Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам жанына дауа іздеген жандар

Адам жанына дауа іздеген жандар

Адам жанына араша азаматтар қай уақытта да құрметке лайық екеніне ешкім де таласа қоймас. Бірінші байлық – денсаулық саналғасын бұлай болуы заңды. Әсіресе сырқатына дауа іздегендердің жан дүниесіне үңіліп, жылы сөздерін айтып, рухани күш-жігерді қоса дарытатын дәрігерлер мерейі биік. Аудандағы ақ халаттылардың арқалаған біліктілігі және келушілермен қарым-қатынасы күн өткен сайын жақсарып келеді. Ана мен бала өлімінің ең төменгі көрсеткішті көрсетуіне осындағы медицина саласы мамандарының әрбірінің қосқан үлесі мол. Осындай жұрт мақтайтын ұжым қатарында Жетес би ауылдық емханасы аталады.

Бұл емханаға 10 аймақтық учаске қарайды. Осы аумақ тұрғындарының денсаулық жағдайын қадағалауды үйлестіріп, ауруханаға дейінгі тексерісті жүзеге асыратын 90 қызметкер бар. Оның 14-і дәрігер. Әр учаскелік топ құрамы дәрігер мен үш медбикеден тұрады. Сонымен қатар емхананың бұрынғы ғимаратында күндізгі стационарлық қабылдау ұйымдастырылған. Мұнда да арнайы тағайындалған дәрігер мен мейіркеш жұмыс істейді. Лабораториялық зерттеулер сонда жасалады. Осыдан бірнеше ай бұрын мекеме баспананың жағдайы сын көтермеуіне және емделушілер санының өсуіне байланыс­ты жетесбиліктер уақытша кент әкімдігі жанында орналасқан жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Жақында мекеме басшылығы жаңадан бой көтеретін емхананың құрылыс жобасын бекітті. Дәрігерлер алдағы уақытта ауданаралық аурухана жанынан тұрғызылатын жаңа ғимаратқа көшетіндерін айтып отыр.

– Емхананың негізгі міндеті науқастарды ауруханаға жатуға жеткізбей емдеу болып табылады. Көмек сұрап келген жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тексеру қорытындысын шығарамыз. Бұдан бөлек мұндағы қызметкерлер түс мезгіліне дейін науқастарды қабылдаса, түс ауа өз учаскелеріндегі тексерілген, емделген азаматтардың үйлерін аралайды. Олардың емханадан кейінгі жағдайларын біліп, сәйкесінше медициналық кеңес береді, – дейді Жетес би ауылдық емханасының бөлім меңгерушісі міндетін атқарушы Мерей Жанғабылов.

Мекеме басшысы сонымен қатар қазіргі таңдағы белең алып бара жатқан аурулар туралы айтты. Оның сөзіне сенсек, жүрек-қан тамырлары ауруымен емханаға қаралатындар саны артқан. Оған шалынатындардың басым бөлігін ересектер құрайды. Ал кішкене балалар көбіне тыныс алу жолдарындағы ауырсынуға байланысты бас сұғатын көрінеді. Сондай-ақ бүлдіршіндер жаздыгүні жедел ішек инфекциясымен көбірек ұшырасады. Қазіргі таңда күннің салқын мезгілінде пайда болатын ауруларға қарсы алдын ала екпе жұмыстарына дайындық жүргізілуде.

Биыл жоғарғы санатты, денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек еткен бірнеше дәрігер зейнет демалысына шыққан. Қазіргі таңда емхана ұжымының басым бөлігін жас дәрігерлер құрайды. Жан-жақты білім алып, ауылдан қызмет бастауға келгендердің бірі Перизат Қуандық. Оңтүстік Қазақстан медициналық колледжін фелдьшер мамандығы бойынша аяқтаған 25 жасар ару мекемеге 2017 жылы қабылданған.

– Мен балалар мейірбикесі болып жұмыс істеймін. Қызметімізге жүгініп келген балалардың дене қызуын өлшеп, дәрігердің қабылдауына жазу үшін медициналық картасын әзірлеймін. Сонымен қатар ол бала 1 жасқа толмаған болса, тұрғылықты мекен жайы бойынша күнара үйден денсаулығын бақылап тұрамын. Айына бір мәрте емханаға келіп, тексеруден өтуін бақылаймын. Белгіленген кесте бойынша ата-анаға баласының екпе алатын уақытын хабарлаймын.

Ақ халат киюді кішкентайымнан армандайтынмын. Бүгінде мақсатыма қол жеткізіп, жас өскіндер денсаулығын жақсартуға үлес қосып жүргеніме қуанамын. Келер жылы білімімді одан әрі тереңдету мақсатында жоғарғы оқу орнына құжаттар тапсыруды жоспарлап отырмын, – деді ол.

Айта кетейік, жоғарыда тілге тиек еткен бөлім меңгерушісі міндетін атқарып жүрген Мерей болса Түркістан қаласының тумасы. Қазақ түрік университетін бітірген соң “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша зайыбымен бірге осында жұмыс істеуге келген. Жақында Қазалыдан жас маман ретінде тұрғын үй иеленді. Әңгіме барысында ол ауданаралық аурухана басшылығының жас медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп отыратынын айтты. Жақсы жағдай болған жерде істің де талапқа сай жүргізілетінін жеткізді. Адам жанына дауа іздеген жандардың тындырымды тірліктері көңілден шықты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

11 қыркүйек 2019 ж. 1 648 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930