Бүгінгі жас бабаларын ұмытпасын
ХХ ғасыр адамзат тарихында асқан қатігездікпен есте қалды. Әсіресе Кеңес үкіметінің саясаты қанаушылық пен қантөгіске әкеліп соқтырды. Соның салдарынан қаншама қандастарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, көптеген жанның көз жасы төгілді. Бүгінде 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып 1997 жылы бекітілгені белгілі. Осыған орай бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялады.
Ол өз сөзінде «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдың ең қилы кезеңінің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағызым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деп айтқан болатын. Расымен кейінгі ұрпаққа біздің ата-бабаларымыз нендей қилы күндерді бастан өткеріп, қандай қиыншылықты артқа тастағанын ұмытпауы керек. Оларға бауырларымыздың қалай солақай саясаттың құрбандарына айналғанын да насихаттауымыз қажет. Сонда ғана олар өздерінің ата-бабаларын ардақтап, мәңгі еске алып жүреді.
Нұргүл АБДУЛЛАЕВА,
С.Сейфуллин атындағы
№165 мектептің тарих пәні мұғалімі