Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨҢІЛДЕ ЖҮРСЕК КӨБІРЕК...

КӨҢІЛДЕ ЖҮРСЕК КӨБІРЕК...

Ұлағатты ұстаз еді...
Кейде бірге жүрген дос-жолдастың қадірін біле бермейсің. Біле бермейтінің — мынау тоқтаусыз өмір көшінде мәңгілік сапарлас бола беретіндей сезінесің. Ал тірлік заңы – қатал.

Сол ақиқатты нақ осы күндері шынайы сезіне бастаған сияқтымыз. Небір асыл азаматтарымыз бақилық дүниеге көш басын мезгілінен ерте бұрып, жүрегімізді өкініш өрті, сағыныш дерті басуда.
Сондай жақсы достың бірі – Руслан Ізбақыш еді...
Күні кешеге дейін хабарласып, сыртынан жақсы істерін мақтан тұтып жүрген азамат туралы өткен шақпен айту қандай ауыр?!
Амал жоқ енді... Сөз басында жалпы жұртшылыққа түсінікті болу үшін Руслан Оңдасынұлы туралы аз-кем түсінік бере кетелік.
Ол 1960 жылы 31 желтоқсанда Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Әйтеке би кентіндегі Қ. Сәтбаев атындағы №216 орта мектепті бітірген соң «Бозкөл» кеңшарында еңбек етеді.
1978 жылы Гурьев педагогикалық институтының даярлық курсында оқып, одан әрі тарих факультетінде білім алады.
1983 жылы педагогикалық еңбек жолын №146 «Ажар» сегізжылдық мектебінде бастайды. 1988-1993 жылдары осы мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, одан кейін директорлыққа тағайындалады.
Біздің айтайық дегеніміз, ол тарих пәні мұғалімі болғанымен әдебиетке құштар еді, баспасөзбен берік байланысып, мақалаларын ұсынып отыратын. «Шағын жинақты негізгі мектептегі тарих сабағын ұйымдастыру» тақырыбындағы әдістемелік мақаласы «Білім кілті-Ключ знания» журналында жарияланып, көпшілік қызығушылығын тудырғаны жадымызда.
Ол көршілес облыстың «Ақтөбе» газетіне де өзінің танымдық-тағылымдық тұрғыдағы мақалаларын жолдап тұрды. Соның нәтижесінде Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.
Ұстаздық еңбегі «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен аталып өтілді. Ізгілікті істері еленіп, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының «Сауап» медалін кеудесіне таққан. «Ақтөбе Медиа» төсбелгісін де жарқыратып жүретін.
Міне, осындай аяулы азамат алдағы желтоқсан айында келуі тиіс алпыс жасына да жетпей арамыздан кете барды.
Біз, осы мақаланың авторлары Руслан Ізбақышты біріміз сонау студенттік жылдардан бірге келе жатқан жақсы дос деп білсек, екіншіміз облыстағы ұлағатты ұстаз ретінде танитын едік. Ал ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі тұрғысынан екеумізге де әріптес, қаламдас ретінде жақын болатын.

Ел-халықтың бағасы
«Сыр Медиа» ЖШС-на қарасты аудандық «Қазалы» газетінің 2015 жылғы 1 желтоқсандағы санында мынадай мақала жарияланыпты. Руслан Ізбақышқа қатысты болғандықтан осы мақаланы көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік:
Ауыл азаматы өз орнын тапты
Осыдан бірнеше ай бұрын Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Ажар елді мекенінің тұрғындары аудан əкімі Нажмадин Шəкизадаұлына хат жолдаған болатын. Онда ұзақ жылдар бойы мектеп директорлығы қызметін абыроймен атқара жүріп, кішкентай ауылдың уыздай ұйып, ауызбіршілікпен тірлік етуіне ұйытқы болып келген Ізбақыш Русланды өз қызметіне қайта отырғызуын сұраған еді.
Руслан Оңдасынұлының денсаулығына байланысты өз өтінішімен жұмыстан босап, мектептің басшысыз қалуы ауыл халқын қатты алаңдатты. Сонымен қатар ауыл халқы жазған хаттың мəтінінде: «Қазір мектеп басшылығы қызметін атқарғысы келетін адамдар көп шығар, алайда олар отбасымен көшіп келмесе, тұрғындармен «тонның ішкі бауындай» араласа алмаса, біздің жайымыз не болмақ? Қатынап жұмыс жасаған кез келген қызметкер жұмысына жүрдім-бардым қарайтыны анық.
Құрметті Нажмадин Шəкизадаұлы, «Ажар» елді мекеніндегі №146 негізгі мектебіне директор тағайындайтын кезде осы жағына аса мəн берсеңіз» – делінген. Халқының қадірменді азаматын іздеп жазған хатты аудан əкімі Нажмадин Шамұратов аяқсыз қалдырмады. Үстіміздегі жылдың 12 қарашасында Руслан Ізбақыш конкурспен №146 негізгі мектепке директор болып сайланды.
Аудандық мəслихат депутаты Байназар Ерқосаев, аудандық білім бөлімінің бас маманы Мұратбай Əбубəкіров, Қызылқұм ауылдық округінің əкімі Елубек Өтепбаев жəне №225 орта мектеп директоры Дөңес Мешітбай Ізбақыш Русланды қайтадан қызмет орнына отырғызып, ауыл азаматының қызметіне сəттілік тіледі. Аудандық мəслихат хатшысы Талайлы Бөріқұлақов мектеп директорының алдағы уақытта да ауыл балаларына сапалы білім мен саналы тəрбие беруіне өз тілектестігін білдірді.
Жанат АХАН,
Кəукей ауылы


...Бұл шағын мақалада айтылған жайларға қосымша түсінік берудің қажеті де жоқ сияқты. Мұнда азаматын ардақтаған ел ықыласы, көпшілік бағасы айқын көрінеді.
Осы жазбаларды қайталап оқып отырып, Руслан Ізбақыштың нағыз азаматтық, адамгершілік бейнесін көз алдымыздан қайта өткергендей болдық.

Қаламы жүйрік жан
2018 жылы институт бітіргенімізге отыз бес жыл толды. Сол атаулы кезеңге байланысты кездесу ұйымдастыруды бәріміз де қалағандай едік. Сонда Руслан Ізбақыштың бастамасымен «Білім ап саяңда, Өткердік сан жылды...» атты естелік кітабын шығаруды қолға алдық.
Осы жинақта оның «Студенттік жылдардан естеліктер» атты көлемді туындысы бар. Оны бастан-аяқ оқып шыққан адам біздің жастық шағымыздың, студенттік өміріміздің ортасында жүргендей күйді бастан кешеді шығар деп ойлаймын. Өйткені, Руслан сол күндердің суретін әдеби тілмен әдемі көркемдеп жазған. Бұлай қалам тербеу кез келген адамның қолынан келе бермес-ау деп ойлаймыз.
Міне, әрбір курстасымыз туралы бөлек-бөлек ­сипаттама беріпті. Дүниеден өткен аз күн ішінде жарқын бейнесі көз алдымнан кетпей тұрып алған аяулы достың өзім туралы жазғанын қайта-қайта оқимын.
«Раукен. Біз подкурстан бастап бірге жүрдік. Неге екенін білмеймін, әуелден-ақ арамыз жақын болды. Бір қарағанда екеуміздің табиғатымыз екі бөлек, мен – алдыр-салдыр, ол болса – тұйық. Көп күле бермейді.
Мереке қарсаңында оның ауылы Ноғайтыға тайып тұрамыз. Оның сыныптастары да мені әбден танып алған. Мамасы да, әпкелері де жақсы таниды, бірге ­бармай қалсам, сұрастырып отыратын көрінеді.
Негізі ол ауылдан шыққандар институтта көп, ағайынды Жаулиндер бар, музфакта Асқар деген жігіт, физикада ма екен Сырымбай (Оралтай) деген жігіттер болды.
Раукен екеуміз көрші облысқа ұшып барып, болашақ жарымен үйленуі қарсаңында бірге болдық. Қалыңдығы біздің Қызылорда өңірінің белгілі азаматының қызы еді. Оқу бітірген соң байланысымыз үзіліп қалды.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Ақтөбенің медакадемиясында оқитын жиенім сөз арасында апайының аты-жөнін айтқанда, Раукеннің келіншегі Ақманатты есіме түсірдім. Телефон соқтым, ұмытпапты, содан бері сөйлесіп тұрамыз. Құдай сәтін салса көрісерміз де...
Студент кезімнің, бұла кезімнің, жастығымның куәсіндей болған осы бір сұңғақ бойлы, қараторы жігіт қазір бір үлкен медиа топтың бас директоры, құрметті профессор».
Руслан өзінің барлық курстас жолдастары туралы осындай байыптамалар жасайды. Бір жағынан қызығып оқисың, екінші жағынан оның ескерімділігіне, адам тану мектебін жақсы меңгергендігіне таң қаласың...
* * *
Міне, ол дүниеден өткелі де күндер, апталар аунап түсуде. Осылайша ол арамыздан алыстай бермек.
Көңілге медет тұтарымыз – ұлағатты ұстаз Руслан Ізбақыштың артында ел айтып жүрер, шәкірттері мақтан тұтар жақсы істері қалды. Гурьев педагогикалық институтын өзінен бір жыл кейін бітірген зайыбы Әсия Бергенова екеуі үш перзент тәрбиелеп өсірді. Қызы Райгүл қазір Атырау қаласындағы №37 орта мектепте мұғалім, Мейіржаны Маңғыстау облысындағы «Қаражамбасмұнай» АҚ-да машинист, кенжесі Мейірлан Қызылорда облысындағы «ZhanRos drillinq» компаниясында инженер.
Русланның өзі өлшеулі ғұмырында төрт немересі мен үш жиенінің тәтті қылықтарын көріп кетті.
Оның ұрпақтары әке тәлімі, ата жолын әрі қарай лайықты жалғастырады деп сенеміз.
Сөз түйіні: Руслан Ізбақыш өзінің студенттік жылдар туралы жазбасын былай деп аяқтаған екен:
«...Егер тағдырымызды арбаға, ал өзімізді соның жолаушысына теңесек, онда сол «тағдыр арбасының» тоқтамауын тілейік, достар. Бір ақынның жазғаны бар еді: «Ортаңда болып азырақ, көңілде жүрсек көбірек...» деп. Сол айтқандай, бір-бірімізді ұмытпай, аңсап жүрейік...».
...Сен біздің мәңгі жадымыздасың, Руслан! Біз сені ұмытпаймыз.
Раукен ОТЫНШИН,
Қазақстан Журналистер одағы
Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры
14 шілде 2020 ж. 769 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 80

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930