Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин күнделігінен

Карантин күнделігінен

Өзбек елінің Денсаулық сақтау министрі ғалымдар жиналған жиналыста сөз сөйледі. «Орта Азия мемлекеттеріне коронавирус індеті жаппай тарай алмайды. Өйткені бізде жұқпалы микробтарды жұтып алатын қасиетті адыраспан деген өсімдік өседі» деді. Осы сөзді интернет желісінен оқи отырып, жарықтың әжемнің есіме түскені.
Біздің Сарыбұлақ ауылы Қазалы ауданындағы өзбек елімен шектесетін қалың Қызылқұмның ішінде, Қуандария өзенінің бойында орналасқан. Бала кезімізде жаздың ыстық күндері кеш батқанша Қуаңға шомылып, үйге қайтарда, табанымыз күймес үшін, өзенге жақын қаптап өскен адыраспандарды жұлып-жұлып алып, тәпішкі сияқты аяғымызға байлап, үйге қарай аяңдайтынбыз. Үйге жеткеніміз бар болсын, әжеміз бізді жерден алып, жерге салатын. «Қасиетті адыраспанды жұлып, аяқ асты еткендері несі, кепиетіне ұшырайсыңдар,әкеліңдер бері» деп бар адыраспанды жинап алып, үпілеп-сүпілеп, киіз үйдің ішіндегі босағаға, кереге бастарына іле бастайтын. Адыраспанды іліп жүріп айтатын сөздері құлағымда қалыпты. «Ассалаумағалейкүм, Адыраспан, атыңды қойған сені Омар, Оспан. Пайғамбарлық қасиетің көп еді ғой, кешіре гөр, пендешелік ісімізді асып-тасқан».
Иә, өзбек акам да әжесінің баласы болып өскен шығар. Айтпақшы, «адыраспаны бар елді ауру алмайды» дегенді де әжем айтушы еді. Көрші үйдің кемпірі Ақжан әжей де осы адыраспанның қасиетін жақсы білетін. Үлкенді-кішіні Қуаң бойындағы адыраспан, жусан, тобылғы, жантақ, жабайы жоңышқа, жуа және құм ішінде өсетін басқа да өсімдік-шөптермен емдейтін емшілігі де, бақсылығы да бар еді. Әжем де, анам да қураған адыраспанды түтіндетіп, үй ішін пәле-жәледен аластап жататын.
Мұның бәрі бекер емес шығар. «Қасиетті адыраспан, атыңнан айналайын, ақұдай, қазақ елін жаман індеттен құтқара гөр!».
***
Съезд, Партия, Марс, Энгельс, Коммунар, Максим, Венера, Индира деп ат қойған қазақтар енді балаларына Карантин деп ат қоймаса болғаны.
***
«Ауылда неге бала көп деген сұраққа, өйткені ауылда свет жоқ» деп әзілдейтін інілерімнің, енді «ауылда неге бала көп, өйткені ауылымызда карантин» деп әзілдейтін күні туып, алдымыздан тек жақсы қуаныш, жағымды жаңалық шықса ғой деп тілеймін.
***
Адам өзі жасады ма ажалын,
Әлде сайқал саясаттың құралы.
Жеті басты айдаһардай түшкіріп,
Жалмауыздай жалмаң қағып барады.
Бір күнде бар әлемді шошытып, бір айдан бері обадай тиіп жатқан індет барған сайын індетіп барады. Ақырзаман келді дейді біреулер. «Жағың қарысқыр» дейін десең, індеттің шынында да сұрқы жаман. Айдаһарды дәріптейтін аспан асты елінен шыққан жеті басты айдаһардың түшкірі тұшпараның уы сияқты.
Ертегімен өскен елміз ғой. Ертегілерімізде жеті басты айдаһардың басын шауып тастап, еліне тыныштық, бақ-береке сыйлайтын баһадүрлеріміз болушы еді еді ғой. Қазіргі вирустың басын шабар батырларымыз да асығып, аттандап келе жатқан шығар...
***
Тарихқа қарап отырсақ халық басына туған қиын күндер аз емес екен. Оба, қызылша, тырысқақ, инфекция, вирусты гепатиттер, кене энцефалиті, өкпе, тыныс жолдар аурулары сияқты эпидемияға ұшыратқан кездер болған. Әсіресе, оба ауруы халыққа көп зардабын тигізген. Жер жүзіне қауіп төндірген осы оба эпидемиясының бетін қайтарған Кеңес елінің дәрігерлері екенін біреу білсе де, біреу білмейді. Солардың ішінде Саратов қаласынан шыққан вирусолог-дәрігер Абрам Львович Берлиннің өмірі жайлы аңызға бергісіз әңгіме бар.
Моңғолиядан оба ауруы шығып, Кеңес еліне қарасты республикалардың да аумағына жаман індеттің таралу қаупі күшейген тұста Абрам Львовичті Мәскеу басшылары Шыңғысханның еліне іс-сапарға аттандырады. Қасына Любовь Сергеевна Соболева деген мықты оба дәрігерін әріптес етіп алған Берлин көп жұмыс атқарады. Індеттің жаппай таралып кетуіне жол бермейді. Дегенмен қашан да жоғарыға есеп беруге асығып тұратын басшылар Берлинді Мәскеу қаласына Денсаулық сақтау халық комиссариатының жиналысына баяндама жасауға шақырады. Жиналысқа дейін бұрын обаға қарсы екпе дәрінің нақты нәтижесін анықтап келуді тапсырады. Сөйтіп Мәскеуге бару үшін дәрігер жолға шығады. Ол Мәскеуге келіпжеткен соң, «Метрополь» қонақ үйіне орналасады. Жиынға құнттай болып бару үшін қонақ үйдің қасындағы шаштаразға шашын алдырады. Сол күні қонақ үйге қонып, ертесіне таңертеңгі асын ішкеннен кейін жиналысқа барады. Сөз кезегі келгенде оба ауруы жайлы өзінің баяндамасын жасайды. Жұрт ұйып тыңдайды. Вирусолог маманның қорытындысына жиналғандар риза болады. Өзі де көтеріңкі көңілмен жиналысқа келген әріптестерімен бірге түскі тамақ ішеді. Кешке таман номеріне қайтып келген кезде, дене қызуы кенеттен қатты көтеріліп, төсекке құлайды. Жедел жәрдем шақыруға шамасы да келмейді. Ес-түссіз жатқан ол таң алдында қайтыс болады. Осы уақытта оның шашын алған шаштараз да о дүниелік болып кеткен еді.
Иә, Улан-Батор қаласында обаға қарсы бірінші станцияны ашқан осы білікті дәрігер Берлин. Оның көрген-білгені көп болатын. Ол Тибет еліне барып-келген бір сапарынан кейін «Қазіргі Моңғолия» журналына тибеттік емшілердің шөп-шалам қайнатпаларының обаға қарсы пайдасы жоғы, індетті тоқтату үшін жаңа екпелер пен заманауи дәрі-дәрмектер қажеттігі туралы мақала жазған болатын. Жаңа екпе дәрісін ойлап шығарып, оны сынап көргендерін көпшілік назарына ұсынған.
Дәрігер Берлиннің кенеттен қайтыс болуы сол кездегі оның әріптестерін біраз дүрбелеңге салды. Бірі оны обаға қарсы екпе сынағынан қайтты десе, екіншісі ол карантин талабын сақтамады, қорғаныс киімдерін дұрыс қолданбады деп болжам айтып жатты. Қалай болғанда да танымал вирусологтың жолын, індетті тоқтатуды жалғастыру қажет еді. Осы бір аса қауіпті, жанкешті істі аяқтауды Берлиннің әріптесі Соболева қолға алады. Ол 1945 жылғы карантин туралы күнделігінде былай деп жазады: «Тау етегіндегі малшы Бабудың отбасы жайлы жаман хабар келді. Айдалада киіз үйде тұратын малшының отбасы мүшелері түгелдей кенеттен жұқпалы дерттен қайтыс болып кетіпті. Оның себебін анықтау үшін біз асығыс жолға аттандық. Екінші тәулік дегенде жапандағы жалғыз үйге жақындадық.Киіз үйден ешкім сыртқа шықпады. Үйге бас сұққанымыз сол еді, сұмдық көрініске тап болдық. Отбасы мүшелері, оның ішінде кішкентай балалар да бар, түгелдей өліп жатыр. Обадан қайтқандары белгілі болды. Оларды жерлеуден бұрын бір жерге жинап, өртеу керектігін түсіндік.
Өмірімде осындай қорқынышты сұмдық көремін деп ешқашан ойлаған жоқ едім, менің арманым, обаға қарсы күресетін дәрігер болу емес, балет биінің бишісі болу еді. Амал қанша. Мынадай жағдайдан кейін таңдаған мамандығыма өмірімнің соңына дейін адал болуға тырысамын деген шешімге келдім. Қандай өкінішті, мен бірнеше жанның өмірін құтқаруға үлгере алмай қалдым. Кешіріңдер, бейкүнә жандар. Енді менің қолымнан ешкім өлмейтін болады!».
Мәскеудегі Үлкен театрдың бишісі болуды армандаған Любовь Сергеевна өзі айтқандай бар өмірін оба ауруына арнады, антына адал болды. Екінші дүние жүзілік соғыс тұсында оба ауруынан көз жұмған дос-құрбысы Регинаны жер қойнына тапсырар кезде де, көз жасына ерік беріп тұрып, оба індетін жеңбей тынбаспын деп екінші рет ант берген Любовь Соболеваның мықты дәрігер болмауы мүмкін емес еді.
Ол жасынан дәрігер болсам деп армандаған болатын. Тұрмыс құрып, екі баланы дүниеге әкелген Соболева балаларын әуелі құдайға, сосын күйеуіне тапсырып, күн шығыстағы алыс елге, жапандағы далаға, Моңғолияға обамен күресуге аттанған оның ерлігі Кеңес елінің де, Моңғолияның да тарихына алтын әріптермен жазылды. Моңғолияның ең жоғары мәртебелі наградасы – Сухе-Батор орденімен марапатталды.
Осы вирусолог-дәрігер Соболева туралы оқығанда өзім туып-өскен Сарыбұлақ ауылында да кеңес уақыты кезінде обаға қарсы станцияның болғаны есіме түсті. Станция ауылдың шетінде, ал оның екі-үш қызметші дәрігері біздің үйге қарама-қарсы шағын үйде тұрды. Станция қызметкерлерінің бәрі орыс болатын. Суық тиіп ауырып қалған кезімізде Валя деген дәрігер-кемпір үйге келіп ем-домын жасап кететін. Бала болғасын бізге кемпір болып көрінген шығар, әйтпесе дәрігер-апамыздың сол кезде 50-60 жастың шамасында болғаны анық. Сол Валя дәрігер қазақы ауылда тұрған соң қазақшаны судай білетін. Біз мектеп бітірер жылы обаға қарсы станция да жабылды, көп ұзамай оның қызметкерлері облыс орталығына көшіп кетті.
Коронавируспен аянбай күресіп жатқан қазіргі ақ халатты абзал жандардың да жоғарыда сөз болған вирусолог дәрігерлердің жолдарын қуған, нағыз мамандар десек, шындықты айтқанымыз. Заман қанша өзгерсе де, өз ісіне шынайы берілген жайсаң жандардың халық денсаулығын қорғау
ісіндегі ерлік, өнегелік дәстүрлері жалғаса берері ақиқат. Ылайым, солай болғай!
***
Біздің бала кезімізде әке-шешелеріміз бір айлығын жұмсап, одақ пен республикамызда шығатын бірталай газет-журналдарды жаздырып алатын еді. Алыс аудандарға, ауылдарға ұшатын «АН-2» ұшақтарының негізгі қызметі баспасөз құралдары мен елге келетін пошталық сәлемдемелерді арнайы жеткізетінін қазір біреу білсе, біреу білмес. Мұның бәрі сол кездегі биліктің баспасөз бен идеологияға, бала, ұрпақ тәрбиесіне, оқу мен білімге зор мән бергендігінен. Әкелеріміздің газет-журналдарды қатты қадірлейтіні сонша, оқып болған соң оларды құнттап жинап қоятын. Малшылар да бар жаңалықты, әңгімелерді сол газет-журналдардан оқитын. Әр малшының етігінің қонышында жүретін «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс» журналдары, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінің, облыстық, аудандық газеттерінің қадірі жоғары еді. Әке-шешелеріміз бізді осы газет-журналдармен көзімізді ашты, ертеңгі болашаққа сендірді.
Қазір телефонға, смартфонға шұқшиып отырған балаларды аяймын. Компьютер орнына кітап, телефон орнына газет қарамаған балалардың ертеңі не болар екен?
Сәдуақас ЖҰБАТОВ
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
01 мамыр 2020 ж. 591 0

Ардагерлер ардақталды

10 мамыр 2025 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031