бомбалаушы СУ-24 сияқты мотоқорларды пайдалану қауіп туғызуда. Маман сөзіне сенсек, бізде қару-жарақтың – 50, әскери техниканың 70 проценті ескіріпті.
Көңіл көншітерлігі жыл өткен сайын Үкімет қорғаныс саласын қаржыландыруды ұлғайтып келеді. 2018 жылдың өзінде әскери бюджеттің көлемі 165,469 млрд теңгені құраған. Бұл әсте төмен көрсеткіш емес. Өткен 2009 жылмен салыстырғанда 19 процентке, 26 млрд теңгеге артқан. Ал 2007 жылы Қазақстанның әскери бюджетi тұңғыш рет миллиард долларлық межеден асып түсiп, 1 млрд 220 миллион долларды құрады.
Шекара шебін кім күзетеді?
Елімізде орташа есеппен әскерге шақыртылған әрбір 10 бозбаланың төрт-бесеуі жарамсыз деп танылады екен. Ал әскери қызметке жарамдылардың басым бөлігін Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласынан шақырылғандар құрайды. Төменгі көрсеткіш Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының үлесінде. Әскерге шақырушы өткізетін медициналық комиссия жұмысына да барлық жұрттың көңілі тола бермейді. Осы мекеме қабырғасынан шығатын «бай балалары орайын тауып әскерге бармайды», «отсрочка» алуға болады екен», «әскерге әлжуаздарды әкетіп жатыр-мыс» деген алып-қашпа сөздер қалың көпшіліктің құлағына түрпідей тиетіні жасырын емес. Шындығында ертең бүтін бір елдің тыныштығын күзеткен сарбаздың денсаулығы сыр беріп, қашқақтай берсе, қайтпекпіз?
Осы ретте қуанарлығы, соңғы жылдары жауынгер атануға жарайтындар біртіндеп көбеюде. Оның себебі де түсінікті. Құқық қорғау саласында қызмет атқарғысы келетін жастардың біразы әскерге «әскери билет алу үшін аттанатыны белгілі. Алайда айпағымыз бұл емес.
Осы ретте аудан тұрғыны, қазірде Алматы облысы, Қапшағай ауданында әскери қызметтегі Бақытжан Сұлтан өз ойын білдірді.
– Жасырып жабатыны жоқ, қазіргі таңда қолында дипломы болғанымен жұмыс таппай сандалған ауыл жастарының негізгі барар жері – осы әскер. Ал кеше ғана оқуын бітірген жастың, аз уақыт ішінде әскер өміріне бейімделіп кетуі де қиын. Анығында саннан сапаға көшетін кез жеткен сияқты. Өйткені келісімшартпен жұмыс істейтін олар жаңа заманға сай қандай да бір қызметтік іс-қимылға дайын болуы керек. Әскерге бас болатын генералдың өзі әскери-теория жағынан қатардағы жауынгерден оқ бойы озық тұрғаны маңызды. Екіншіден, жасы үлкен маман офицер болып, жастар қатардағы жауынгер болуы тиіс. Мен осы салаға тек сыннан өте білгендерді ғана жіберер едім. Себебі еліміздің шекарасын тек маманданған, қабілеті жоғары, белгілі бір саланы жете меңгерген, бастысы, моральдық жағынан таза адамның қорғағаны дұрыс, – деген пікірін жеткізді.
Қазақстанға қару-жарақ қайдан келеді?
Басты тақырыпқа оралайық. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы жыл сайын қорғаныс қабілетін, әскери қуатын мүмкіндігінше жақсартуға тырысуда. Әлем проблемасын зерттейтін SIPRI Стокгольм институтының зерттеуіне сүйенсек, соңғы 30 жылда Кеңес одағы тарағалы бері біздің елдің қару-жарақ арсеналы ресейлік өніммен толтырылады.
Атап айтсақ, ел астанасы Ресейден авиациялық техника, оның ішінде Миг-29 жеңіл атқыштарын, Су-25 шабуылдаушыларын, Су-27 мен Су-30МК атқыштарын, сондай-ақ Ил-76, әскери-транспортты және Ми-8/17 тікұшақтарын сатып алған еді. Ел әскерінде кеңестік Т-72 танкі бар. Осыған байланысты KADEX көрмесінде «Уралвагонзавод» корпорациясы қазақстандық клиент үшін Т-72 танкісінің заманауиланған үлгісін көрсетті. Бұл машина Сириядағы және өзге де Таяу Шығыс елдеріндегі соғыс тәжірибесі негізінде қаладағы соғыс үшін құрастырылған.
Ең атаулы техниканың бірі ретінде әуе шабуылынан қорғанатын С-300 жүйесін атауға болады. Бұл зениттік-зымыран кешенінің 5-еуі Қазақстанға ақысыз, тегін берілді. Яғни Қазақстан Ресейден техниканы сатып алып қана қоймай, ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының қатысушы елі ретінде әскери-техникалық серіктестік аясында Сергей Шойгу ведомствосынан тегін алады. Ал осыған қатысты Швециялық институттың мәліметінше, Астана Ресейден қару-жарақ сатып алу үшін соңғы 25 жылда 1,36 млрд доллар жұмсаған.
Байқасаңыз, осы ретте әскерімізді қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған көрші Ресей елі екені анық байқалады. Сонда тек бір мемлекеттен ғана өнім алына ма?
Жоқ, негізгі серіктес Ресей болғанымен өзге елдердің ұсынысы да назардан тыс қалған емес. Қазақстан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қару-жарақ нарығындағы басты серіктестер қатарына Чехия, Қытай Халық Республикасы, Израиль мемлекеті, Италия, Аустрия және Германия елдері кіреді.
Қазақстанның бірнеше елден жарақ кіргізетініне көзіміз жетіп отыр. Дегенмен осы ретте «Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған елдің өзінен қажетті қару-жарақ өндірілмей ме?» деген сауал туады.
Әрине өндіріледі. Қорғаныс министрлігіндегі мамандар соңғы жылдары Қазақстан қорғаныс өнеркәсібіне де көңіл бөліп келеді. «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы жылына 120 бірлік техника шығаратын әлеуетке ие. «Номад», «Барыс» және «Арлан» деп аталатын оқ өткізбейтін көлік түрі өзіміздің зауытта құрастырылады. Тіпті Оралдағы «Зенит» зауыты еліміздің әскери флотына арнап әскери-теңіз кемесін шығаруда.
Айта кетейік, біз мақалаға арқау етіп отырған ақпараттар 2018 жылға дейінгі көрсеткіш. Ал бүгінгісін біле алмадық.
Шындығында Қазақстан барлық алпауыт елдермен бітімгершілікте болып, өзара келіссөз жасап отырғаны сөзсіз. Дегенмен кішкене себептің салдарынан арам пиғылдағы жат жерліктердің қандай ойда жүргені беймәлім. Бастысы – бұқараның амандығы. Сол үшін ел шекарасын күзеткен азаматтар жүктелген жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Қарулы Күштерінің әлсіздік танытпауы қажет.
Абзал ЖОЛТЕРЕК

17 қараша 2020 ж. 1 041 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930