Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі істің берері мол

Берекелі істің берері мол

Нұрлан АМАНБАЙ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Аудандық статистика басқармасынан алынған жедел ақпаратта 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 3 млрд 768 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда өсім 103,0 процентке артқандығы жазылған. Осы жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы саласына 204,6 млн теңгенің инвестициясы тартылыпты. Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбаймен сұхбаттасып, аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды сұрап білген едік.
– Нұрлан Аманкелдіұлы, «Егінші жылда арманда...» дегендей биылғы диқаншылық жайы қалай? Қанша гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды? Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар ма?
– Биыл барлығы 17 626 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасты. Межеміз 17 511 гектар болатын. Иә, өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Өйткені былтыр 17 105 гектарға егін ектік. Дәндi дақылдар 7616, майлы дақылдар 108, мал азықтық дақылдар 7652, картоп, көкөнiс, бақша 2250, негізгі дақыл күрiш 6496 гектарға егілді.Оларды орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән беріліп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай 140, арпа 108, тары 4, сүрлемдік жүгері дақылы 200 гектарға артты. Егістен межелі өнім алу үшін шаруашылықтар 4681 тонна минералды тыңайтқыш және ­зиянды организмдерге қарсы күресжұмыстарын жүргізуге 7890 литр пестицид сатып алды. 2020 жылдың егісіне 1818 тонна күріш және 134 тонна жаздық бидай, 60 тонна арпа, 1,8 тонна мақсары, 30 тонна жоңышқа және 25 тонна жүгері дақылдарының тұқымдары пайдаланылды.
Шаруашылықтар күріш тұқымы сорттарын жаңарту мақсатында барлығы 655 тонна элита тұқымын сатып алды. Бұлбарлық қажетті тұқымның 36,0 процентін құрайды.
– Аталған істі жүйелі жүргізуде сапалы, сақадай сай техниканың орны бөлек...
– Иә, дұрыс айтасыз, техниканың күшімен бітетін шаруа көп. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарына 287 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан 1430 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға әр литрі 162 теңгеден таратылды. Оны жеткізіп беруші оператор «НефтьТрансҚызылорда» ЖШС. Шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 458 млн теңгеге 15 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жоспарлап, бүгінгі таңда «Рза-Агро» ЖШС бойынша 3 дана доңғалақты трактор және 3 дана жер тегістегіш алынды.
– Тіршілік көзі судың қай салада да маңызы зор. Су жолдарын тазарту және жөндеу жұмыстары биыл қолға алынды ма?
– Алдымен дақылдарды суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін биыл 396,16 млн м³ және экологиялық қажеттілікке 270,0 млн м³ барлығы 666,16 млн м³ су лимиті бөлінгенін айта кетейін. 2019-2020 жылдары Әйтеке би кентіндегі «Ақарық» каналын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазір құрылыс толық аяқталды. Кенттегі «Ақкиіз» және Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Ақарық» каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының теңгеріміндегі Оң жаға магистралды каналынан бастау алатын Басықара каналының 15,7 шақырымы механикалық тазалануда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы Қазалы қаласын экологиялық жағдайын және сумен қамтамасыз етілуін жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, «Көне қырғыз» және «Дәулетарық» каналына механикалық тазалау және гидротехникалық құрылысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу күз айларына ­жоспарланып отыр.
– Әне-міне дегенше жаз мезгілінің екінші айы аяқталып қалды. Қандай жұмыстарды аяқтай алдыңыздар?
– Қазір шаруашылықтарда егісті күтіп-баптау және жоңышқа ору жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылықтардан алынған мәлімет бойынша бүгінгі күні 4900 гектар күріш егісі үстеп қоректендіріліп, 5550 гектарының арам шөптеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, 800 гектар сүрлемдік жүгері дақылына культивация жүргізіліп, 500 гектары үстеп қоректендіріліп, суғарылған.
Сонымен қатар ораққа түсетін 3676 гектар ескі жоңышқа дақылының бірінші орымы толық аяқталып, 4690 тонна жоңышқа шөбі дайындалды. Енді екінші орым жұмыстары жүргізілуде. 530 гектар жаздық бидай дақылын жиналып, 417 тонна өнім алынды. Бидай жинау жұмыстары жалғасуда және алдағы 1-2 күнде арпа дақылына орақ салады.
– Біздің өңір егін шаруашылығымен қатар мал өсіремін деушілерге де қолайлы. Ата кәсіпті дамытушылардың жай-күйі қалай?
– Мал басында өсім тұрақты. Мүйізді ірі қара 40037, қой 68792, ешкі 46283, жылқы 32202, түйе 10933 басқа жетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Етті мал шаруашылығын дамытудағы 2018-2027 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында осы жылы 125 бас шетелден МІҚ малын, 5000 бас қой сатып алу, 1280 бас бордақылау алаңына бұқашық өткізу, 5425 бас МІҚ малының аналығын тұқымдық түрлендіруге қатыстыру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда өзге елден 80 бас МІҚ малы және 335 бас қой сатып әкелінді. Айта кету қажет, аталған бағдарламаға қатысушылар қаржыландыру жұмыстарына жаппай кірісуде. Сондықтан жыл соңына дейін жоспар толық орындалатын болады. МІҚ малының аналықтарының басын көбейту мен оларды тұқымдық түрлендіру жұмыстарына 2750 бас аналық немесе 110 бас бұқа қатыстырылып, орындалуы 50,7 процентті құрады.
Алайда бордақылау алаңдарына 23 бас бұқашық өткізіліп, орындалуы бар болғаны 1,8 процентті құрап отыр.
– Бұған не себеп?
– Бордақылау алаңдарына бұқашық өткізу жұмыстарының баяу жүргізілу себебі, бұқашықтар салмағының бордақылау алаңдарына өткізу талаптарына сай келмеуінен болуда. Әр бұқашықтың салмағы 200 келіден жоғары болуы тиіс. Бұл салмаққа негізінен күз айларында толық келе бастайды.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен тұрғын үй сатып алушылар туралы айтсаңыз...
– Бағдарлама шеңберінде 79 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге 330,5 млн теңге қаржы қаралып, мамыр-маусым айларында 54 маманға 214 731,0 мың теңгесі игерілді. Қалған қаржы белгіленген қаржылық жоспарға сәйкес қыркүйек айында игереріледі. Көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке 88 маманға 24,5 млн теңге қаралып, әр маманға 277 800 теңгеден ұсынылып, қаржы толық игерілді.
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
21 шілде 2020 ж. 571 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031