Украинадан Қазақстанға 15 тонна гуманитарлық көмек келді
15 тамызда Киевтен Нұр-Сұлтанға коронавирус инфекциясы мен пневмонияны емдеуге байланысты гуманитарлық көмек келді.
Дәрілік заттардың арасында - "Меропенем" инъекциясына және "Левофлоксацин" инфузиясына арналған ерітінді бар. Жалпы саны 80 мыңнан астам флаконды құрайды.
Елге келген 15 тонналық жүктің жалпы құны шамамен 87 миллион теңгені құрайды.
Гуманитарлық көмекті #KustoHelp қайырымдылық қоры Қазақстанның Украинадағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Жоба Украинада орналасқан Kusto Agro компаниясының арқасында жүзеге асырылды. Осылайша, шетелдегі қазақстандық бизнес өкілдері пандемиямен күресуге өз үлесін қосып, отандастарына көмек қолын созды.
Біз, Украинада тұрып жатқан және жұмыс істейтін қазақстандықтар отанымыздағы коронавирустың қиын жағдайына бей-жай қарай алмадық. Сондықтан біз дәрігерлерімізге дағдарысты тезірек жеңуге көмектескіміз келеді. Біздің көрсеткен көмегіміз - Қазақстандағы коронавирустық эпидемияны жеңуге сеп болады деп үміттенеміз. Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігінің қызметкерлеріне компанияның гуманитарлық әрекетін қолдағаны үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстандық дипломаттар дәрі-дәрмектердің сенімді жеткізушісін табуда және көлік-логистикалық мәселелерді шешуде үлкен көмек көрсетті, - Kusto Agro директорлар кеңесінің төрағася Дәулет Нұржанов.
Гуманитарлық көмек бұдан әрі ақысыз негізде Қазақстандағы медициналық ұйымдарға беру үшін "СҚ-Фармацияға" жіберіледі.
baq.kz