Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалы атауы қайдан шыққан?

Қазалы атауы қайдан шыққан?

Тамыры – терең, тарихы – кенен Қазалыда туып-өскен әрбір адам туған жерін жұмақтай көріп, қайда жүрсе де ұмытпай, аңсап, сағынады, мақтаныш тұтады. Сондай кезде «Қазалы атауы қайдан шыққан?» деген сауалдың көкейге оралары әбден мүмкін.
Осы уақытқа дейін бұл туралы түрлі болжам бар. Аңызға айналған деректерді бажайласақ, ертеде дәрия тасып, қанасынан асып, арнасы толып, шалқыған көлдер пайда болғанда су беті аққу ұшып, қаз қонған қиқулаған құстар мекеніне айналған. Содан оны «Қаз елі» деп кеткен деседі. Бір кездерде дау-дамай, ел арасындағы түрлі шиеленіскен келіспеушіліктерді пендешілікке салынбай шешіп, әділдігімен халықтың көңілінен шыққан, құрметке бөленген сөзіне ісі сай адамды «қазы» атаған. Осындай бір адамға да байланыстырады. Көпшілігі өткен ата-бабалар айтып, бізге жеткен тарихи оқиғаларды талдап, аймақ тұрғындарының балық аулау кәсібін тілге тиек етеді. Балықшылар дәрияның ыңғайлы, қолайлы жерін таңдап, қайырға тоқыған қамыспен қоршаулап, соған түскен балықты арнайы жасалған құралмен сүзіп алған. Мұны қаза басу деген. Міне, осындай қаз түбірлі сөздер ауызекі айтыла келе «Қазалы» аталып кеткен екен дейді. 2015 жылы баспадан шыққан «Қазалы ауданы энциклопедиясында» осы соңғы болжамға сайып, Қазалы қаласының негізін 1853 жылдан бастаған. Бүгінгі күні Қазалы жеріне келушілерге оның қайдан шыққандығы туралы тарихы осылай ­таныстырылып жүр.
Бірде исі қазаққа аты мәшһүр ақын Бәкір Тәжібаев Қазалыға сапарлап келгенде осындай деректерден ой түйіп:
Қарасақал Ерімбет жырдың селі,
Қорқыт баба айтулы күйдің кені.
Розадай жезтаңдай әнші берген,
Қасиетті Қазалы сүйдім сені.
Айыр көмей Әйтеке шешен өскен,
Жауға жасын Жанқожа бекем өскен.
Ел аңыз ғып тербеткен Ғаниды да,
Қазалы ғой ақ бесік мекендескен.
Бұл Қазалы құт-қойнау тұрақ екен,
Көңіліңді өзіңе бұрады екен.
Білмей жүрсем, көзіме ілмей жүрсем,
«Қаза» деген балықшы құралы екен, – деп «Қазалы» деген өлең жазып, қалдырады.
Алайда Қазалының осылай аталуына әлі күнге күмәнмен қараушылар да жетерлік.
Атап айтар болсақ, Қазалының абыз ақсақалы атанып, ғасырға жуық жасап дүниеден өткен, соғыс және еңбек ардагері, шежіреші, Қазалы ауданының құрметті азаматы Өмірзақ Ахметовтың тұжырымы біз айтып жүргендерден өзгешелеу, тың да көңілге қонымды көрінеді.
Марқұм шежіреші Өмірзақ Ахметов ескі әңгіменің құймақұлақ білгірі еді. Ол өмірінің соңына дейін қазақтың тарихын шежіремен байланыстырып, талдап, белгілі тұлғалары, атақты хандар, билер мен шешендерге қатысты тың деректерді тамсандыра айтып, насихаттап өтті. 1993 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында өткен Қазалы ауданы күніне барғандардың құрамында болып, қазақтың дара актеры, айтылған сөзге әзір жауапты сол мезетте дәл тауып, таңғалдыратын тілмәр шешені Асқар Тоқпановпен кездесіп, өзін таныстырған әңгімесіне куә болған бір топ зиялы қауымның көзінше:
– «Жүйрікке – томар» деген. Бұл кісі шын шежіреші де шешен екен. Шамасын байқатты, – дей келе. – Осы да жетер. Сені бастығыңнан сұрап алып, он күнге дейін жібермеймін, әңгімелесетін адам екенсің, – деп қолын ұсыныпты.
Өмірзақ аға Сыр бойының шежіресін Кеңестік кезеңде жазып, ешбір баспадан шығара алмады. Тәуелсіздікке жетіп, егемен ел атанғаннан кейін барып, жол ашылғандай болды.
Мен 1994-1995 жылдары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде:
– Өмеке аға, бұрын баспадан кітап шығарғандар шала байып қалатын еді, қазір ол заман кетті, бәрі өзгерді. Енді автор кітаптың бар шығынын қалтасынан төлеп, сатып алып, өзі таратады. Қолдағы өмір бойы көзмайыңызды тауысып жазған дүниелеріңіз кеуіліңізге келмесін қоржыныңызда қалып қойса, кейінгілер қадірін білмеуі мүмкін. Онан да жолын тауып шығартып, өзіңізге жүз данасын тегін алып берейін, басқасын әрі қарай баспадағылар өздері білер, – деп әрең көндірген едім.
Сол кезде ойымызды айтып, пікірлескен тарих ғылымының докторы, профессор Абылай Ханкерейұлы Айдосов пен қоғам қайраткері, елінің құрметті ардагер азаматы Ыдырыс Қалиұлының қолдаған көмегімен «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» атты кітабы алғаш рет баспадан шыққан болатын.
Өмірзақ ағамызбен көзі тірісінде оңаша сырласып, көп әңгімелестім. Ойындағысын жасырмай ашық айтатын, іні тұтатын. Бірде 2001 жылы баспадан шыққан «Көсемдік пен шешендік» атты кітабының алғашқы бетіне «Шамша ініме, сүйенер беліме. Қайырың тисін, Туған еліңе!» деген қолтаңба жазып, сыйлаған-ды. Мұнан соң Өмірзақ аға толықтырып «Қазақтың шежіресі» кітабын (2009 жыл) жазып қалдырды.
Осындай оңаша кездескенде қозғалған сыр-сұхбат желісінің бірінде Қазалы қаласының тарихына байланысты Өмекең былайша толғанған еді:
– «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан бұрын да, одан кейін де, Байұлының Алтын, Жаппас, Алаша рулары Сырдарияның төменгі екі бетін қоныстанып отырған. Байырғы қарақалпақтармен ауылдас-қоралас тұрған. Қазіргі Қазалы қаласының аумағында Алтынның Көзалы руы мекендеген. Шағын базары болған. Сауда-саттық кәсібі аз да болса қанат жайып дамыған. Құрылысы жүріп, қалашыққа айналған. Қалашық Көзалы руының орталығында болғандықтан, осы рудың атымен Көзалы қалашығы және базары деп аталды. Кейін базарға келушілер мен алушылар көбейіп, бірі «Көзалы», екіншісі «Қазалы» деп араластырып айтудың арқасында кейін Қазалы болып аталып кеткен. Орыстар қазақтың хандығын жойып, отырықшылық кентке айналдырды, әкімшілік билеу жүйесін жүргізді, қала салуды қолға алды. Қаланы Сырдың бойына салуды халықтың билігіне береді. Орыстың берген кеңшілігін пайдаланып, Қосай баласы Көбек би Петрборға барып, патшадан рұқсат алып, дарияның жағасына қала салуға елді жұмылдырады. Қаланың атын – «Қазалы» атайды. Сол қала қазіргі өзіміз өмір кешіп отырған осы Қазалы қаласы.
Көзалы қалашық болып тұрған шағында, бұнда Кіші жүздің айбарлы ханы Әбілқайыр бір-екі жыл отырып, Ырғыз жағына кетеді. Орнына үлкен баласы Нұралы хан болып қалады. Нұралы Алтынның төрт баласына хан сайланып қана қоймай, осы жерде тұрған байырғы қарақалпақтарға да ықпалын жүргізеді.
Кіші жүз жоңғардан табаны тайып, бермен қарай ауа көшіп босқанда, Байсары, Әлім, Шөмен тайпасы осы алқапқа келіп, орын тепкен соң Қарақалпақтар ішке қарай ығысады. Ал Алтын, Алаша, Жаппас рулары дарияны өрлеп, жоғары қарай көлбейді. Кеңейген осы жерге Қадырбайдың (Қаракесектің) үш баласы ие сайланып қалады.
Бірде Қармақшы ауданына қарасты Абыла станциясында тұратын Әмзе деген ақсақалмен (руы Алтынның Көзалысы) әңгімелескенде осыны дәлелдей түскендей болды. Әмзе ақсақал: «Сіздердің қазіргі отырған Қазалы қалаңыз біздің Көзалы менің руымның атымен аталған қала. Бұған күмән келтіретіндер болса олардың адасқаны. Себебі біз осы жерге келместен бұрын, Алтынның төрт баласының отырған жері, қонысы Қазалы аймағы еді. Төрт баланың өніктісі Көзалы болды. Көзалыны кейде Қазалы деп те атайтын едік. Өйткені Көзалы Қазалы бір-біріне ұқсас. Ортамыздағы шағын базарымызды руымыздың атымен Көзалы базары деп атадық. Кейін сіздер келгесін біздер осында келіп, ол жерді сіздерге, Әлімдерге беріп кеттік. Онда орнығып алған сіздер қала салдыңыздар, атын біздің руымыздың атымен атадыңыздар, «Қазалы» қойдыңыздар. Осылайша Қазалы қаласының тарихы әріде жатыр» деп сөзін аяқтаған.
Маған осы қалай деген ой келіп, шежіре-тарихқа арналған бірсыпыра кітаптарды ақтарып, қарасам, Кіші жүзде Байұлының Алтын-Жаппас руында Қадырқожа атамыздың тоқалы Алтыннан (бірде үш, енді бірінде төрт бала) туғандар – Қасқұл, Жапалақ, Көзалы (Қазалы, Көзала), Шұңқыр (Шүңгіт) туған деп ап-анық жазылыпты.
Бүгінгі таңда «тыңдаушысы болмаса, сөз жетім» дегендей, мақұл сөзге тұрып, тауып сөйлейтіндерден гөрі әрбір жағдайдың байыбына бармай, қауып сөйлейтіндер көбейіп, көсемсігендер сөздің берекесін, қадірін кетіріп барады. «Шежіре неге керек? Руға бөлінбейік» деушілер бар. Бұл кезінде Ресей патшалығымен Кеңес үкіметінің қазақты әлсіретіп, бірте-бірте жерін басып алуды көксеп, ұлт намысы үшін күрескендерді қуғын-сүргінге ұшыратып, тіліміз бен ділімізден, дінімізден бездірген қазақты мәңгүрттендіру саясатының ықпалынан әлі арыла алмай жүрген шолақ ойлылар болса керек. Бұған бір жақты қарауға болмайды.
Меніңше, шежіре – ата-бабалардан бізге ауызша жеткен қазақтың қысқаша тарихы, ру – ауызбіршіліктің бастауы болған. Кең байтақ, ұланғайыр даланы көшіп жүріп, өмір сүрген қазақ қоныс тепкен аймағына, күнкөріс малына өріс-жайылымының жайына қарай топтасқан. Қанша руға бөлінсе де бірін-бірі жатсынбай, қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құда-құдағи, жүз жылдық күйеу, нағашылы-жиенді, бөле-жекжат болып қатысып, арын арлап, жырын жырлап жанашыр болған. Жан-жақтан анталаған ата жауларына қан майданда қазақтың намысы үшін бірігіп, толарсақтан қан кешіп, қасиетті жерін қорғаған.
Сондықтан қазіргідей рухани жаңғыру кезеңінде терең тарихымызды таразыға салып, әлі де түгендеп, өлгенімізді тірілтіп, жоғалтқанымызды іздеп, ана тілімізді, ата бабамыз жанкештілікпен өмір бойы қорғап, мұраға қалдырған жерімізді көздің қарашығындай сақтауға, жас ұрпағымызды осыған тәрбиелеуді мақсат тұтқан шақта «Қазалы» атауы қайдан шыққандығын тағы бір безбендеп, ой елегінен өткізіп, тың тарихи деректерді жаңаша көзбен қарап көрсек қалай болар екен?
Шындығында Қазалы қаласының аты осыдан бірнеше ғасыр бұрын Кіші жүздің белгілі бір руының атымен аталған деп айту, балықшылар қаза салып, соған сәйкес аталды дегеннен гөрі көңілге қоныңқырап, келіңкірейтін сияқты емес пе?!
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
25 сәуір 2020 ж. 1 598 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 74

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930