“Көктемде көреміз, күзде береміз”

Ақырында биылғы 2020 жылдың 20 наурызындағы аудан әкімі М.Ергешбаевтың қаулысы бойынша Әйтеке би кентінің солтүстік шығыс беткейіндегі Алтай каналының бойынан 50 гектар жер бау-бақша егуге 4 ай мерзімге уақытша пайдалануға берілетін болып шешілді.
Көптен кетпен көрмеген аумақ жыңғыл мен шеңгелден көрінбейді. Соған байланысты берілген жерді өңдеуге жәрдемдесу жөнінде Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың алдында болдық. Бұдан ешқандай нәтиже шықпады. Сосын аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайға барып өтініш білдірдік. Олар «жерді қалай пайдалансаңдар да өздерің біліңдер» дейді. Жерді айдатып, бөліп беру, оған демеушілік жасау ойларына келмейтін сияқты.
Табиғатты көгалдандыру деген осы емес пе? Сонымен бірге бұл халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуіне көп септігі тиер еді. Жұмыссыздарға жұмыс тауып бергенмен пара-пар жақсылық десек те болады. Тұрғындар қауын-қарбыз, асқабағымен бірге күнделікті тұтынатын көкөнісін егіп, дастарқанның берекесі тасыса, нұр үстіне нұр емес пе?! Сондықтан жергілікті әкімдер бақшалықты игеруге құлшынған көпшілікке қамқор қолын созуды естен шығармаса екен дейміз.
Жәмшит СҮГІРБАЕВ,
Әйтеке би кентінің бір топ ақсақалдары атынан
Әйтеке би кентінің бір топ ақсақалдары атынан