Алғысқа лайық дәрігер
Сарқыт Қожантаева қасиетті Қазалы топырағының тумасы. «Дәрігер болсам» деген үлкен үмітпен туған жерден Ақтөбе қаласына аттанған ару осы қаладағы медициналық институтта білім алды. Бұдан соң оториноларинголог мамандығы бойынша клиникалық ординатура, аспирантура, доктарантура бітірді. Қазір Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде оториноларингология кафедрасында оқытушы. Студенттерге, интерндерге, резиденттерге дәріс береді.
Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты ересектер және балалар оториноларинголог маманы Сарқыт Қожабергенқызы Әйтеке би кентіндегі бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы №421 мектепте білім алды. Әкесі Қожаберген Қожантаев ұзақ жылдар локоматив депосында слесарь болып еңбек етті. Ал анасы Хадиша Темірбаева үй шаруасын атқарып, балалардың тәрбиесімен айналысты. Көп балалы отбасында өмірге келген Сарқыт Қожабергенқызын бала күнінен ақ халат киіп, дертіне шипа іздеген жанның жанына жалау болып жүретін дәрігерлер жұмысы қатты қызықтыратын. Бала қиялын аяқсыз қалдырмай, Ақтөбе қаласына медициналық мамандықты меңгеруге аттанарда отбасы түгел қолдап, зор сеніммен жолға шығарып салған еді. Міне, ата-ана сенімі ақталып, бойжеткен арманы жүзеге асты.
Қазалылық Әбдіраман Қалиевпен бас құрап, өмірге ұл-қыз әкелді. Жолдасы Әбдіраман Рсалыұлы да дәрігер. Ол патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі. Қызы Жұлдыз ағылшын тілі маманы. Қазір Малазияда Psh докторантурада білім алуды. Ұлы Абылайхан 6 сыныпты тәмамадады, оқу озаты.
Кіндік қаны тамған топырақ – Қазалы жерін қасиет тұтқан ерлі-зайыпты дәрігерлер туған жерге жылда келіп тұруды әдетке айналдырған. Биылғы жылы да солай болды. Алайда бұл сапардың жөні бөлек. Өйткені Сарқыт Қожабергенқызы жолдасы Әбдіраман Рсалыұлымен ақылдаса келе, ізгілікті істі бастады. Жазғы еңбек демалысын тиімді пайдалануды мұрат еткен дәрігер туған жерде тегін ем-дом қызметін көрсетуді ойлады. Сөйтіп ауданның бас дәрігерімен келісе отырып, аудандық емханада екі апта бойы тұрғындарды тегін қабылдап, дәрігерлік кеңесімен қатар емдік шаралар жүргізді.
Сарқыт Қожантаева балалар және ересектерге соңғы инновациялық технологияларды қолдана отырып, мұрын және тамаққа эндоскопиялық операция және құлаққа микрохирургиялық операциялар жасайды. Сонымен қатар консервативті және хирургиялық емдеу жүргізеді.
– Менің туған жерге келудегі мақсатым – жерлестеріме қолымнан келген азды-көпті көмегімді көрсету. Екі апта бойы аудандық емханада болып, келушілерді қабылдадым. Жүзден аса тұрғынға консультация беріп, қандай дәрі-дәрмек қолдану керектігі туралы айттым. Бұл ісім арқылы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жерге тағзым» бағдарламасына үлес қоссам деймін. Жыл сайын осы мақсатпен ауданға келуді жоспарлап отырмын. Келесі жолы мүмкіндік туса, қажетті деген өзге де дәрігер-мамандарды ерте келу ойымда бар, – дейді ол.
Бізбен әңгіме барысында Сарқыт Қожабергенқызы қазіргі таңда аллергиялық аурулардың көптігін атап өтті. «Адамдардың басым көпшілігі аллергиялық аурулармен ауырады. Әрқайсысына диагнозына қарай дәрі-дәрмектер тағайындадым. Бұндай кісілерге сулы жерге жиі барып демалуға кеңес беремін», – дейді ол.
Сондай-ақ, отоларинголог маман аудандық ауруханада микрохирургиялық операция жасайтын құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін де тілге тиек етті. «Ауруханада қажетті аппараттар жоқ. Келесі жолы өзімнің құралдарымды ала келемін. Мен қолымнан келгенше халықтың денсаулығын түзетуге күш саламын. «Туған жердің түтіні де ыстық» демей ме? Әрбір қазалылық менің жаныма жақын. Туған жерге тағзым ету әр адамның азаматтық парызы деп білемін» – деген дәрігерге тұрғындар да дән риза.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА