Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Астың беті ашық қалмасын...

Астың беті ашық қалмасын...

Бала күнімізде анамыз түнде дастарқанның бетін ашық тастамауды үнемі қатаң ескертетін. Оның үстіне жатар уақытта ыдыс-аяқтың жуылуына аса көңіл бөлетін. Неліктен? Себебі қазақ халқы түнгі мезгілде ішіп-жемді бүркемелеп қоюды ертеден үрдіске айналдырған. Бұл туралы ел аузында сақталған мынадай бір аңыз бар.
Ертеде бір кейуана болыпты. Ол аяғы ауыр әйелдердің босануына жәрдемдеседі екен. Оған қоса әйел адамдар «бұл кісінің қолы жеңіл» деп мақтап, оның алдына жиі келіп тұратын көрінеді.
Бір күні түн ортасында кемпірдің есігін біреу қағады. Есікті ашса, ешкім жоқ. Кейуана «қағыс естіген болармын» деген оймен төсегіне қайта келіп жатады. Бірақ оқиға дәл осылай екі рет қайталанады. Үшінші ретте есік алдында тұрған ақбоз атты кісіні көреді. Түр-тұрпаты бөлек, өзгеше екен. Жақын маңайдың кісілеріне ұқсамайды.
– Бір жас келініміз босана алмай жатыр, соған жәрдем берсеңіз, – дейді ол. Кемпір келісе кетіп, түн жарымда жолға шығады. Кенет серіктесі:
– Апа, көзіңізді тарс жұмыңыз, біз белгі бергенде ғана ашасыз. Әйтпесе майып боласыз, – дейді. Қарт ана көзін қатты жұмып алады. Жолда салдырлаған, гүрсілдеген оқыс дыбыстар шығып, зәресі ұшады. Бір жерге жеткенде:
– Көзіңізді ашыңыз, – деген дауыс естіледі де, көзін ашса бір үйге келіпті. Төрде жас келіншек босана алмай қиналып жатыр екен. Кемпір оны аман-есен босандырып алады. Нәрестенің кіндігін кескеннен кейін:
– Баланы шомылдыратын су әкеліңдер, – дейді. Өзін ертіп әкелген кісі «қазір» деп ақырын кері бұрылып, біраз уақытқа дейін көзден ғайып болады. Сәлден соң су емес бір шара сүт әкеліп береді. Кейуана түсінбей таңқалады. Артынша баланы шомылдырып жатса, шара көршісінің сүт құятын ыдысына ұқсайды екен. Кемпір секем алып, айналасындағыларға білдірмей сақинасын сүтке салып жібереді. Барлығы біткен соң олар шақалақты шомылдырған сүт пен тостақты қайтадан алып кетеді. Үй иелері келіншекті босандырған оған мол сый-сияпат беріп, үйіне әкеліп тастайды. Кемпір таң атқанша көз іле алмай, болған жайтты қайта-қайта есіне ала береді.
Ертесіне түндегі шараны тексеру үшін көрші үйге барады. Үй ішіне кіргенде таныс ыдыс көзіне оттай басылып, шошып кетеді. Жақындап барып қараса ішінде сүт тұр екен. Сүтті сүзіп, сақинасын тауып алады. Сонда ғана түндегі бейтаныс кісілердің жын-пері екенін түсінеді. Көршісіне болған жайды баяндап, сүтке жын баласының шомылғанын айтып, сүтті адам аяғы баспайтын жерге төктіреді.
Көрші үйдің келіні бұрыннан салақ еді. Ырым-тыйым талаптарына жеңіл қарайтын. Майлықтары мен жаулықтары айлап-апталап жуылмайтын. Кешкі астан соң ыдыс-аяғын жууға ерініп жата салатын. Үйдегі ас-ауқаттың бетін бүркеп жатуды ескере бермейтін. Сол күні түнде сүттің бетін жаппастан жатып қалыпты. Сосын оның ашық-шашық жатқан ыдыстарын жын-жыбырлар жалап кеткен. Соның салдарынан үйінің берекесі қашып, отағасы еселеп мал тапса да, бақуатты өмір сүруге жетпеген көрінеді.
Осыған байланысты қазірге дейін ел ішінде түнге қарай сүт пен суды, ас-ауқатты ашық тастамау, ыдыс-аяқты жуып жату сияқты ғұрып әлі күнге мәнін жоғалтпай келеді.
Дайындаған Абзал ЖОЛТЕРЕК
21 сәуір 2020 ж. 1 181 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930