Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қалай астана атанды?

Қызылорда қалай астана атанды?

1920 жылы 26 тамызда «Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» Жарлық қабылданды. Бес жылдан кейін Қазақстан астанасын Орынбордан Ақмешіт қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл бекіністі Қоқан хандығының билеушісі Омар хан 1820 жылы салып Ақмешіт деп атаған. 33 жылдан кейін орыс әскерлері өз қолына алды. Сәйкесінше оны басып алуда қолбасшылық жасаған генералдың құрметіне Форт Перовский деп өзгертілді. 1922 жылы Ақмешіт атауы қалаға қайтарылып, 1925 жылы Қызылорда деп аталды.
1924 жылы 16 қарашада орталықты Орынбордан Ақмешітке ауыстыру жөніндегі шараларды әзірлеу жөніндегі отырыс өтті. Оған Сұлтанбек Қожанов төрағалық етті. Айта кету керек, неге екені белгісіз барлық құжаттарда «капиталды беру» емес, «орталықтың берілуі» деп жазылып, Ақмешіт қаласына зерттеу жүргізу үшін комиссия құрылды. Оның құрамына Аспендияр Кенжин, құрылыс инженерлері, инженер Мұхамеджан Тынышпаев, байланыс бөлімінің төрағасы С.Ақаев кірді. Билік тарапынан комиссия төрағасына, яғни А.Кенжинге билік ету құқығы мен дайындық шығындары үшін 200 000 рубль берілді.
Комиссия қажетті мамандар мен техникалық персоналдың техникалық аппаратын құруға құқылы болды. Оларға 1925 жылы 20 ақпанда қалаға барып, 10 наурызға дейін ол муниципалды және басқа үйлерді тексеру нәтижелерін ұсынуға, мемлекеттік мекемелер мен үкімет органдарына, қызметшілердің пәтерлері, қонақүйлер, сауналар, клубтар, үй-жайлар үшін қолайлы орындарды зерттеп, нәтижесін баяндау міндеттелді. Бұдан бөлек арнайы топ қаланың санитарлық жағдайын, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, бөгеттер мен суару жүйелерімен танысты. Бұл сәтте 1920 жылғы санаққа сәйкес қалада 9993 адам өмір сүрген. Жергілікті жұртшылық сауда, зауыттар мен фабрикалар есебінен күн көрген. Комиссия мүшелері орталыққа Ақмешіт тұрғындары құдықты пайдаланатынын, электр станциясы тек станция аумағында ғана бар, барлық телефон желісі 12 абоненттен тұратынын жеткізді. Сондай-ақ бұл уақытта қалада 15 керуетті бір ғана аурухана мен бүкіл халыққа екі дәрігер қызмет көрсететіні анықталған.
1925-1926 жылдардағы «Қызылорданың жағдайына шолу» құжатында комиссия бұрынғы Перовск уезі, революция кезіндегі сауда орталығы болғаны, бір кездері дала мен Орта Азиядан тауарлар осы аумақ арқылы өткені айтылған. Бұдан бөлек 1909 жылы Перовск өзінің коммерциялық позициясын жоғалтқаны баяндалады. Өйткені «Перовскінің экономикалық жүйесінде өмірлік маңызды элементі» болған еуропалық және бұқарлық еврейлер қаладан көшіп кеткен.
Содан кейін Ақмешітте құлдырау басталады. Артынша революция және азамат соғысы орын алып, қаланың дамуы, абаттандыру мен құрылыс жұмыстары тежеледі. 1925 жылға қарай қалада 941 үй болғанымен оның 126 коммуналдық тұрғынжайлар еді. Басым бөлігін пеші жоқ қарапайым тұрғын үйлер мен қираған ғимараттар толтырды. Ақмешітті астана етіп құру туралы шешім қабылдаған кезде қала тіптен ескіріп, сыртқы келбеті тартымсыз болған. Соған қарамастан комиссия құрамы шұғыл түрде 83 мемлекеттік мекемені және 1300 қызметкерді отбасыларымен орналастыруға міндетті еді.
Комиссия болашақ астананы зерделеп жатқан кезде қалада салтанатты жиналыс өтті. Осыдан кейін қалалық комитет астананың «Ақмешітке берілуін қолдайды және бекітеді» деген қаулы шығарған еді. Бұл лидер Лениннің: «Аталған өзгеріс кедейлердің саяси, экономикалық және мәдени өмірін одан әрі дамыту мен шоғырландыруға кең мүмкіндік береді», – деген сөзі негізінде жарық көрді.
1925 жылдың 15 сәуірінде қала Қызыл-Орда деп өзгертілді. Бірақ ескі атау әдеттегідей құжаттарда, корреспонденттерде, директиваларда жазыла берді. 1925 жылы 24 сәуірде Халық Комиссарлар Кеңесінің комиссиясы мекемелерді Орынбордан Кызыл-Ордаға ауыстыру кестесін жасады. Осы жылдың 13 мамырында Тынышпаев бестіктің үйлерді босату туралы хабарына қарамастан, тұрғындар сол жерде қалғаны және олардың болуы баспананы жөндеуге мүмкіндік бермей тұрғаны туралы мәлімдеме жасаған.
Ақмешіт астана аталғанына жыл өткендегі жағдай мәз емес еді. Жыл ішінде елдің түкпір-түкпірінен жаңа астанаға адамдар ағылып жатты. Бірақ қалада ешқайсысы тіркеуге тұрмаған. 1926 жылы онда кемінде 24 мың адам тұрған (орталық ауыстырылған кезде шамамен 10 мың адам болған). Сондықтан жаңа тұрғын үйлер құрылысы жалғасып жатқанына қарамастан пәтер дағдарысы өткір болды. Үйлер рұқсатсыз және бақылаусыз салынды. 150-ге жуық құрылыс нысаны аяқталмаған күйі адамдарға берілді. Өйткені заңмен рұқсат етілген құрылыстар сол тұста етек алған бюрократияның салдарынан баяу жүрді.
1926 жылы Орталық астананың құрылысына 1 600 000 рубль бөлінеді деп күтілді. Қомақты қаражат үкіметтік ғимарат салуға, сумен жабдықтауға және электр стансасын кеңейтуге, өзен жағаларын нығайтуға жұмсалуы тиісті. Алайда іс жүзінде 1 миллион рубль бөлінді. Бұл ақшаға 25 тұрғын үй тұрғызып, аурухана, медициналық диспансер, кір жуу орталығын салып, электр станцияларын жабдықтауға, Сырдария өзенінің жағалауын нығайтуға жұмсалатын болып шешілді. Осы сәтте қалаға тұрғын үйден бөлек, мектептер мен ауруханалар да жетіспейтін. Бір жыл ішінде студенттер саны 374, ал оқытушылар 2 адамға ғана артты. 230 адамды мектептерге қабылдау мүмкін болмады.
Бұл тұста медицина саласы да орасан қиындықпен бетпе-бет келді. Қызылорда ауруханасында бір жыл ішінде төсек саны 15-тен 60-қа дейін өсті. 1925 жылы ауруханаға жатқызылғандардың жалпы саны 656 болды. Туберкулез өсу деңгейі бойынша бірінші орында, одан кейін безгек, құрт аурулары, іш сүзегі, сүзек, скарлатина және тұмау өршіп тұрды. Десек те орталықтың қоныс аударуымен мұнда жаңадан 45 орындық аурухана, 6 бөлмелі дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұдан бөлек ішкі миграция әсерінен қылмыс деңгейі де жоғарылады. Жыл ішінде 833 іс қозғалды.
Қаланы абаттандыру баяу жүргендіктен жолда шұңқырлар пайда болып, жарықтандыру жұмысы оңбай қалды. Арықтардың бітелуінен жағымсыз иіс шығып, жәндіктер түрі көбейді. Нәтижесінде осының бәрі безгек індетінің таралуына алып келді.
Алайда елорданың Қызылордаға қоныс аударуымен сауда желісінің айналымы 9 есе өсті. Кооперативті сауданың үлесі артты. Бірақ азық-түлікке байланысты қиындық көбейді. Қызылордаға сырттан тек ұн мен ет әкелінді, көкөніс сатып алу мүлде қолжетімсіз күйге түсті.
Билікке жасалған баяндамада: «Жергілікті бағбандардың өнімі жеткіліксіз, сондықтан баға өте жоғары – картоп 5 рубльден сатылуда (пуд үшін). Жергілікті кооперацияның қаржылық әлсіздігіне байланысты көкөністерді басқа өңірлерден алдыру әлі басталған жоқ. Сүт өнімдерін жеткізуде көкөністермен салыстырғанда анағұрлым қиын», – делінген.
Ақыры Голощекин Кызыл-Ордаға көшу өте жылдам қарқынмен жүргенін және астананы ауыстыру туралы шешім қабылдағанда климаттық және экономикалық жағдай ескерілмегенін мойнына алды. Бірақ бұл үшін Қазақстан үкіметі кінәлі емес. Бұл мәселені Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Совнаркомның бір емес, бірқатар қоғамдық ұйымдары шешкен. Нәтижесінде билік басындағылар Қазақстанға тағы бір қала тұрғызу қалай болғанда да жетістік саналады деген ойға тоқталған.
Дегенмен қала құрылысын жүргізу барысында бейқамдыққа, жемқорлыққа жол бергендер жазалануы керек болды. Қызыл-Орда құрылысын тергеу комиссиясы Қызыл-Орданың құрылысы кезінде заңсыздық пен теріс қылық жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Бірақ 1927-1928 жылдары барлығы кешіріліп, астана Алматыға көшірілді. Араға он жыл салып бұған қатысты тұлғалар ату жазасына кесілді. Алайда Қызылорда үшін емес.
Аударған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
04 шілде 2020 ж. 1 452 0

Магниттік дауыл

12 мамыр 2024 ж. 40

Тәтті әлем

12 мамыр 2024 ж. 66

Келелі кездесу

11 мамыр 2024 ж. 64

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031