Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі. «7 – 20 – 25» бағдарламасы нақты жүзеге асырыла бастады

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі. «7 – 20 – 25» бағдарламасы нақты жүзеге асырыла бастады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыратын «7 – 20 – 25» бағдарламасын әзірлеуді ұсынғаны мәлім. Содан беріде бағдарламаның жөн-жобасы әзірленіп, заңнамалық қолдау механизмдері бекітілді. Осылайша нақты іске асырыла бастаған бағдарлама бойынша банктер де алғашқы несиелерін беруге кірісті. Сонымен аталған жоба аясында кімнің қандай мүмкіндігі бар?
Кімдер қатыса алады?
Елімізде бұған дейін де баспана алуға бағытталған бірқатар бағдарламалар іске асқан-ды. Солардың нәтижесінде былтырғы жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспаналы болған тұрғындар саны еселене түсті. Десе де, елдегі ірі қалалардағы халық санының күрт артуына қатысты жас отбасылар мен көп балалы отбасылардағы баспана мәселесі әлі толықтай шешім таба қойған жоқ. Осы ретте, мемлекет басшылығы барлық қазақстандықтарға арналған тиімді әрі қолжетімді бағдарлама ұсынып, Ұлттық банк «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, оны жүйелі іске асыруды ұйымдастыратын «Баспана» ипотекалық компаниясын құрды. Маусым айында Парламент бағдарламаны тиімді іске асыруға арналған заң жобасын мақұлдады. Аталған бағдарламаның бұдан бұрынғы жобалардан ерекшелігі көп. Жылдық мөлшерлемесі 7 пайызды құраса, бастапқы жарна – 20 пайыз, ал несиені 25 жылға дейін беру көзделіп отыр. Бағдарлама талабы бойынша өтініш беруші Қазақстан азаматы болуы шарт, екіншіден, қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табыс болуы керек. Үшіншіден, қарыз алушыда үй сатып алуға, оның құрылысына немесе оның жөндеуіне арналған несиелер бойынша өтелмеген қарыздар болмауы шарт. Төртіншіден, ел аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден өзге баспанасы болмауы тиіс. Ал сатуға қойылатын тұрғын үйлерге қойылатын талап – жаңа салынған я болмаса пайдалануға берілген, яғни ешқандай қосымша құрылыс жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін болуы тиіс.
Тұрғын үй алудың шарттары бекітілді
Аталған бағдарлама шеңберінде тұрғын үйдің ең жоғарғы құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін – 25 млн теңге, ал өзге өңірлер үшін – 15 млн теңгені құрайды. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құнына, сондай-ақ ауданына шектеу жоқ. Сонымен қатар бағдарлама аясында ауылдық жерлерден тұрғын үй сатып алуға немесе меншік үй сатып алуға да болады. Айта кетерлігі, сатып алушылар үшін жаңа салынатын я болмаса қолданыстағы нысандар мен тұрғын үйлердің тізімі жасалмаған. Тек сатып алушы тұрғын үйді өзі таңдап, бастапқы жарнаны төлеуге қажетті қаражатымен банкке жүгінеді. Өз кезегінде банк қарыз алушыны тексеріп, несие беруді мақұлдайды. Одан кейін клиент пен құрылыс салушы я болмаса тұрғын үй сатушы арасында келісім жасалады да, содан соң баспана кілті жаңа үй иесінің қолына табысталады.
Егер де тұрғын үй құны 5 млн болған жағдайда бастапқы жарнаның мөлшері 1 млн теңгені құрайды да, ай сайынғы төлем мөлшері 28 мың теңге болады. Ал 10 млн теңге болса, бастапқы жарна − 2 млн теңге, ай сайынғы төлем мөлшері – 57 мың теңге. Тұрғын үй бағасы 15 млн теңгені құраса, бастапқы жарна – 3 млн теңге, ай сайынғы төлем мөлшері − 85 мың теңге. Баспана құны 20 млн теңге болса, алдын ала төленетін алғашқы жарна – 4 млн теңге, ал айына – 113 мың теңге болады. Бағдарлама бойынша үйдің ең жоғарғы бағасы − 25 млн теңге, онда алдымен қолма-қол − 5 млн теңге аудару қажет болады да сосын ай сайын 141 мың теңге төлеу қажет.
Бағдарлама еліміздегі орта деңгейдегі тұрғындардың баспана алуына мүмкіндік береді. Әсіресе, жас отбасылар үшін тиімді болып отыр. Отбасында ипотекаға қарыз алушының табыс көзі жеткіліксіз болған жағдайда, қосалқы қарыз алушы ретінде жарын немесе туысын тартуға рұқсат етілген. Тіпті, олардың басында баспанасы болған жағдайда да несие алуға болады. Яғни, қосалқы адамға негізгі шарттар қойылмайды, оларға талаптарды банктер өздері белгілейді.
Бағдарламаның шарты бойынша алғашқы жарнаны қолма-қол төлеуге мүмкіндігі жоқ жандардың Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне (ҚТҚЖБ) салынған салымдар есебінен төлеу қарастырылған. ҚТҚЖБ-да азаматтар салыстырмалы түрде төмен мөлшерлемемен яғни 3-5 пайыз қарыз алуына болады.
Ипотека беретін банктер
Таяуда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасы бойынша Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында алғашқы 7 несиенің берілгенін хабарлады. Бүгінгі күні несие беретін банктердің де тізімі белгілі болып отыр. Оған кез келген банктің қатыса алмайтыны түсінікті. Бұл ретте, банктерде бағдарламаға қатысуы үшін «Standard & Poor’s» агенттігінің халықаралық шкаласы болуы шарт. Сонымен қатар нарықта банктердің жиынтық активтері кемінде 3 пайыз болуы тиіс. Біздің елдегі аталған талаптарға сәйкес келетін банктер «Баспана» ұйымымен келісімге келіп үлгерген. Олардың қатарында Центркредит, Халық банк, Еуразиялық банк, Цесна банк, АТФ Банк, РБК Банкі және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бар. Алдағы уақытта бұл тізімге Сбербанк пен Форте банк та қосылмақ. Бағдарлама бойынша қарыз алу теңгемен жүргізіледі. Ал өз кезегінде қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін банктерге комиссия алуға тыйым салынған. Жоспар бойынша аталған бағдарламаны іске асыру аясында банктердің ипотекалық портфелі кем дегенде 1 трлн теңгеге ұлғаяды деген жоспар бар.
Несие тарихы «таза» болуы маңызды
Ескеретіні, «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасына өтелмеген ипотекалық қарызы барлар, бұған дейінгі несие тарихында уақытылы төлем жүргізбегені тіркелгендер я болмаса мүлдем қарызын қайтармағандар қатыса алмайды. Сонымен қатар бағдарламада бүгінгі күнге дейін алынған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға шектеу қойылған. Сатып алушы тарапынан ипотекалық қарыз уақытылы өтелмеген жағдайда банк кепілдікке қойылған мүлікпен қарызға алынған үйді қайтарып алуға құқылы.
«7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасы биылғы жылдың шілдесінен бастап беріле бастады. Оның нақты аяқталу мерзімі белгіленбеген. Жобаның «өміршеңдігін» қатысушылардың белсенділігі анықтайтын болады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі ипотекалық несиелеу нарығында соңғы 10 жылда өсім көңіл көншітерлік емес. ІЖӨ-дегі банк секторының ипотекалық үлесі 5,3 пайыздан, 2,2 пайызға дейін төмендеген. Егер 2007 жылы ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру көлемі − 418 млрд теңге болса, 2017 жылы 357 млрд теңгені құрады. Бұған дейін еліміздегі ипотекалық несие беру бойынша пайыздық мөлшерлеме 10 пайыздан төмен болмаған. Сондықтан да жұртшылықтың еселеп несие төлеуге құлық танытпағаны түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылып отыр. Оның тиімділігі мен пайдасын уақыт көрсетері анық.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
12 шілде 2018 ж. 2 681 0

Мен өмірді қалаймын

13 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930