Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Той-томалақтағы ысырапты тежейік

Той-томалақтағы ысырапты тежейік

Шыны керек қазақ жиған-тергенін жақсылыққа шашқанды жаны сүйеді. «Той – халықтың қазынасы» деп қуаныш пен шаттықтың бел ортасында жадырап жүретіні тағы бар. Десек те елде індет қаупінің иісі сезілгеннен-ақ адамдар көптеп бас қосатын орындар жабылды. Соның салдарынан кейбір белгіленген той күндері кері шегеріліп, мейрамханалар жұмысын тоқтатып, әлі күнге дейін қаңырап тұр.

Себебі талап солай. Алайда дүркіреген той-думанға еті үйренген халық карантин режимі аяқталғанын асыға күтіп, тәртіп жеңілдеді дегеннен жаппай қам жасады. Ақырында дүйім жұрт тойды үйде өткізуге шешім қабылдады. Ара-тұра аға буын өкілдерімен сөзіміз жараса қалса «Шіркін, біздің кездегі той деген керемет еді ғой» деп әңгіме бастайды. Сондағысы бүгінгі ысырапты сөз етіп, ертедегімен салыстырып әлек. Өз басым жақын арада үйдегі үйлену тойын көріп қайттым. Ата-аналарымыздың қалай той жасағаны көз алдыма келді десем артық болмас. Өйткені қаз-қатар тігілген күркелер, құжынаған адам, гу-гу әңгіме, жаңғырған әуеннің дауысы. Той ертедегіше аулада өтіп жатыр демесеңіз, аса бір алып бара жатқан айырмашылықты байқамадым. Айтпақшы кілемге мақтамен екі жастың есімдері жазылғандығы да бүгінге дейін жетпеген.
Әдеттегіше тойға кешігіп келу орын алды. Сағат 19:00-ге шақырылған қонақтар 20:30 дегенде әрең аулаға жиналып үлгерді. Төзімі таусылған той иесі қалған қонақтардың келетініне қарамастан асабадан дереу кешті бастауын өтінді. Таза ауада өтіп жатқан қуаныштың тағы бір осал тұсы, тілек айтуға шыққандардың сөзін тыңдап жатқан жан баласы жоқ. Тек – айтылған сөзге мән беріп, құлақ түріп отырғандар қарттар. Асаба арасында тыныштыққа шақырғысы келгенімен, айтылған ескертпе ауаға кетіп жатыр. Әйтеуір әрең дегенде тойда бітті. Соңы ащы судан дәм татқан көкелеріміздің айқайымен аяқталды. Ертедегі тойды көзім көрмесе де, осы тойдан түйгенім барлығын қаз-қалпында жалғастыра берген құп секілді.
Айта кетейік, үйде өткен тойдың шығыны аз. Осыған көзім жетті. Қаражат жағынан екі есе үнемдеуге болады. Сенесіз бе, шаңырақтағы шаттықтың жоғары деңгейде өтуіне басы-аяғы 800 мың теңге молынан жетеді екен. Бұл жайында Жандәулет Есіркеп:
– Той күнін биылғы жылы мамыр айының 16-на белгілеп қойғанмын. Артынша елде төтенше жағдай тәртібі басталып, кейінге шегеруге тура келді. Сөйтіп маусымның алтыншы жұлдызына келіп тоқталдым. Бұрынғыша үйде дүркіретіп той жасап, қонақ жайғаруды бастап кеттім. Отбасылы болған қатарластарым жалпы тойдың 2-3 миллионсыз өтпейтінін айтатын. Соған сәйкес қаржы жинағаныммен артылып қалды. Бастапқы да өзімде түсінбегеніммен, есептей келе 800 мың теңгенің атқарып шығатынына көзім жетті. Бір жағынан мейрамханаға берілетін ақша мен тамақтан әлде қайда үнемдеуге болады екен, – деді.
Алдыңғы буын ағалардың «үйдегі той» дегені осы. Мұның өзі қалтадағы бар қаражатпен өткізіп, азық-түліктің шамадан тыс ысырап болуына жол бермейді.
Қазір тойға шектеу қою мәселесі әлеуметтік желі мен көпшілік ортада қызу талқыға түсіп жүр. Бірі ат тұяғымен мұны мүлдем құрту керек десе, екіншісі адам санын шектеп бұрынғыша шаңырақ астында өткені жөн дейді. Дегенмен біздің оқырманымыз Арнат Тұрсыналиевтің ойы мүлдем бөлек.
– Жалпы той саласында күндерін көріп жүрген қаншама аға, әпке, қарындастарымыз бар. Оған миллиондаған несие алып тойханалар ашқан кәсіпкерлерді қосыңыз. Олардың жайы не болмақ? Анығында тойды жағдайы жеткендер жасап, жетпегендер сол ақшаны керектеріне жаратсын. Үзілді-кесілді болғызбау меніңше дұрыс емес. Көріп жүрсіздер той жасау онсызда жылдан жылға тежеліп келе жатыр. Оны мораторий жасап тоқтату – ақымақтық. Қазақта «Көрпеңе қарап көсіл» деген жақсы сөз бар. Бұл жағдайың келсе дүркіретіп жаса, жетпесе қазақтың дәстүріне сай беташар жасап қоя сал дегенге саяды. Әркімнің қалауы әртүрлі. Сондықтан мүлдем болмайды дегеннен аулақтаған абзал. Той жасамаса халқымыз байып кетеді деп айта алмаймын, – деді.
Шынымен «тойдан кенде қылмасын» деген бабалардың ұрпағы үнсіз отыруы мүмкін емес. Тойды шектеуге бірден-бір кедергісін келтіріп жүрген бүгінге дейін бірнеше рет сыналып үлгерген мәселе – асабалардың тойда ерсі қылық жасап, күлдіремін деп бүлдіріп жүргендері. Жаңашылдық деп түрлі ойындарды ойнатып, жұртшылықты елдің алдында масқара қылғандары. Мұны әлеуметтік желіде тараған бейнебаяндардан байқайсыз. Мұнан бөлек екінші мәселе тойға барған азаматтардың көпшілігі ішімдікті дос ететіндігі. Ащы суға сылқыйып алғандар үлкен, кіші демей былапыт сөздер айтып, отырыстың аста-кестенін шығарады. Ал одан кейінгі жағдайды айтпаса да белгілі. Міне, тойды шектеудің бірден-бір жолы осы сынды жат қылықтан бойды аулақ ұстап, олардың санын азайту болып отыр.
Қалай десек те «қазақ той жасамайды» деген пікірдің оң шешім табатынына келісу қиын. Бұған мен келіскенмен сіздің қоштай қоюыңыз екіталай.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
17 маусым 2020 ж. 966 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 38

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930