Дертке дауа тапқандар

Осындай ақ халатты абзал жандар тоғысқан емдеу орны алғашқыда 1989 жылы емхана болып ашылған. 2014 жылы жаңа ғимарат салынып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Дәрігерлік амбулаторияда зертхана, емшара бөлмесі, 14 төсектік күндізгі бөлім бар. Сондай-ақ жылумен емдеу, бала қабылдау, науқас қабылдау бөлмелері және жаңа құрал-жабдықтар мен жедел жәрдем көлігімен қамтылған. ЭКГ және барлық анализ түрін тексеретін аппараттар бар. Интернет желісіне қосылған копмьютерлермен жабдықталған.
Диспансерлік есепте тұратын науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Дертіне дауа іздеп келген әрбір жанға бейжай қарамай, жедел көмек көрсетуге асығатын қызметкерлер аға мейіркеш Мирамгүл Бисен, егу бөлмесінің мейіркеші Несібелі Жылқыбаева, балалар бөлмесі мейіркеші Бақыт Ібай, күндізгі бөлім мейіркеші Бағдагүл Байсары, аймақтық мейіркеш Сәуле Қиымбай, зертханашы Алтынкүл Арықбай, әлеуметтік қызметкер Жұлдызай Убайдуллаева, химизатор Сағира Көлібайдың еңбегі ерекше. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Рзахан Домақбай мен күзетші Әбілхан Карен артылған жауапкершілік жүгінің салмағын сезініп, уақытылы жұмыс орнынан табылады.
Амбулатория меңгерушісі, дәрігер Динара Толыбаева Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінен жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын меңгерген. Қолына дипломын алған жас маман 2018 жылы осында келіп, еңбек жолын бастады. Ауыл халқының жай-күйін бірадамдай біліп қалды десек артық айтқандық емес.
– Дәрігердің алдына адамдар түрлі шағыммен келеді. Біреуінің басы ауырса, енді бірін басқа мәселе мазалайды. Ауырған адамның жайы белгілі. Науқастанып тұрған жанға бірауыз жылы сөздің өзі шипамен тең. Сол себепті әр істі мейріммен, ыждағаттылықпен атқару керек. Бізде профилактикалық және скринингтік тексерулер жүйелі жүргізіледі. Үйден түсетін шақыртуларға көмек көрсетіледі. Күніне келушілер саны әр кезде әрқалай, арнаулы екпелер кезінде көбірек болады. Ел игілігі үшін аянып қалмаймыз, – дейді дәрігер Динара Тұңғышбекқызы.
Мереке қарсаңында медицина саласында еңбек етіп, халық денсаулығын нығайтуға аянбай атсалысып жүрген ұжым мүшелерінің ұйымшылдығы мен өз ісіне деген мұқияттылығын көріп, сүйсініп қайттық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА