Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылық фотоколлаж сайысы

Отбасылық фотоколлаж сайысы

Отбасы адам өміріне бояу беріп, оның мәнін, мағынасын арттыра түсетінін білеміз. Екі адам өздерінше одақ құрып, бір шаңырақ астында болашаққа жоспар жасайды. Осылайша дүниеге күлкісі сыңғырлаған сәбилер келіп, оларды өсіріп, трбиелеуге тұтас ғұмырларын арнайды. Бұл шағын мемлекет саналатын отбасының ұрпақтан-ұрпаққа аманат етілетін үрдісі. Осынау киелі мекеннің кереметін ашып көрсету мақсатында жақында аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Сауал» қоғамдық бірлестігі аудан тұрғындары арасында онлайн сайыс өткізді. «Менің шағын мемлекетім» деп аталатын фотоколлаждар тартысы 15 мамырға сәйкес келетін Отбасы күніне орай ұйымдастырылған еді.
Фотоколлаж сайысына қатысушылардың жас ерекшелігі 14 пен 29 жас аралығын қамтығанын айта кетейік. Сонымен бірге сурет сапасына, оның отбасылық маңыздылығы мен шынайылығына баса мән берілетіні алдын ала айтылды. Әрине фотоколлаж дизайны да сын көзбен қаралатыны анық еді. Нәтижесінде екі күннің ішінде kazaly_zhastary парақшасына аудан бойынша 22 отбасының бақытты сәттері жинақталған құрастырма фотолары орналастырылды. Ал 15 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де дауыс беру тоқтатылып, жеңімпаздар анықталды. Сайыстың басқа додалардан бір ерекшелігі, әлеуметтік желі қолданушыларының лебізі, жарасымды жұптарға деген лайықты лайкының санымен анықталуында жатыр. Дегенмен Instagram желісінде жиналған лүпілді ережеге сай емес әдіспен жинағандарды анықтайтын, соған сай шешім қабылдаушы комиссия мүшелері де болды. Олар жалған дауыс деп есептеген лайк жалпы қорытындыдан шегеріліп тасталды.
Сайыс қорытындысы бойынша Рахмовтар жанұясы ынталандыру сыйлығын жеңіп алса, Үсейіндер мен Серіковтер әулеті жүлделі үшінші орынға тұрақтады. Алдашовтар отбасы 1082 ұпаймен екінші орынды місе тұтты. Ал Әбдіқалықтар әулеті 1157 ұпаймен бірінші орынды қанжығалады. Жүлдеге іліккендердің барлығына «Сауал» қоғамық бірлестігі бағалы сыйлықтар үлестірді. Ал фотоколлаж жарысының жеңімпазы атанған әулет келіні Әйгерім жобаның қызықты сәттерімен бөлісіп, бастамашыларға алғысын білдірді.
– Ораза айында түрлі нан пісіруді әдетке айналдырып, бәліштің түр-түрін үйренген едім. Бірақ оны пісіретін көне электр пеші уақытымның көп бөлігін алатын. Жақында отағасынан жаңасын әперуін сұрағаным тағы бар. Үйде де ауыз бекіткен жандар болғасын осылай “ниет еткендерді тойдыра берсін” деді ме, Жаратқан ием жап-жаңа пеш сыйлады.
Онлайн додаға қатысуға ұсыныс түскеннен-ақ қолымнан ұялы телефоным түспеді. Ағайын-туысқа, дос-жаранға хабарласып, лүпіл жинауға бар күш-жігерімізді жұмсадық. Отбасы күніне арналған бұл сайыс ағайынмен жақындастырып, мен үшін тақымын қысып отырған отағасы екеуміздің арамызға да жылулық сыйлады. «Акел» деп аталатын жаңа пешті жастар үйге әкеліп берген бойда отбасыма түрлі тәттілер пісіріп бердім. Оның сауабын мен ғана емес, пешті сыйлаған жандар да алады деп ойлаймын. Жастар орталығы мамандары, сіздерге мың алғыс, – деді ол әлемжелідегі жазбасында.
Аудан жастарының парақшасындағы суреттерге екі күннің ішіне мыңдаған лүпіл басылып, жүздеген пікір-тілек жазылды. Желі қолданушылары жастар орталығынан осындай сайысты көптеп ұйымдастырып тұруын сұрады. Ал орталық мамандары: «Мемлекеттік жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру бағытында қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайту, ауданымыздың өнегелі отбасыларын көпшілікке үлгі ету, отбасы мен неке мәселелері бойынша ағартушылық жұмыстарын бұдан кейін де жалғастыра береміз. Бастысы, бізбен бірге болып, барлық бастамаларымызға қолдау білдіріп отырсаңыздар болғаны. Отбасы күні құтты болсын!», – деп жауап берді.
Сартай БАЙЖАН
19 мамыр 2020 ж. 2 422 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930