Тәртіп сақшыларына сенім мол

– Төтенше жағдайға байланысты құқық бұзушылық оқиғаларының алдын алу үшін неше полицей жұмылдырылды? Әскер қатарында болған жауынгерлердің саны қанша?
– Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінің 82 қызметкері блокбекеттерді күзетуге, төтенше жағдайға байланысты енгізілген сақтық шараларының сақталуын қадағалауды атқаруда. Өздеріңізге белгілі, жақында ауданда Covid-19 инфекциясын жұқтырған күдіктілер тоқтатылып, жедел қолға алынған шаралар арқасында салдарын болдырмауға күш салдық. Бұл полицейлердің өз міндеттерін адал, ұқыпты атқарып жүргенін көрсетеді.
Бұдан бөлек аудандық Қорғаныс бөлімінен 24 әскери міндетті ортақ іске тартылды. Олар блокбекеттерге және учаскелік полиция инспекторларына қосымша күш ретінде бекітілген.
– Бекетті айналып өтпек болғандар көп пе? Астыртын жол іздегендер қалай жазаланады?
– Елдегі жағдайға байланысты өңірдегі, оның ішінде қала, аудан аумағына кіріп-шығуға тыйым салынғаны белгілі. Бірақ бұған құлақ асқысы келмейтіндер кездеседі. Мәселен, блок- бекетті айналып өтпек болған 8 азамат әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылды. Оның бесеуі әкімшілік қамаққа алынып, қалған 3 адамға айыппұл салынды.
– Карантинде тәртіпке бағынбай, көше кезген қазалылықтар бар ма?
– Полиция бөлімі тарапынан адам көп шоғырланатын орындарға хабарлама тарататын құрылғылар қойылып, дыбыс күшейткіш арқылы ескертпе жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Соған қарамастан соңғы мәліметтерге сәйкес аудан бойынша 89 құқық бұзушылық оқиғасы анықталды. Оның екеуі Арал ауданының азаматтары. Әртүрлі себептер бойынша 30-ы қамауға алынды. Тағы 26 азамат айыппұл төлейтін болады. 21 тұрғынға ескерту жасалып, 20 құқық бұзушының ісі аудандық сотқа жолданды. Әрине тұрғындардың сақтық шараларына бейжай қарауы көңілге кірбің ұялатады.
– Осы кезде үйде отырудан жалығып, кейбіреулердің табиғат аясына, балық аулаға барып жүргені жасырын емес. Бұл дұрыс па?
– Жұқпалы вирустың қаншалықты қауіпті екенін әлі де болса сезінбей жүргендер бар. Табиғат аясына шыққандар да карантин ережесін бұзғандармен қатар жазаланады. Біз бұндай себеппен қауіпсіздік шараларын сақтамаған 4 азаматты анықтадық. Оның біреуі аудандық сот шешімімен әкімшілік қамаққа алынды. Қалған 3 тұрғынға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Коронавирус індеті өршіп тұрған шақта тұрғындардан табиғат аясына жоспарланған демалысты кейінге қалдыруларын сұраймыз.
– Блок бекетте жұқпалы індетке шалдыққан науқас ұсталып, онда полиция қызметкерлері болғанын білеміз. Қазір тәртіп сақшыларының жағдайы қалай?
– Иә, екі апта бұрын блокбекеттен өтпек болған азаматтың вирус жұқтырғаны анықталды. Осыған орай сонда кезекшілік атқарған 8 полицей аудандық жұқпалы аурулар бөлімінің арнайы жабдықталған карантиндік стационарына жеткізілді. Олардың барлығынан бірнеше рет тест сынамалары алынып, теріс нәтиже көрсетті. Қазір жағдайлары жақсы.
– Төтенше жағдай жол-көлік оқиғаларына қалай әсер етуде?
– Соңғы бірнеше айдағы қылмыс жасау және жол-көлік оқиғалары өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда біршама кемігенін байқап отырмыз. Бұл көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілерге қойылған шектеулердің нәтижесі болар.
– Карантин уақытында тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
– Елде енгізілген жаңа ережелерге байланысты төтенше жағдай кезінде тұрғындарды үйден шықпауға, рұқсаты жоқ көлікке мінбеуге, қоғамдық орындарда, саябақ, ойын алаңдары мен өзге де демалыс орындарында себепсіз жүрмеуге шақырамыз. Полиция бөлімі тарапынан жүйелі патрульдеу жұмыстары жүргізілетінін ескертеміз.
– Қарбалас кезеңде уақыт бөліп, нақты ақпар бергеніңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ